Бәрінен бұрын, әйелдер бәріміздің жаратылысымыздың қажеттілігі ретінде құлшылық пен тақуалыққа көңіл бөлулері қажет. Бұл тұрғыда намаз бен ораза сияқты ғибадаттарға көңіл бөлумен қатар, халал мен харамға мұқият назар аударулары қажет.
Жанұядағы әйелдің тақуалығы мен туралығы жұбайы мен балаларын, туыстарын, ақыры, көршілерін жақсылық пен қайырымдылыққа баулитындай болуы керек. Салихалы әйел айналасына шаттық тарататын жәннат иісті гүлдей. Әйелдер үшін Аллаға құлшылықтан кейінгі ең маңызды міндет – отағасы мен жанұя мүшелерінің көңілін тауып жүру. Күйеулерін разы қылып, жанұя бақытына көлеңке түсірмей алып жүру әйелдерге Алланың разылығын әпереді. Бұл жайында Пайғамбарымыз: «Салихалы әйел жүзіне қараған кезде жұбайын қуантады, күйеуінің адал қалауларын орындайды және ол болмаған кезде оның малы мен намысын қорғап отырады» (Ибн Мәжә, Неке, 5/1857), деген.
Олай болса, әйел жұбайын разы қылу жолдарын іздеп табуға, оның көңілін аулауға асығуы керек. Осы тақырыпты тағы біраз аша түссеңіз. Әйел заты үйінде қандай нәрселерге мұқият болғаны абзал? Үйдің ішінде өзіне жақсы қарап, таза да сүйкімді болып жүруге тырысуы керек. Кез-келген еркектің көзінде әйелдің салақ, қалай болса солай жүруі оның абыройының түсіп кетуі үшін жеткілікті. Әйел күйеуінің қасында жағымсыз кейіп танытудан аулақ болғаны жөн. Үйінде іздегенін таба алмаған адамның көңілі сыртқа ауып, қате жолдарға түсіп, түбінде жанұясының бақытын қатерге тігуі мүмкін. Сондықтан әйел терілген әртүрлі хош иісті гүл шоғындай жайнап, жұбайына бақыт пен көңіл-күй сыйлап жүруі керек. Күйеуі кештің батуын асыға күтіп, жұмыстан үйіне жеткенше, асығатындай болуы керек. Салихалы әйелге жарасатыны – күйеуін есіктен күлімдеп қарсы алып, үйден шығарда жақсы сөзбен, ізгі дұғалармен шығарып салу. Ол шаршап тұрған күнде де мұнысын білдірмей, бетін тыржитып тұрмауға тырысқаны жөн.
Күйеуінің туындаған мәселелерін бөлісіп, шаршауын басуына қолынан келгенше көмектескені дұрыс. Шектен тыс, қажетті-қажетсіз шағымданулар мен түкке тұрғысыз нәрселерге ренжіп, тырысып, құрысумен бір-бірінің көңілін түсіріп, берекесін қашырмаулары керек.
Бұл тұрғыда ардақты сахабалардың бірі Үммү Сүләйімнің күйеуіне көрсеткен мәмілесі қандай үлгілі!
Баласы қайтыс болған кезде бұл оны күйеуіне қызмет етуден бөгемеген болатын. Әбу Талханың ауыр науқас ұлы өзі үйде жоқ кезде қайтыс болады. Үммү Сүләйім баласы қайтыс болғаннан кейін оны жуындырып, кепендейді. Әбу Талха келгенде: «– Бала қалай?» деп сұрады. Үммү Сүләйім:
«– Баланың ауырғаны басылды, тыныш дем алып жатқан болар» деді. Үммү Сүләйім үйдегілерге:
«Әбу Талхаға ұлының қайтыс болғанын мен өзім айтқанша, айтып қоймаңдар!» деп, қатал ескертті. Сосын күйеуінің тамағын алып келді. Әдеміленіп, күйеуінің қасына келді.
Кешкісін жатып, тынықты. Таң атқан кезде Әбу Талха үйден шығуға әзірленіп жатқан кезде ақылды да тақуалы әйелі оған:
«– Әбу Талха, мына көршіміздің істегеніне қарашы, бізден уақытша алған аманатын сұраған кезімде қайтарып бергісі келмеді» деді.
Әбу Талха:
«– Сөйтуге бола ма, дұрыс істемеген екен!» деп жауап берді. Сонда Үммү Сүләйім:
«– Әбу Талха, ұлың сенің қасыңа Алла Тағала табыстап қалдырған аманаты еді, оны қайтарып алды», деп айта қойды. Әбу Талха бірден абдырап қалды, біраз үнсіз тұрды да, «Біз Аллаға тиесіліміз және Аллаға кері қайтамыз» деуге ғана шамасы келді. Намаз оқу үшін мешітке барған кезінде болған жағдайды Хазіреті Пайғамбарға айтып берді.
Алла Расулы: «Алла осы түндеріңді мүбәрак қылсын!» деп, дұға жасады. Сол дұғаның берекетімен арадан бір жыл өтпей-ақ, Алла бұл отбасыға тағы бір ұл бала сыйлады. Пайғамбарымыз сол жаңа туған балаға құрма шайнап беріп, дұғасы мен батасын берді. Балаға Абдулла деп ат қойды.
Тағы да сол дұғаның берекетімен Абдулланың 9 немесе 7 баласы болып, барлығы түгел Құран хафиздары болғандығы риуаят етіледі (Бұхари, Жәнәиз 42, Ақиқа 1; Мүслим, Әдеп 23; Фәдайлүс-сахаба 107).
материал «Дүниедегі Жәннат – тұғырлы отбасы» кітабынан алынды,
ummet.kz