Ер адамның бойындағы ең бірінші бағаланатын қасиеті – оның адамгершілігі мен мінезі.
Отбасындағы кейбір қателіктерге биіктен қарап, өткізе салатын, әр нәрсеге бір шүйлігіп қытымырлық танытпай, өз ісімен жүретін, әйел, бала-шағасын жақсылыққа үгіттеп, оларға кең болған еркек – әйеліне де сыйлы, еліне де абыройлы. Ер адам – ақылдың иесі болғандықтан, кешірімді, кең, жомарт, бір сөзді болса, ортаға мінезімен сыятын көңіл тапқыш, елгезек болса, өзгелердің де оған деген көңілі алабөтен болары анық.
Үй иесінің бойындағы бағалауға тұратын екінші қасиеті – бұл қолынан іс келетін ептілігі мен шаруақорлығы. Жұмысқа тиянақты, намысқой, өжет азамат өз отбасына да, Отанына да қорған бола алады. Мәселен, Бәйдібек бидің күйеу баласы Кішкене деген жігіт бастапқыда бидің үйіне жылқышы болып жалданған екен. Кейін малын жұттан аман алып қалғаны үшін көпті көрген би оған Қоңыр атты қызын беріп, алдына еншісі мен жасауын қосып шығарып салған деседі.
Демек, ер-азамат, ең алдымен, сөздің емес, істің адамы болса, өз отбасының арбасын өзі сүйрей алса, әйелінің де, елінің де алдында құрметті болары сөзсіз.
ummet.kz