27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Әйелдің даналығы еріне бағынғанда еселенеді

Әйелдің даналығы еріне бағынғанда еселенеді

Исламдағы отбасы
Жарнама

Кез келген әйелге бірден күйеуінің дегеніне үндемей көну, қарсы сөз айтпай, оның бұйрығын бұлжытпай орындау өте қиын. Сондықтан таңның атысынан күннің батысына дейін өзіңізді бақылаңыз. Күйеуіңізге күніне неше рет қарсы шықтыңыз? Қарсы шықпасаңыз да, өзіңіздікін жасайсыз, солай ма? Сұрап аласыз да, жауабы ұнамаған соң бәрін кері жасап шығасыз. Енді осы әдетіңізді өзгертуге тырысыңыз. Не істесеңіз де, майда-шүйде дегенге қарамастан күйеуіңізбен ақылдасып, рұқсат сұрап отырыңыз.  Және ақыл сұраған соң оның айтқанын орындаңыз.

Қарсылық пен қырсықтық деген автоматты түрде іске қосылатын дүние. Соларды жеңу үшін жағдайдытүйсікпен түсіне білу шарт. Жасап көріңіз. Өте пайдалы тәжірибе екеніне көзіңіз жетеді. Өзіңізге де ұнайтыны анық. Күйеуді тыңдамаған адам осындай сәтте өзінің де, ерінің де жеңілетінін байқар. Ері күш-қуатын текке сарп етеді. Әйелі оның дегенін түсінбейді, жүзеге асырмайды, қабылдай алмайды. Әйел бар күшін қарсы тұруға бағыттап алады. Содан қуаты сарқылады. Әйелінің құйма құлақтығы мен ерін тыңдауы, бағынуы еркек адамға жауапкершілікті өз мойнына алуға септеседі. Жауапкершілік ер кісіге қарым-қатынаста бас болуға мүмкіндік береді. Бұл өте маңызды. Жауапкершілік ер адамның ең тәуір қасиеттерінің ашылуына жол ашады. Әйелі де көп күш-қуатын үнемдейді. Оны қарсылыққа жұмсап, әуре болмайды.

Сәл мерзімнен соң әйел өзінің сабырлы бола бастағанын байқайды. Ері оның жағдайын сұрағыштап, пікіріне құлақ асып, қас-қабағын бағып, тілек-ниетін білгісі келіп, өзі де неше түрліні ұсынып, жаңа заттар сатып әперіп, ылғи әңгімелесіп, түрлі нәрсе ойлап тауып, назар салып, уақыт бөлгіш болып кетеді.

Егер әйелі сөз таластырғанды қойып, ерінің айтқанына көнгіш бола бастаса, ол да оны дереу байқамақ. Еркектер әйелдерінің көнгіштігінен бұрынғыдай таңдау жасап, шешім шығармайтынын бірінші байқайды екен. Өзінде басқа амал қалмаған соң ер адам өзі таңдау жасап, шешім шығаруды мойнына алады. Еркектің психологиясында егер ол үшін біреу шешім шығарып жатса, ол бұдан кейін шешім шығаруға ынтықпайды, басын қатырмайды екен. Артық күш-қуат жұмсап не керек деген ой жеңсік бермейді екен. Үйінде өзіне тым көп міндет жүктеп алатын әйелдердің көпшілігі ерлерінің міндетін тартып алып жүргенін көз алдыңызға елетете беріңіз. Сосын барып, күйеуімнің қолынан түк келмейді деп ренжиді. Әрбір еркек адам «ертең соғыс болса, мен тың болуым» керек деген психологиямен өмір сүреді. Сондықтан артық қуат жұмсауға тартынып тұрады. Әйел өзі істей алды ма, келесі жолы да істей берсін деген ойда болады.

Әйелдің негізгі міндеті – отбасы құру, бала туу, оны өсіру. Отбасының тату, ынтымақты болу-болмауы әйелгетікелей тәуелді. Әйел бағынып тұрмаса, еркектің төзімі тез таусылады. Төзіммен бірге күш-қуаты сарқылады. Әйел ерін бағаламаса, ол мақсатын айқындай алмайды. Әйелі ерін тыңдаса, бағынса, басын иіп отырса, ол отбасыдағы бала біткен ата-анасының тілін алғыш келеді.

Әйелдің адалдығы еріне қуат сыйлайды. Санадағы, жүректегі, тәндегі адалдық қатар жүреді. Бұларды бөлуге келмейді. Әйел еріне жан-тәнімен адал болса, ол оның өмірлік жан жолдасы бола алады. Әйел өз күйеуі туралы ешқашан ешкімге тіс жарып жамандамауы керек. Тіпті жаманат ойламауы да тиіс. Ері туралы жаман ой – өзі отырған бұтақты аралау деген сөз. Еріне тек жақсы мінездеме беріп, көзінше мақтауы тиіс. Жақсы іс-әрекетін байқап, соны ел алдында көрсетуі қажет. Өзі ерінің бойынан көргісі келген әр қасиеттің жұқанағын байқаса, соны тілге тиек етуі маңызды.

Әйел өзінің күйеуін сыйлап, шабыттандырып отырса, ерінің тек жақсы мінез-құлқын көруді, мақтауды үйренсе, ер адам отбасында шешім қабылдап, қоғамдағы істерге белсене атсалысатын болады.

Бағыну, тыңдау, сабырлы болу, мейірім сыйлау, отбасын гүлдендіру – әйелдің міндеті. Ер адам әйелінің сабырын бойына сіңіреді. Ер кісі қуаныш, іскерлік пен мақсатшылдық үшін жауапты. Үй ішінің ауа-райы әйелге тәуелді. Әйел сымбатты, күтулі, таза, сұлу болуы керек. Неше түрлі әшекей тағып жүргені абзал. Үйде де, түзде де жақсы киініп жүргені дұрыс. Әйелге ерінің көзінше өзін мақтауына болмайды. Әйел өзінің өзімшілдігін басқа әйелдердің көзінше көрсетсе де жеткілікті.

Шығыс даналығы бойынша әйел адамның үйден тыс жерде жұмыс істегені құпталмайды. Жұмыс істесе тек қызығушылық ретінде, аптасына бірнеше сағат қана бөлуі керек. Әйелдің жұмысы – отбасы. Күйеуі, балалары, үйі, туыстармен қарым-қатынасы. Егер ер адам әйелін дұрыс бағыттай алса, онда ол отағасының түзу жолға түсіп, табыскер болуына себепші болатын күшке айналады. Күйеуі әйелін сыйламаса, үйдің берекесі қашады. Бір отбасының бақытсыздығы әрдайым екеудің еншісінде. Егер әйел ерін сыйламаса, оны жеңістерге шабыттандырмаса, оның бойынан осалдық байқаса – оған сатқындық жасағаны.

Үйдегі әйелі қаншалықты сыйласа, түзде ер адамның абыройы соншалықты болмақ. Әйелдің ең басты қасиеті – жұмсақ дауысы. Әйел еріне қарағанда әлдеқайда иманды келуі керек. Үй – әйелдің қорғаны. Оның іші-сыртында болып жатқанды бақылау, қадағалау, күтіп ұстау, ұйымдастырып, ұйытқы болу – әйелдің міндеті. Ер адам үйдің тірлігін мақтаса ғана жасайды. Әйелдің міндеті – оны жасауға ынталандыру. Әйел үйде көп уақытын өткізеді. Сондықтан күш-қуатын үйден алады.

Егер ерінің мінезін өзгерткісі келетіндер бар болса, онда бұл туралы оған айтудың қажеті жоқ. Оны өзгертудің алдында әйел өзінің кемшілігін түзеп, өзін өзгертуді қолға алсын. Өзінің қуат-күшін ақылмен жұмсап үйренсе, бәрі өзгереді.

Әйел ұрыс-керіс шығаруға, шаршап қалуға, мазасыздануға қақылы. Еркектің міндеті – әйелдің табиғатын түсіну. Әйел өзінің тұрақсыз көңіл-күйін бақылауда ұстап үйренгені абзал. Төзімділік танытуы, сабырға жеңдіруі өте қажет. Ер адам – ұстазын, әйел – ерін тыңдайды.

ummet.kz

Бөлісу: