Туыстық қарым-қатынас және оны сақтау өзінің маңыздылығы бойынша Жаратушыға құлшылық ету және ата-анаға жақсылық жасаудан кейінгі 3-ші орында тұрады.
Бірде Алла елшісі (ﷺ) сахабаларымен сөйлесіп отырып:
«Туыстық байланысты үзген адам бізбен отырмасын» - деді.
Сонда бір адам үнсіз орнынан тұрды да, кетіп қалды. Бірнеше уақыт өткен соң әлгі адам үнсіз келді де, орнына отырды.
Сонда Алла елшісі (ﷺ) одан сұрады:
- Сен өзіңнің туыстарыңмен байланысыңды үзіп пе едің?
- Менің апам бар, ара-қатынасымыз өте нашар еді, ол мені көргісі келмейтін. Сіздің сөздеріңізді естіген соң бірден оның үйіне бардым. Мені көріп қатты қуанды, қатты таңғалды: «Не болды? Сен жәйдан-жәй келмеуші едің ғой» - деді. Мен оған сіздің айтқандарыңызды жеткізгенде, ол қолын жайып, мен үшін дұға етті, мен де ол үшін дұға еттім» - деп жауап берді.
- Біліңдер! Туыстық қатынасты үзген адам отырған жиындарда Алланың берекесі болмайды. Сен өз міндетіңді орындадың және осында отырған бізге Алланың мейірімінен мақұрым қалмауымызға септігіңді тигіздің - деді Алла елшісі (ﷺ).
Сондықтан сіздің жақсылығыңызға жақсылықпен жауап бермейтін, сіз кешіргенде олар кешірмейтін және сіз оларды ұмытпағанда олар сізді ұмытып кететін туыстарыңыздың қателіктерін қайталамаңыздар. Өйткені бұл сізді Алланың разылығына және жәннатқа жетелейді.
ummet.kz