27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Шаңырақты шайқалудан сақтайтын төрт тірек

Шаңырақты шайқалудан сақтайтын төрт тірек

Исламдағы отбасы
Жарнама

Отбасының тұтастығын, шаңырақтың шайқалмауын қамтамасыз ету үшін әйел мен еркекке ортақ, бірігіп сақтауы тиіс құндылықтар бар. Бұл құндылықтар тиісті деңгейде сақталғанда ғана құрылған отау ордалы болмақ.

Оның ең әуелгісі – сенім. Отбасы сенім ошағына айналуы тиіс. Ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген сенімі Аллаға деген берік сенімнің үстінен құрылады. Бүгінде ерлі-зайыпты екеудің арасындағы сенімнің жоқтығынан қаншама жандар ажырасып кетіп жатыр. Бірінен-бірі қуыстану, орынсыз қызғаныш, шынайы сүйіспеншілік пен махаббаттың жетіспеушілігі осы сенімсіздіктен туындайды. Егер ерлі-зайыпты екеудің Аллаға деген сенімі мен иманы берік болса, қайда жүрсе де Алланың назарында жүргендей сезінсе және бір-бірін Аллаға табыстаса, бұл құндылық түгел болғаны. Сондай-ақ бір-біріне жақсы жар, балаларға жақсы әке, жақсы ана болатындарына да бек сенулері керек.

Отбасындағы екінші құндылық – сүйіспеншілік. Сүйіспеншілік отбасын қоршап, қорғап тұратын қорған іспеттес. Сүйіспеншілік берік болса, қорған да мығым, отбасы да мызғымас болмақ. Бұл қорғанның қабырғасын отбасындағы ұрыс-керіс сөгеді. Әрбір ұрыс-керіс қорғанның бір-бір тасын ұшырып, орнын ойсыратады, сүйіспеншілікке сызат түседі. Ұрыс-керіс жалғаса беретін болса, сүйіспеншілікке түскен сызат жарыққа айналып, айырыла түседі. Осылайша қорған бір күні қаланбастай қопарылып түседі. Қазақ "бір күндік ұрыс қырық күндік ырысты қашырады" деген. Әлеуметтік желілерде жүрген мына бір қызықты ақпарат осы айтқандарымызға мысал болатын шығар. Бір психолог ғалым дәріс беріп тұрып, оқушыларына: «Адамдар ұрысқанда неге бір-біріне айқайлап сөйлейді? Бір-біріне жақын тұрса да сөздері естілмей қалатындай қатты сөйлейді, неліктен?», – деп сұрақ қояды. Оқушылары тосыннан қойылған қызық сұраққа жауап бере алмай, тосылып қалады. Ешкім жауап бере алмаған соң, сұрағының мәнісін ғалым былай деп түсіндіреді: «Адамдар бір-бірімен ұрысқанда жүректері бір-бірінен алшақтай түседі. Бір-бірінің арасындағы қашықтық жақын болса да, жүректері ұзақ тұрғандықтан сөздері естілмей қалатындай қатты айқайлап сөйлейді. Ерлі-зайыптылардың жүректері ұрыс шыққан сайын ұзай береді. Ақыр соңы ұзағаны сонша, қайтып бір-бірін таба алмай қалады. Сөйтіп, екі жарты бір бүтін екі жаққа айырылып кете барады. Ал жүрегі жақын ғашық жандар, байқасаңыздар, бір-бірімен жай сөйлеседі, кей кезде сыбырласып та сөйлеседі. Ал кейбір ғашық жандарға, тіпті сөздің де, тілдің де керегі жоқ. Бірін-бірі көзбен ұғысып, ішпен білісіп отырады». Хәкім Абай айтқандай, «Ғашықтық тіл – тілсіз тіл, көзбен көр де, ішпен біл». Міне, сондықтан да жанұяның жарасымды өмір сүруі үшін қажетті екінші тірек – сүйіспеншілік.

Үшінші құндылық – бала, ұрпақ, әулет. Отбасы бала, ұрпақ болғанда ғана толыққанды отбасы деген ұғымға ұласады. Оған дейін «жас жұбай» не «ерлі-зайыпты» болып қана аталады. Отбасының тұтастығына бала да негізгі тірек болады. «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» дейді қазақ. Кейбір баласы көп, бірақ жағдайы жоқ отбасыларды көріп, «бақытсыз отбасы» деп ойламайсың. Ал дүниенің бәрі бар, тек бір балаға зар ерлі-зайыптыларға қарасаң, жүздерінен бақыттың ұшқынын көрмейсің. Сондықтан да бақыт қарынның тоқтығымен, көйлектің көктігімен емес, баланың көптігімен есептеледі.

Отбасының тағы бір тірегі – ақыл. Ақылды ер, парасатты жар болмаса, ол да отбасының ғұмырлы болуына көлеңке түсіреді. Жалпы, әйел ердің материалдық қана емес, рухани да жарылқауына зәру. Бүгінде көп отбасыдағы проблема осы. Ері мен әйелдің арасындағы рухани әңгіменің жоқтығы, күйеудің ошақ басшысы ретінде бұған көңіл бөлмеуі, әрдайым әйел мен баланы тиісті түрде тәрбиелеп отырмауы, адамдар мен тастардан отыны болған тозақ отынан отбасын сақтау үшін рухани азықпен қамтамасыз етпеуі - бәрі-бәрі ілім мен ақылға келіп тіреледі.

Отбасындағы кикілжіңдер осындай дәрумендердің жетіспеушілігінен шығады. Кейбір отбасылардан әйелінің еріне "осы уақытқа дейін сен маған не көрсеттің, сенен не көрдім" деп жатқанын естіп қалып жатамыз. Бұл - ақылдың емес, ақылсыз нәпсінің сөзі. "Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа" деп қазақ осындай әйелдерге айтса керек. Сондықтан да еркектің де, әйелдің де парасатты болмағы, текті болмағы ләзім. Ауыздан кесек сөз шықса, әйелдің парасатты болғаны. Ауыздан кебек сөз шықса, жаманатты болғаны.

Ендеше, осы төртеу түгел болса, төбедегі келді дей беріңіз.

ummet.kz

Бөлісу: