26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Әйел жақсы болса, еркек қартаймайды

Әйел жақсы болса, еркек қартаймайды

Исламдағы отбасы
Жарнама

Әйел – нәзік, әйел –  әлсіз, әйел – сезімге жақын жаратылыс. Дегенмен, әйелге басқа ешбір тіршілік иесіне бұйырмаған аса құрметті, аса маңызды лауазым берілген. Ол – күйеуінің ризашылығын алып, оның көңіліне тыныштық сыйлайтын салиқалы жар болу, балаларының панасы, қорғаны болатын ана болу бақыты.  Әйел адам үшін бұдан артық ардақты қызмет, бұдан асқан бақыт жоқ.

Ер адамның басын төрге де, көрге де сүйрейтін әйел. Әйел адам жақсы болса, ері қартаймайды. Себебі, әйел – үйдің берекесі. Ал үйінде берекесі жоқ ердің түзде тірлігі дұрыс болмайды.

Ал нағыз ақылды, парасатты әйелдің үлгісін көрсеткен мына бір керемет оқиғаға көз жүгіртіңізші. Бір күні Әсма бинт Язид (оған Алла разы болсын) Пайғамбарымызға (ﷺ)  келеді де, «Я, Алланың Елшісі, сен маған ата-анамнан да артық қымбатсың. Мен саған барша мұсылман әйелдердің атынан келіп тұрмын. Анығында сен - еркектерге де, әйелдерге де ортақ болып жіберілген Алланың Елшісісің. Бізді мазалайтын бір нәрсе бар. Біздің, яғни әйелдердің көп уақыты үйде өтеді. Біз күйеуіміздің разылығын іздейміз, бала сүйіп, ұрпақ жалғастырамыз. Ошағымыздың түтінін түтетіп, күйеуіміздің дүние-мүлкіне бас-көз боламыз. Соған қарамастан, біз жасай алмайтын кейбір амалдарды еркектер жасайтындығы ұшін олардың Алладан алатын сауаптары бізден асып кетеді. Олар күнделікті бес уақыт намаздан бөлек жұма намаздарына қатысады, науқастардың көңілін сұрап барады, жаназа намаздарына қатысады, қажылық парыздарын өтеп, құрбан шалады.  Олар сондай сауабы мол амалдарды жасап жатқанда біз үйде қаламыз. Олардың бала-шағасына қарап, киімдерін тігеміз. Біз осы үшін олардың алып жатқан қыруар сауаптарының бір үлесін болса да ала аламыз ба? – деп сұрайды. Бұл сұрақты естіген Пайғамбарымыз (ﷺ) сахабаларына қарап: «Сендер бұдан артық сұрақ қойған әйелді бұрын-соңды көріп пе едіңдер?» - дейді. Сахабалары: «Я, Алланың Елшісі, әйел адам осындай сұрақ қояды деп ешқашан ойламап едік», - дейді. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ) Әсмаға (р.а) бұрылып: «Мені жақсылап тыңда және мұны өзге әйелдерге де жеткіз. Егер әйел адам күйеуіне бойсұнып, оның үйдегі тірліктерін жасаса, көңілін тойдырып, оны разы етсе, онда ол да Алла жолында құлшылық етіп жүрген күйеуі секілді сауаптарға ие болады!» - дейді. Мұны естіген Әсманың жүзінде ерекше қуаныш, шаттық пайда болған еді. Көңілі көтерілген ол кетіп бара жатып қайта-қайта «Лә иләһә иллә Алла (Алладан басқа Құдай жоқ), «Аллаһу Әкбар (Алла Ұлы)» деумен болады... (Әбу Дәуд).

ummet.kz

Бөлісу: