Әмеңгерлік – дәстүрлі құқықтық мәдениеттің негізгі институттарының бірі; күйеуі өліп, жесір қалған әйелдің қайынағасына немесе қайынінісіне, не болмаса жұбайының ең жақын туыстарының біріне тұрмысқа шығуы, некелесуі.
Бұл қазақ қоғамында ерте заманнан “аға өлсе, жеңге – мұра, іні өлсе, келін – мұра”, “әйел ерден кетсе де, елден кетпейді” деген қағидаға айналып, әдеттік заң нормасы ретінде қалыптасқан. Әмеңгерлік мәселесі ру ақсақалдарының басқаруымен қандас туыстар арасында мұқият талқыланған, ортақ ұйғарыммен шешілген.
Әмеңгерлік институтының тек әлеум-құқықтық қана емес, сондай-ақ тәрбиелік-гуманистік мәні де зор болған. Біріншіден, көшпелі тұрмыс салтында жесір әйелдің жалғыз өзі күнелтуі, күйеуінен қалған бала-шағаға, мал-мүлікке ие болуы қиын. Бөгде, тегі бөлек біреуге тұрмысқа шықса, балаларына өгейлік, мейірімсіздік танытуы мүмкін. Екіншіден, марқұм күйеуінен қалған мал-мүлік жесір әйелге берілсе, бөтен адамның иемденіп кетуі, талан-таражға салуы, жетім балаларды нәпақасыз қалдыруы мүмкін. Үшіншіден, бөгде біреуге күйеуге шығатын болса, әкелерінің қандас, аталас туыстары жетім балаларды анасынан ажыратып алып қалуы ықтимал.
Мұның ауыр қиянат боларын қазақтар жақсы түсінген. Сондықтан, аталған факторларды ескере отырып, қазақ ғұламалары “Жеті Жарғы” нормаларында ері қайтыс болған жесірдің “елден кетпеуін”, күйеуінің қандас туыстарының біріне күйеуге шығуын міндеттеген. Қаза тапқан еркектің туған-туыстары жесір әйелдің “әмеңгері” деп аталған. Қазақ қоғамында әмеңгерліктен бас тарту сирек кездескен, ол өзінің туысының жетім қалған балаларына, яки, өзінің қандас іні-қарындастарына мейірімсіздік, жаныашымастық ретінде бағаланған. Ал әйел әмеңгерліктен бас тартса, оған бала да, мал-мүлік те берілмеген, тек өз қалауымен күйеуге шығу еркі ғана берілген.
Абай Құнанбаев інісі Оспан дүние салған соң оның жұбайы Еркежанға үйленді. Қазақтың бұл дәстүрі әмеңгерлік деп аталады. Осы дәстүр бойынша, бір еркек қайтыс болғанда оның бауырларының бірі марқұмның жесіріне үйленіп, бала-шағасына қамқор болады. Қазақтар жайлы «жесірін қаңғыртпаған» деген сөз бар, яғни, қазақтар жесір қалған әйелдерді, олардың бала-шағаларын жетімсіретіп, жәудіретіп қоймай, өздерінің әулеттерінде сақтап қалып, бағып-қағып, қамқорлық жасайтын болған.
Сахабалар мен тәбиғиндердің арасында да осындай дәстүр болған. Мәселен, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) немересі Умму Кульсум (р.а) күйеуі Мухаммад ибн Джәғфәр (р.а) қайтыс болғаннан кейін оның бауыры Абдуллаһ ибн Джәғфәрға (р.а) тұрмысқа шыққан. Сол себепті, мұндай неке шариғат тұрғысынан да, жалпы адамзаттық құндылықтар тұрғысынан да құпталады.
Бұрын қазақтарда балалар үйі және жезөкшелік деген ұғымның болмауының себебі де осы шығар.
ummet.kz