«Келін ененің топырағынан», «жақсы үйге түскен келін келін, жаман үйге түскен келін келсап», «келелі сөзді келін де айтады» деп нақылдаған дана қазақ келін мен ененің өз орнын әлдеқашан айғақтап берген.
Дегенмен, лағынеті шайтанның басты мақсаттарының бірі – ерлі-зайыптыларды ажырастыру екені тағы бар. «Ібіліс (шайтандардың атасы) өз тағын суға орнатады. Содан кейін әскерлерін аттандырады. Ең үлкен бүлік жасаушы – оған ең жақын орналасады. Олардың бірі келіп «мынаны істедім, мынаны істедім» дейді. Ол: «түк бітірмеген екенсің» деді. Кейін басқа біреу келіп: «Мен онымен әйелін ажырастырдым» деген кезде Ібіліс оны өзіне жақын отырғызады. Және: «Өте жақсы амал жасадың!» - деп мақтайды» делінген хадисте (Муслим).
Ал отбасындағы ең әлсіз әрі нәзік тұс – ене мен келін қарым-қатынасы. Адам баласын күндіз-түні аңдитын шайтан көп жағдайда осы есікті пайдаланып кетіп жатады. Екеуі де маңызды әрі қымбат тұлға: ене – отағасын дүниеге әкеліп, жеткізген жан, келін – еркектің аманаты, балалардың анасы. Үш тарап үшін де ең көркем амал – отбасындағы татулық пен мамыражайлықты ұстап тұру. Алайда, бұл мүмкін бола бермейтін жағдайға айналып бара жатқаны ащы шындық.
Ислам шариғаты некеге ерекше мән беріп, ерлі-зайыптылардың араларының ажырамауына көңіл бөлген. Ер адам өзінің әйеліне қамқор болып, кез келген мәселеде байсалды шешім қабылдау арқылы отбасының ынтымағын сақтап қалуға міндетті.
Шариғатта белгілі бір дәлелді себептер болған жағдайда ғана ажырасу мәселесі күйеуі арқылы немесе сот шешімі арқылы жүзеге асады. Ал, ене мен келін арасындағы мәселелер ерлі-зайыптылардың ажырасуына себеп болмауы керек. Еркек екі жақтың да тілін тауып, арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей шамасы келгенше бір-бірімен жарастырып ұстауы қажет.
Ата-енелер де келініне өзінің қызындай қарап, жас екендігін ескере отырып түсіністік танытқаны дұрыс болады. Баласының, немерелерінің бақытын ойлаған кез келген ата-ене сынықтан сылтау іздеп жастардың араларын ажыртуды емес, керісінше жарастыру жағын ойлағандары жөн.
ummet.kz