Жаны Жәннатта болғыр Хакімнің өмірі ғибратқа толы ғой. Абай атам жайлы естеліктен небір жақұт дүниелерді табуға болады.
1898 жылы жаз мезгілі екен. Стамбек Қияқбаев деген ақсақалдың жас кезі. Абай ауылына біріші рет барыпты. Хакімнің ауылы Ақылбайдың қайын жұртын күтіп жатса керек. Ауылда той болып жатады.
Той тарқаған шақта Стамбек қымыз ішуге Абай отырған үйге кіреді. Хакім қасында 4-5 кісімен қымыз ішіп отыр екен. «Ет жасайтын жерде» жақындау отыруға ниеттенсе керек, қымыз құйып отырған Абай аулына күйеу боп келетін руы Көкше Дүтпайдың етегін баса отырады.
Дүтпай қымызды өзі ішіп, бақаларға құйып беріп жағалатып отырса да, Стамбекке ұсынбайды.Басқа ауылдан келген қонақ, қымыздың иісі мұрнын жарып, таңдайы кеуіп зорға отырады. Дүтпай көзінің қырын да салмайды. Ауылына алғаш келген адамды сарылтып сары қымыздан қағып өзі ішіп отыра береді. Бірақ, еркімен келген қымыз болмағасын, тағы да қымыз құйып өзі ішкелі жатқан Дүтпайдың кесесіне таласа кетеді.
Дүтпай Абайға қарап:
- Мына Мырзаның баласы ішіп отырған қымызымызға да зорлық қылды ау,- деді. Манадан әңгімеге айналып Стамбектің нәр татпағанын аңдамай отырған Абай байсалды түрмен Стамбек пен Дүтпайға қарап:
-Жоқ, оныкі зорлық емес, сенікі зорлық. Бұл жалғыз Көкше ғана ішсін деп қойған қымыз емес. О да шөлдеп келген шығар, ретімен оған да құйып беру керек емес пе. Сен әділетсіздік істедің,- дейді.
Аз ғана, жай ғана дүние көрінгенімен қорғасындай ауыр ой жатыр. Бүгін біз біреудің қымыздан қағылғанын әділетсіздік деп білеміз бе, тәйірі? Әй, қайдам... Ал, ойланыңыз сіз әділетсіздік жасадыңыз ба екенсіз?
Дайындаған Оразбек САПАРХАН
(арқау болған естелік уақиға abaialemi.kz сайтынан алынды)