Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл дұғаны «Сәйидуль истиғфар» (яғни, кешірім сөздің төресі), деп атаған. Өйткені, бұл дұға − құлдарының тәубасын қабыл етуші, ерекше мейірімді Алладан кешірім сұрағанда айтылатын ең ізгі сөздерді қамтыған.
Сонымен қатар, сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім мына дұғаны шынайы сеніммен таңертең оқып, сол күні кешке жетпей дүниеден озса, жұмаққа барады. Сондай-ақ, кімде-кім шынайы сеніммен кешке оқып, таңға жетпей көз жұмса, ол да жұмақтық болады»[1], − деп, осы дұғаны аузынан тастамай оқып жүретіндерді сүйіншілеген болатын.
أَللّهُمَّ أَنْتَ رَبِّى لآٰ إِلٰهَ اِلَّا أَنْتَ خَلَقْتَنِى وَ أَنَا عَبْدُكَ وَ أَنَا عَلَى عَهْدِكَ وَ
وَعْدِكَ مَا اسْتَطَعْتُ أَعُوذُ بِكَ مِنْ شَرِّ مَا صَنَعْتُ أَبُوءُلَكَ بِنِعْمَتِكَ عَلَىَّ وَ
أَبُوءُ بِذَنْبِى فَاغْفِرْلِى ذُنُوبِى فَإِنَّهُ لآ يَغْفِرُالذُّنُوبَ اِلَّا أَنْتَ بِرَحْمَتِكَ يَااَرْحَمَ الرَّاحِمِينَ
Оқылуы:
Ә‘уузу билләһи минәш - шәйтаанир-ражиим
Бисмилләһир-Рахмәәнир-Рахиим
Аллаһуммә әнтә Рабби лә иләәһә иллә әнтә халәқтәни уә әнә ‘абдукә уә әнә ‘алә ‘аһдикә уә уа‘дикә мә-стәта‘ту ә‘уузу бикә мин шәрри мә сана‘ту әбуу'у ләкә бини‘мәтикә ‘аләйя уә әбуу'у ләкә бизәнби фәғфир ли фә иннәһу ләяғфируз-зунуубә иллә әнтә. (3 рет)
Мағынасы:
Рақымыңнан қуылған шайтаннан сақтай гөр деп, Алладан пана тілеймін!
Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен!
Уа, Алла Тағалам! Сен − менің Раббымсың! Сенен басқа тәңір жоқ. Мені Сен жараттың. Мен − Сенің құлыңмын, қолымнан келгенше Өзіңе берген уәдеме берік боламын. Істеген істерімнің кесір-кесапатынан бір Өзің сақтай гөр! Берген нығметтеріңнің бәріне шүкіршілік етемін һәм жасаған күнәларымды толық мойындаймын. Мені кешіре гөр! Шынында, күнәларды Өзіңнен басқа ешкім кешіре алмайды.
Материал «Пайғамбарымыздың таңғы және кешкі дұғалары» кітабынан алынды
Ummet.kz
[1] Сахих Бұхари, да’ауат 5831; Сунәну Нәсәи, исти’аза 5427; Сунәну Ахмәд, Муснәду әш-шәмиин 16488