25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Қасиетті Құран аяттарын өлеңмен жеткізген қаламгер

Ғибратнама
Жарнама

Бүгін Қазақстанның Халық жазушысы, қоғам қайраткері, осыдан екі жыл бұрын дүниеден өткен Әбіш Кекілбаевтың туған күні. Артында «Үркер», «Елең-алаң», «Аңыздың ақыры» секілді теңдессіз туындылар қалдырған жазушы Құран аяттарын өлеңмен өрген екен.

Таңғы кәлима

 

Ағузу биллаһи минаш шайтанир-ражим!

Бисмиллаһир рахманир рахим!

Әлхамду лилләһи рабил

ғаламин аррахманир рахим

мәлики йаумиддин

йакә нағбудуғ уә йакә настағин

иһдинәс сиратал мұстақим

Сиратал ләзина әнғамта алейһим

ғайрил мағдубу алейһим уа ләддалин!

Уа, шарапаты шалқар мұхиттай хақ Аллам,

Шапағатыңды шашып тұрсың тағы алдан.

Қияметтің қыл көпірінен өтпек үшін сүрінбей,

Жерде бейнет кешіп бағуға жаралғам.

Атар таңыңды нұр дидарың деп ұмсынып,

Шырайымды шығысқа бұрып,

Пейілімді пейішке түзеп,

Жан-тәніммен етіп бағам құлшылық.

Оразамды ашпай, отбасымды көрмей,

Өзіңе тіктеп жүзімді,

Көлкілдеген көкжиекке де салмай тұрмын көзімді.

Ағайынмен де амандаспай,

Көкіректегі уыз сезімді,

Көкейде адал сөзімді

Бәрін-бәрін бағыштадым Өзіңе;

Көлгірлік жоқ көңілімде –

Көзің түссе көзіме.

Атар таңыңның шарапатын

Алдымен мынау жерге бер;

Тамұқтың сорын тарихта тартып

Тарыққан бейбақ елге бер;

Албасты алып алқымынан,

Тажалға тәнін таптатып,

Арсасы шығып,

Боршасы қалған,

Бозы оталып,

Ботқасы шыққан,

Борсып біткен белге бер.

Су жұтам деп, у жұтып қойып,

Берекесі кетіп,

Бейнеті асып,

Көрместі көрген көлге бер.

Өнбей жатып, көктей солған шөпті ая;

Өршімей жатып, төгіліп біткен өтті ая;

Өксімей жатып, өмірем қапқан кекті ая;

Күлмей жатып, күмірем қапқан бетті ая;

Бершімей жатып, бекершілік шеккен текті ая;

Шеру көрмей, шетінеп кеткен шепті ая;

Серпілмей жатып, сетінеп біткен септі ая;

Кеткенді қойып,

Өткенді қойып,

Өшкенді қойып,

Қолда қалған барды ая;

Алдан тосқан арманды ая;

Әлі өшпеген арды ая;

Аясаң, Алла! –

Сала көр тура жолыңа.

Қарғысыңа ұшырар қаскөйдің ертпе соңына;

Мейіріміңе кенелген кемелдің жолын нұсқай көр,

Әзәзілге еріп,

Әбжілдіктің

батыра көрме соңына…

Жә, жә жамағат,

Тапсынбайы – талықсып біткен халық бар,

Апшымаймын – Хақ тағала ақ пен қараны анықтар.

Таусылмаймын қайдағыны қайдан қазбалап,

Тәубе дейін – көретін алда жарық бар.

Ағузу биллаһи минаш шайтанир-ражим!

Бисмиллаһир рахманир рахим!

Әлхамду лилләһи рабил

ғаламин аррахманир рахим

мәлики йаумиддин

йакә нағбудуғ уә йакә настағин

иһдинәс сиратал мұстақим

Сиратал ләзина әнғамта алейһим

ғайрил мағдубу алейһим уа ләддалин!

Әмин.

Әбіш Кекілбаевтың «Дүние ғапыл» кітабынан үзінді

islam.kz

 

Бөлісу: