26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Мен Алланы тану жолына қалай түстім?

Ғибратнама
Жарнама

Иман дегеніміз – иланған көңілмен ықтияр болушылық. Иман дегеніміз – сенім. Сенім – білімнен шығады. Білімсіз сенім – бос қиял.

 

         Мен «ұлы коммунистік идея» әлі де қанатын жайып жатқан Қытай елінде ес біліп, ержеткен азаматпын. 6-сыныпқа көшкеннен бастап өткізілетін «саясаттану» пәні алғаш рет санамызға екіұдайылық сезімін сыналады. Мұғалім ағамыз «адамзаттың жаралу тегі» жайлы әңгімесін «Адамзат-маймылдан барлыққа келген, адамды жаратқан еңбек» деген Маркстің теориясымен бастап, бізді үлкен бір ойға қалдырды. Өйткені ата-анамыздың айтуынша және қолымызға әзер тиетін бірер кітаптардан оқуымызға қарағанда адам баласы топырақтан жаралған сияқты еді және «арғы тегіміз һауа ана мен Адам ата» болатын. Көңілде жүрген күдікті сауалымызды жарыса қойдық ағайға: « Ағай, сонда біз маймылдан жаратылсақ, сонда маймылды кім жаратты?». Сауалымызға ағай разы боларлықтай жауап бермеді. Текетіреске түскен екі ой, мектепті тамамдағанша мазалаумен болды.

         Сол балалық шақтардың есімде қалған бір елесі, тек екі Айттың кезінде ғана бас сұғатын мешіттегі әрекетіміз еді. Намаз барысында сәждеге бас қою рәсімі біз үшін ең күлкілі шақ еді (балалық білместігімді Алла кешірсін). Адамдардың жылына айналып келетін мұндай әрекетін түсіне алмай дал болатынбыз, бір-бірімізді түрткілеп, одан әрі тырқылдайтынбыз, екі өкпеден түртетін сайтанға білместікпен жол берген білімсіз күндерге өкпелегеннен артық не істемекпін, тәйірі!

         Уақыт сырғып өтіп жатты. Өмірдің бір кездері маған сыйлаған қиындықтары, жеке тағдырымдағы дағдарысты күндер де, өмірден күдер үзген сәттерім де болды. Ол кездері мен үлкен мұқтаждыққа кіріптар болдым, қиын жолдан құтқарып, алып шығатын ұтымды жол іздедім.

         Әрине, дос-жаран мен туған-туыстың кеңесі ол тұйықтан оншалықты құтқарып кете алмады. Сл күндердің бірінде қолыма алғаш рет Мұхаммед Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) хадистері жазылған кітапша түсті. Сіздерге өтірік, маған шын, мұндай кітаптардың мен тұрған ауылда қолға тиюі тым қиын еді, не керек, әлгі кітапшаны оқыған сайын оқығым келді. Оқыған сайын тұйықталған жол ашыла бастады, мен күткен қиындықтан құтқарар бірден-бір тиімді жол осылайша Исламға деген бет бұрушылық ниетпен ашыла түсті. Өткен күндердегі ауыр мұң, үмітсіздік, осылайша мейірімділік пен төзімділікке, адалдық пен Аллаға деген сенімге жол ашты. Аллаға шын ниет ету мен Ислам атты құдіретті дінді тануға бағытталған осы күннен бастап менің тірліктегі жаңа екінші өмірім басталды.

         20 жылдай ғұмыр кешкен адамның көңіліндегі сенімнің қалай өзге бағытқа, ашығын айтқанда, дінсіздікке бұратынын ол жердегі бұғаудан шыққаннан кейін бір-ақ білдім. Бұл ондағы қандастарымның дінге деген сенімін төмендету емес, үздіксіз үгіттелген атеистік идеологиядан сырт қалып, Жаратушымыз бен дінімізді ұстанып жүрген ағайындарым да оны ұстануға ниет етушілер де көп... Әттең, оларға ашық уағыз айту мүмкіндігінің болмауы қатты қынжылтады. Әйтпесе, Аллаға шек келтіріп, маймылдың суретіне телміріп, мешітте күлген мен секілді замандастар қатары көбеймес еді-ау.

         Атажұртқа келген күннен бастап, Аллаға шүкір, адал дінімізге деген сенім мен одан әрі қарай тани түсуге деген құлшынысқа шек қойылмады. Тіпті сенімге сенім қосылып, таным көкжиегім ашыла түсті. Дана қазақ «Құдайсыз қурай да сынбайды» десе, данышпан атамыз Абай «Алланың сөзі де рас, өзі де рас» деп берік танымды одан сайын бекіте түседі. Осы уақытқа дейін үш жыл ұдайы қасиетті Рамазан айында ораза тұттым. Бұл ынсапты болуға, өзгелермен сыпайы қарым-қатынасқа түсіп, сабырсыздықтан тыйылуға үйрете түсетініне көзім жетті. Орталық мешітте қарсы алған Қадір түні менің дінімізге деген түсінігімді тіптен кеңітіп, өмірдегі барша қиындықтарды ұмыттырып, сенімімді күшейтті.

         Осындай дінімізді ұстану мен тануға мүмкіндіктер жасалып тұрса да, оған ниеттенбеушілер мен басқа ағымға енушілерге өзекті өртер өкінішпен қараймын. Осыған орай тағы бір мысал айтайын. Өткен жылғы Ораза айт кезінде Қытайдағы ауылға бардым. Бұрынғы кезімдегідей, туған ауылдағы мешітке Айт намазына келдім. Баяғы менің бала күнімдегі намаз үстіндегі сайтан күлкі әлі сол күйіндегідей бүгінгі балалардың бойында қалып қойған. Мешіт имамының уағызына да құлақ аса қоймады олар. Жылына бір рет қана айтылатын уағыздан не өзгерер дейсіз?! Оның бер жағында енді мемлекеттік қызметкерлерді, ұстаздар мен оқушыларды мешітке жібермеу туралы бір шешім шығарылыпты. Мешіт алдына қасиетті хадис сөзінің орнына «Он алты жасқа толмағандарға діни уағыз айтуға тыйым салынады» деп бадырайтып жазып қойыпты. Он алты жасына дейін Ислам төңірегіне бара алмаған балаларды одан әрі коммунистік идея өзі-ақ тәрбиелейтінің өзіңіз ойлап көріңіз.

 

         Бір разы болған жерім, осындай қоғамда өмір сүруге мәжбүр болса да, дінімізді барынша сыйлап тұратын топтың барлығы еді, мен де оларға мүмкіндігінше, жасырып жүріп, хадис кітаптар мен дискілер бердім, бере алмағандарыма білгенімше Алланы тану тұрғысынан жиған-тергенімді баян еттім. 

Бөлісу: