25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Сыныптасының сағатын ұрлаған оқушы және мұғалімнің әрекеті

Сыныптасының сағатын ұрлаған оқушы және мұғалімнің әрекеті

Ғибратнама
Жарнама

Күндердің күнінде бір саябақта келе жатып, 40 жыл бұрынғы бастауыш сынып мұғалімімді көріп қалдым. Егде тартып қалған ағайым саябақтағы орындықтардың бірінде отыр екен. Қасына барып, амандастым. «Ә» дегеннен танымаған ағайыма мен:

- Ағай, мені танымадыңыз ба? – дедім.

- Жоқ. Танымадым, - деп жауап берді ол.

- Шынымен танымадыңыз ба? Мен бастауыш мектептегі Сапар деген оқушыңызбын ғой - дедім күлімсіреп.

- Сапар? Сапар... Сапар..., - деп есімімді бірнеше рет қайталағаннан соң, бір сәт ойланып: Қайсыбір ес қалды дейсің. Есіме түсіре алмай отырмын, - деді.

- Есіңізде ме, мектепте бір сыныптас баланың сағаты ұрланған еді? Ол сағатты балалықпен мен алған болатынмын. Бірақ сіз бастапқыда білмедіңіз. Сіз сонда бәрімізге:

- Бәрің тұрыңдар да, тақтаға шығыңдар. Артқа қарап (тақтаға қарап), қолдарыңды көтеріңдер. Бәріңді тексеремін», - деген едіңіз.

Сол сәтте мен ұялып, қатты қорыққан едім. «Қазір әшкере болсам ағайдың және бүкіл кластың бетіне қалай қараймын?» деп аяқ-қолым діріл қақты.

Оқушылар түгел тақтаға шықты. Қатарымен сап түзеп, жүздерімізді тақтаға қарата қолды көтеріп тұрдық. Сіз тағы бәрімізге:

- Көздеріңді жұмыңдар! Тексеруді бастаймын. Ешкім көзін ашпасын. Ұқтыңдар ма?! – деп қатаң дауыспен әмір еттіңіз. Бәріміз көзімізді жұмдық.

Сіз қатарымен оқушылардың қалталарын тексеріп келе жаттыңыз. Мен саптың орта шеңінде тұрған едім. Кезек маған да келді. Қорқып, не істерімді білмей, дірілдеп тұрдым. 

Оң қалтамды тексердіңіз. Сол қалтамды тексердіңіз. Кәстөмімнің қалтасына қолыңызды салдыңыз. Сағат сол қалтада еді. Сіз сағатты үнсіз алып, қалтаңызға салдыңыз да, сол үнсіздікпен әрі қарай тінтуді жалғастыра бердіңіз.  

Соңғы баланы тексергеннен кейін, бәрімізге «Отыра беріңдер» деп айтып, бәріміз отырғаннан соң сағатты егесінің қолына ұстаттыңыз.

- Енді есіңізге түсті ме? – дедім күлімсіреген күйі.

- Иә, иә. Сондай бір жағдай болған сияқты еді. Мен оны ертесінен-ақ ұмытып кеткенмін. Қазір сен айтқаннан кейін есіме түсіп отыр. Иә, сондай бір оқиға болған тұғын. Сол кезде сағатты ұрлаған сен бе едің? – деп сұрады.

- Иә, Ағай. Білмеген адам ұқсамаңызшы! Сіз сол кезде менің алғанымды білдіңіз ғой, қалтамнан өзіңіз шығардыңыз, бірақ мені ұялтпайын деп ешкімге айтпадыңыз, рақмет сізге, - дедім қартқа. Сонда қария жүзіме қарап:

- Шынымды айтсам, мен ол кезде сағатты сенің қалтаңнан алғанымды білген жоқпын. Себебі, менің де көзім жұмулы еді, - деді жай дауыспен...

материал «Ғибратты оқиғалар» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: