26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Өспей жатып өнім берген жеміс

Ғибратнама
Жарнама

Харун Рашит уәзірі екеуі халыққа білдірмей жай киімдерін киіп, ел ішін аралап жүріп құрма ағаштарының көшетін отырғызып жатқан бір қарияға жолығыпты. Амандасқаннан кейін араларында мынадай әңгіме өрбіпті.

– Аллаһ тағала қолыңыз қуат берсін! Қария, мына істеп жатқаныңыз не?

– Құрма ағашының көшеттерін отырғызып жатырмын.

– Ал бұл егіп жатқан құрма ағаштарыңыз қашан гүлдеп, қашан жеміс бере бастайды?

– Е, кім білсін енді оны, мүмкін жиырма жылдан кейін үлкейіп жеміс бере бастайтын шығар.

– Ол кезге өміріңіз жетіп, жемісін көре алар ма екенсіз?

– Мына қартайған қалпымда көре алмайтын шығармын. Бірақ бізге дейінгілердің жемісін біз жедік қой, біз де бізден кейінгілердің қажетіне жарасын деп құрма көшеттерін отырғызып жатырмыз.

Қарияның бұл жауабына тәнті болған Харун Рашит қалтасынан бір кесе алтын алып, қарияға ұсынады. Қария Аллаһқа шүкіршілігін білдірді де артынша:

– Отырғызбай жатып ағаштарымның жеміс бергені қызық болды-ау.., — деді.

Бұл сөзді естігенде Харун Рашит оған тағы да бір кесе алтын береді.

Әуелдеп Аллаһқа шүкір еткен қарт бұл жолы да күлімсіреп былай дейді:

– Елдің отырғызған көшеттері жылына бір-ақ рет жеміс берсе, менікі әу дегеннен екі рет жеміс берді...

 

 

Бөлісу: