26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Қадірлі күйеу бала

Ғибратнама
Жарнама

Мәджмә’уль-әнһур» еңбегінің авторы Мұхаммед ибн Сүлеймен «қадірлі күйеу бала» деген лақап атпен танымал болған кісі. Себебі бұл Алланың арлы құлы білім алып жүрген кезінде түн жарымда сығырайған шаммен де ілім ізденетін, көп оқитын.

Бір күні осындай білімге арналған кештердің бірінде оның үйінің есігі қағылады. Беймезгіл уақытта есігінің қағылғанына таңырқап жолаушы болар деп есігін ашады. Ашса, келіп тұрған сұлу әрі өрімдей жас қызды көреді. Бұл жолаушы қыз өзінің алыс сапардан шаршап келе жатқанын және осы үйден басқа өзге үйлердің шамдары сөнулі екенін, шарасыздан есік қаққанын айтады. Не істеу керек?! Әрине, қыз баланы түн жарым, тас қараңғыда көшеге қалдырсын ба?! Басқа қылар қайран болмағасын үйіне кіргізеді. Үйге кірген соң жолаушы қыздың хал-жағдайын сұрап, алдына жүрек жалғар ас қойып қайта сабақ оқуға кіріседі. Арлы жігіттің бұл әрекеті оған ұялып көзінің астымен қарап отырған қызды қайран қалдырды. Үй иесі сабақ оқып отырып сұлу қызды ойлап, ойы бұзыла бастаса, дереу алдындағы шамға саусағын күйдіріп қайта алып, қайта күйдіріп ойын басқа жаққа аударғысы кеп отырады. Осылайша саусағын шамға қайта-қайта күйдіріп отырып таңды атырады.Таң атқан соң қыз үйден кетеді. Сөйтсе қыз Османлы патшалығы уәзірлерінің ішіндегі біреуінің қызы екен. Уәзірдің сарайындағы адамдар қызды көрісімен оны кеше түні бойы іздеп таппағандарын және дін аман оралғанына таң қалғандарын айтады. Қыз түнде бір жас жігіттің үйін амалсыз паналағанын және сол түні болған таңғаларлық оқиғаны айтып береді. Әкесі қызына қамқор болған жас жігітті дереу құзырына алдырып неліктен түні бойы саусағын шамға күйдіріп отырғанын сұрайды. Жүсіптей жүзі нұрлы жас жігіт: «Жолынан адасып есігімді қаққан жолаушыны сыртқа қуа алмадым. Сол себепті оны үйіме қабылдадым. Түні бойы шайтан менің ой-санамды сан-саққа бөліп арбаумен болды. Мен өзіме егер ерсі бір әрекетке барсам, жаһаннамның оты бұдан да қатты болады деп саусақтарымды алма-кезек отқа сап күйдірдім», деп жауап береді. Жігіттің бұл жауабына риза болған уәзір оған қызын үйлендіреді. Иә, ізгі жас деп бейкүнәлілігімен, арлылығымен уәзірдің көңілінен шығып артынша оның қызына үйленген соң «қадірлі күйеу бала» деген лақапқа ие болған Мұхаммед ибн Сүлеймен секілді жандарды айтамыз. Ол пәни дүниенің арзан рахатына қызықпай жаны тек қана ақыреттегі мәңгілік бақытты аңсады және сол жолда талмай тер төкті.

Бөлісу: