01
Жұма,
Қараша

һижри

Пайғамбардың (ﷺ) бала тәрбиесіндегі даналығы

Ғибратнама
Жарнама

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) балаларын қанағат пен шүкіршілікке тәрбиеледі.

Әлидің (оған Алла разы болсын) су тасудан кеудесі ауырып, Фатиманың (оған Алла разы болсын) тұрмыстық жұмыстан қажыған уақыттарында да Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтқанына сабыр сақтап, қанағат еткен оқиғасын еске түсірейікші.

Әли ибн Әбу Талибтен (оған Алла разы болсын): «Фатима қол диірменді (айналдырғаннан) қолының (күстеніп кетуінен) шағымданып жүргенде, Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тұтқындар әкелінеді. Бұдан хабар алған Фатима Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) барып (қолға түскен тұтқындардың бірін сұрау үшін), оны таппайды да, Айшаны кездестіріп, (келген мәселесін) соған айтып кетеді. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келген соң, Айша оған өзіне Фатиманың келгенін айтады. (Әли айтады): «Сонда Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бізге келді, біз төсегімізге жатып қалған едік. Орнымыздан тұрмақ болған едік, Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Орындарыңнан тұрмаңдар!» – деді де, біздің арамызға келіп отырды (олардың басқа тартса, табан ашылатын, табанды жапса, басқа жетпейтін түкті жамылғылары болатын), Мен кеудемде оның табанының салқындығын сездім. Сосын (Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Екеуіңе өздерің сұрағаннан да жақсыны үйретейін бе? Төсектеріңе жатарда отыз төрт рет («Аллаһу әкбар» деп) Алланы ұлықтайсыңдар, отыз үш рет («субханаллаһ» деп) Оны барлық кемшіліктен пәк деп дәріптейсіңдер және отыз үш рет («әл-хамду лилләһ» деп) Оған мақтау айтасыңдар, бұл сендер үшін қызметшіден жақсы», – деді».

Өзге бір риуаятта: «Әли: «Пайғамбардан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) соны естігенімнен бері оны қалдырған емеспін», – деді. Одан: «Сыффин түні де ме?» – деп (сұралғанда), ол: «Сыффин түні де», – деп айтты» деген қосымша келген (Әли өзі Шам өлкесінің тұрғындарымен соғысқан Сыффин шайқасы түнінде де осы сөздерді қалдырмай айтқан) (Муслим). Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қызметшілерді одан да артық мұқтаж адамдарға үлестіріп, өз отбасын осылай сабырлыққа тәрбиелейді. Олар да адамзаттың ұстазының әрбір сөзінен өнеге алуға тырысатын.

ummet.kz

Бөлісу: