Ертеде бір патша Қызырды көргісі келген екен. Сөйтіп кімде-кім маған Қызырды көрсетсе қалағанындай алтын беремін деп жария салдырыпты.
Ел ішіндегі кедейдің бірі мына жарлықты естіп әйеліне: Онсызда жоғалтатын ештеңеміз жоқ, мен Қызырды көрсетемін деп барайын. Бірнеше күнде ала алғанымша сендерге азық болар ақша алайын. Сосын ақыры не боларын көре жатармыз, - деп тәуекелге бел шешкенін білдіреді. Әйелі де келіскен соң ханға Қызырды көрсетемін деп сарайға жол тартады.
Оны сарайдағылар қуана қарсы алып, ханның айтуымен бар жағдайы жасалып, арнайы бөлме беріледі. Бірнеше күнде ешкімге білдірмей үйіне алтын-күміс тасып, отбасына жеткілікті жағдай жасайды. Содан бір күні хан құзырына шақырып, "ал Қызырды көрсет" дейді. Сонда әлгі кісі: Мен жәй ғана кедей едім. Қызыр қайда, мен қайда. Шарасыздықтан осындай амалға бардым, - дейді. Мұны естіген патша ашуға мінеді. Жарлыны халық алдында жазалауға бұйырады.
Барша халықтың алдында хан үш уәзірінен қалай жазалаған жөн деп сұрайды. Сонда бірінші уәзірі: Ол ханды алдағаны үшін ауыр жазаға лайық. Басын шабу керек, - дейді. Сол сәтте халық арасында алдыңғы сапта тұрған сымбатты жас жігіт "бәрі тегіне тартады" дейді дауыстап.
Екінші уәзірі: Хан ием, оның өлімі басқаларға сабақ болуы керек. Оны өлтіріп, ішкі құрылысын сыртқа шығарып, ішіне саман толтырып жұрт көретін жерге іліп қою керек, - дейді. Сол сәтте бағанағы жігіт тағы да " бәрі тегіне тартады" дейді.
Сонда үшінші уәзірі: Бұл кедейді өлтіргеннен ештеңе ұтпайсыз. Ал кешірсеңіз халықтың көңілін жаулайсыз. Меніңше оны босатқаныңыз абзал, - дейді. Сол сәтте алдыңғы саптағы жігіт тағы да "бәрі тегіне тартады" дейді.
Мұны байқаған хан жігітке қарап" сен неге бәрі тегіне тартады дей бересің? Мұның мәнісі не?" деп сұрайды.
Сонда ол алға шығып: Бірінші уәзірдің әкесі қасапшы еді. Ол әкесінен көргенін айтты. Екінші уәзірдің әкесі көрпе-жастық тігуші еді, ол да көргенін айтты. Ал үшінші уәзірдің әкесі сіздің әкеңізге уәзір болған еді. Ол өзінің тектілігін көрсетті. Бәрі тегіне тартады деуімнің себебі осы, - дейді.
"Өзің кімсің" дейді таңданысын жасыра алмаған патша. "Мен мына бейбақтың зарын естіп келген Қызырмын" деп ғайып болыпты жас жігіт.
Индира Жұмабекқызы