26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мұғжизалары

Ақида
Жарнама

Хазіреті Пайғамбарымыз елшілігі кезінде Меккелік мүшріктерге өзінің хақ пайғамбар екендігін дәлелдеу барысында көптеген мұғжиза көрсетті.

Мүшріктер оның бірқатарына сенгенімен, біразына сенбеді. Сондай-ақ бұл мұғжизаларды сахабаларына да көптеп көрсеткендігін тарих кітаптарынан білеміз. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мұғжизаларын үш тақырыпта қарастыруға болады.

а) Құран - рухани мұғжиза

Құран - Хазіреті Пайғамбарымызға нәсіп болған ең үлкен мұғжиза. Құран әрбір ғасырдың адамына өзінің мұғжизалығымен көптеген кереметті көрсетіп, алдында еріксіз бас игізуде. Құран адамзат түгіл жын, шайтандардың оған ұқсас сүре, аят келтіруге дәрменсіз болған Ұлы Жаратушының мұғжизасы. Құран қияметке дейін мұғжизалығын сақтап, ғасыр өткен сайын жаңара береді.

б) Сезім мүшелері арқылы көрінген мұғжизалар

Бұл тақырыптағы мұғжизаларға Хазіреті Пайғамбарымыздың кезеңінде адамдардың көзімен көріп, сезім мүшелерімен куә болған, табиғат заңдылығына қайшы жасалған оқиғалар жатады. Пайғамбарымыз мұндай мұғжизаларды өз өмірінде аз көрсеткен жоқ. Осы мұғжизалардың бірнешеуін келтіре кетелік:

  1. 621 жылы Режеп айының 26-нан, 27-не қараған түні Пайғамбарымыз Пыраққа мініп, Мәсжидул Харамнан Мәсжидул Ақсаға барып, одан көкке Алланың құзырына көтеріледі. Алламен перде арқылы сөйлесіп, сол бір мұғжизалық қасиетті сапарынан бес уақыт намазбен оралады. Жеті қабат аспан әлемінде пайғамбарлармен кездесіп, жәннат пен тозақты көреді. Бұл жайында «Исра» сүресі нәзіл болып, оның алғашқы аятында: «Құлым (Мұхаммедті (с.а.у.)) бір түні өзіне белгілерімізді көрсету үшін Мәсжид Харамнан біз айналасын мубарак қылған Мәсжид Ақсаға апарған Алла әр түрлі кемшіліктен пәк. Шәксіз Ол естуші, білуші» (17.Исра-1) дейді.
  2. Бірде Меккелік мүшріктер Пайғамбарымызға: «Нақ елші екендігің рас болса, бізге анау тұрған айды екіге бөліп, бір жартысын ана төбеге, екінші жартысын мына төбеге қойып бер. Сонда саған иман етеміз», - деп шарт қояды. Пайғамбарымыз: «Егер айтқан уәделеріңде тұратын болсаңдар, мен дегендеріңді жасайын», - дейді де, Аллаға сиынып сұқ (шахадат) саусағымен айды ишара арқылы бөліп, бір жартысын мүшріктердің айтқан төбесіне, екінші жартысын екінші төбеге қояды. Бірақ, мүшріктер уәделерінде тұрмақ былай тұрсын, Пайғамбарымызға «сен бізге сиқыр көрсеттің» деп кінә артты (Бухари, Мәнақиб 27).
  3. Тастардың Пайғамбарымызға сәлем беруі. Хазіреті Жабирден риуаят бойынша Расулулла: «Мен Меккеде бір тасты білемін. Мен Елші болып жіберілместен бұрын маған сәлем беретін. Мен оны әлі де жақсы білемін» деген (Муслим, Фәдайл-2).
  4. Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) Хазіреті Әбу Бәкірмен бірге хижрет етіп бара жатқанда із кесуші Сурақа деген кісі арттарынан атымен оларға жете бергенде кенеттен аты омырауына дейін құмға кіріп кетеді. Бұл жайт үш рет қайталанған соң, Сурақа Хазіреті Пайғамбарымыздан кешірім сұрап, кері қайтады.
  5. Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) хижрет кезінде жолда бір отбасыға құдайы қонақ болып, олардан ішіп-жеуге сатып алатын бір нәрсе сұрағанда үй егесі өздерінің жағдайын айтып, ештеңе бере алмайтындарын айтады. Сонда Хазіреті Пайғамбарымыз анадай жерде тұрған ешкіні меңзеп: «Сүті жоқ па?», - деп сұрайды. Үй егесі Атиқа: «Сүт қайдан болсын, ол қысыр, түрі болса анау», - дегенде, Хазіреті Мұхаммед (с.а.у): «Рұқсат берсең, сауып көрейік», - деп рұқсат алады да, бисмилләһ айтып ешкіні сипайды. Сөйтіп үй егесі Атиқа есімді әйелге енді ешкіні сауып көруін айтады. Әйел ешкіні сауғанда өз көзіне өзі сенбейді. Арық, ең бастысы, қысыр ешкі ыдысты толтырып сүт береді. Кейінірек бұл ешкі өз егелерін пайғамбардың мұғжизасы ретінде қуаңшылықтан құтқарып қалады.
  6. Хазіреті Пайғамбарымыз мешітте Мәдина халқына уағыз айтқан кезде мешіт ішінде қалған құрма діңгегіне сүйеніп тұратын. Мұсылмандардың саны артқан сайын, уағызды биіктеу жерде тұрып айтпақ болады да, үш баспалдақты мінбер жасатады. Бірде сол мінбердің үстіне шығып уағыз айтып жатқанда, боздаған інгеннің дауысына ұқсас дауыс шығады. Сахабалар бұл дауыстың қайдан шыққандығын аңғара алмай аң-таң болады. Сол сәтте Пайғамбарымыз мінберден түсіп, құрма діңгегін сипағанда дауыс сап тыйылады. Пайғамбарымыз сахабаларына қарап: «Егер мен оны сипамағанда қияметке дейін боздап тұрар еді», - дейді. Құрма түбіртегінің бұлай боздауы «Пайғамбар менен кетіп, Одан ажырап қалдым» дегені еді (Бухари, Манақиб 25).
  7. Худайбияда сахабалар су бітіп, шөл қыса бастаған соң Хазіреті Пайғамбарымызға келіп мәселені білдіреді. Хазіреті Пайғамбарымыз қорамсасынан бір жебені алып, сондағы суы тартылып қалған Сәмуд құдығына тастауды бұйырды. Оқ тасталысымен, құдық суға толып, сахабалар Худайбиядан қайтқанға дейін су шығып тұрды (Бухари, Әтиммә 6; Муслим, Әшрибә 175).
  8. Сахабалар яһудилердің Хайбар атты қамалын алмақ болып қоршауға алады. Қоршау ұзай түсті. Ертеңіне Хазіреті Пайғамбар туды Хазіреті Әлиге бермек болып, оны сұрастырғанда оның көзі ауырып шатырда жатқанын естиді. Дереу Хазіреті Әлиді алып келуді бұйырады. Пайғамбарымыз мүбарак түкірігін оның көзіне жағып дұға еткенде, Хазіреті Әли бейне бір мүлде науқастанбағандай айығып кетеді (Бухари, Фәдаилус-сахаба 9).
  9. Бір күні Хазіреті Пайғамбардың даусы жай шыққанын естіген Әбу Талха үйіне келіп әйеліне «ішіп-жейтін бір нәрсе бар ма, оны Расулуллаға ұсынайық, даусы әзер естіледі» деп, тағам дайындатады. Тағамда жапырақтай нан және май болатын. Адам жіберіп Расулулланы үйіне қонаққа шақырғанда, Хазіреті Пайғамбарымыз қасындағы 70-80-дей сахабасымен бірге келеді. Әбу Талха сасып қалғанымен, әйелі тәуекел деп сабырлыққа шақырды. Ішке кірген Алланың Елшісі тағамды дастарқанға қойып, дұға етеді де, сырттағы саха- баларын он-оннан ішке кіргізіп, тойғанынша ішіп-жегізіп, өзгелерін де шақырып, бәрін тойдырады (Бухари, Әйман 22; Муслим, Әшрибә 142).
  10. Бірде жұма күні Расулулла хұтба оқып жатқанда бір кісі келіп: «Я, Расулулла! Аллаға дұға етсеңіз, жаңбыр жауса екен», - деді. Расулулла дұға етіп бітісімен, шайдай ашық аспанды лезде қара бұлт қаптап, жаңбыр шелектеп құя бастады. Жаңбыр келесі жұмаға дейін жауды. Сол жұмада бір кісі орнынан тұрып: «Я, Расулуллаһ! Аллаға дұға етсеңіз, жаңбырды тоқтатса екен», - деді. Хазіреті Пайғамбарымыз: «Аллам! Жауынды үстімізге емес айналамызға жаудыр», - деп дұға етті. Алланың құдіретімен жауын Мадина үстіне жаумастан, айналасына жауып тұрды (Бухари, Истисқа 7; Муслим, Истисқа 1).

в) Хабар беру арқылы көрсеткен мұғжизалары

Келешекпен байланысты жағдайды тек Алла Тағала біледі. Алла қана болашақты нақты айта алады. Егер бір кісі келіп келешекте мынандай оқиғалар болады, оған көздерің анық жетеді десе, онда ол Алланың білдіруімен айта алатын пайғамбар болуы мүмкін. Сол секілді Хазіреті Пайғамбарымыз да Алланың ұлық елшісі ретінде өткен-кеткен оқиғалардан хабар беру арқылы мұғжиза көрсеткен. Солардың бірнешеуін келтірсек:

  1. Хазіреті Пайғамбарымыздың оқу, жазу білмейтіндігі сол кезеңдегі адамдар тарапынан еш жалғанға шығарылмады. Оның шынайы пайғамбар екендігін сынау үшін христиандар мен яһудилер түрлі діни сұрақтар сұрап, нақты жауабын алып, ешқандай артық сөзге келместен келген ізімен кететін. Бірде Мадинадағы яһудилердің бірі зина жасап қояды. Яһуди шариғаты бойынша, зина жасаған кісіні тас боран қылып өлтіру жазасы бар. Бұл Таураттың үкімі болатын. Содан әлгі яһудиді мұндай өлімге қимаған қандастары «жүріңдер Хазіреті Мұхаммедке барайық, бәлкім ол бізге жеңілдеу жаза берер» десті. Сөйтіп, Хазіреті Пайғамбарымыздың құзырына барып болған жайды бастан аяқ айтып, үкім беруін өтінеді. Бірақ, олар Пайғамбарымыздан Таураттағы тас боран етіп өлтіру үкімін әдейі жасырады. Пайғамбарымыз олардан: «Тауратта зина етудің жазасы жайында не дейді?», - деп сұрағанда, «Тауратта бұл туралы еш нәрсе жоқ», - деп алып-қашты әңгіме айтады. Хазіреті Пайғамбарымыз: «Тауратта зина жасаушының күнәсі рәжм (тас боран) ету делінген. Ол жазу сенің қолыңның астында жазулы тұр», - деп яһудилердің аузына құм құяды. Хазіреті Пайғамбарымыздың үкіміне келісетіндігін айтып келген яһудилер зина жасаушы қандастарын тас боран етіп өлтіреді.
  2. Хазіреті Пайғамбарымыз шамамен өзінен 2500 жыл бұрын өмір сүрген Мысыр Ферғауынының тәні, кейінгі ұрпаққа ғибрат болу үшін теңізден шығарылатындығын мына бір аятпен айтады: «Сенен кейінгіге үлгі болу үшін денеңді (жансыз түрде) құтқарамыз. Расында адамдардың көбі аяттарымыздан хабарсыз» (10.Юнус- 92). Шынында да 1881 жылы Мысыр патшаларының қабірлері табылып, Ферғауынның да тәнін Қызыл теңізден тауып алған археологтар көпшілікке ғибрат ретінде Англияның мұражайына қойды.
  3. Бәдір шайқасының алдында, мұсылмандар Бәдір құдығының жанына шатырларын тігіп мүшріктерді тағатсыз күтеді. Ұрыс басталардан бір күн бұрын Хазіреті Пайғамбарымыз Меккенің көсемдері, дін дұшпандары мүшріктердің қай жерде өлтірілетіндігін сахабаларына айтып береді. Бәдір шайқасы біткен соң мұсылмандар майдан алаңындағы өліктерді ретке келтіру үшін жинаған кезде, Хазіреті Пайғамбарымыздың айтқанындай аталған мүшріктердің дәл сол көрсеткен жерлерінде өліп жатқандарын көріп таңдай қағысады.
  4. Алғашқы мұсылмандардың бірі, исламда белгілі үш тақуаның біріншісі болған Әбу Зәрр әл-Ғыффари еді. Хазіреті Пайғамбарымыз оның жалғыз жүріп өлетіндігін айтқан. Расында да Әбу Зәрр Хазіреті Османның халифалық кезеңінде Рәбәзә деп аталатын Мадинаның сыртындағы бір жерге көшіріледі. Себебі, Хазіреті Османның тұсында мұсылмандардың жағдайы біршама жақсарып, бай‑қуатты мұсылмандар саны көбейе түскен еді. Міне, сол кісілердің дүние жинауын Әбу Зәрр дұрыс көрмей, «Тәубе» сүресінің 34-35 аяттарын олардың беттеріне басып айтатын. Әсіресе, бұл сөздер Шамның қалталылары мен байларының жанына батқандықтан, олар Шам әкімі Муғауиядан (өл.680) көмек сұрады. Муғауия болса олардың бұл уәждерін ха- лифа Османға білдіреді. Хазіреті Осман оған: «Ей, Әбу Зәрр! Мен елді дұрыс тіршілікке үндеуге, ынсап-ұятқа үндеуге хақым бар, бірақ мен оларды тәркі-дүниеге, тақуа болуға үндей алмаймын!», - дейді. Содан Әбу Зәрр халифадан рұқсат алып Рәбәзәға көшеді. Сол кезде Әбу Зәрр Хазіреті Пайғамбарымыздың өзіне осылай болатындығы жайында айтқан сөзінің айна-қатесіз болғандығына көзі жетеді.
  5. Мадинаны біржола басып алу үшін Меккелік мүшріктер 24.000 әскермен жорыққа шығады. Мүшріктердің әрекетін естіген мұсылмандар Сәлман Фарисидің ұсынысы бойынша, Мадина қаласының сыртын айналдыра ор қазуға кіріседі. Ор қазу кезінде сахабалар үлкен тасты қайламен ұрып сындыра алмаған соң, Хазіреті Пайғамбарымыздан көмек сұрайды. Хазіреті Пайғамбарымыз қайласын алып, тасты ұрғанда от ұшқыны шығады. Артынан Пайғамбарымыз «Алла әкбар» деп тәкбір айтып, Иран патшалығының құлайтындығын, екінші рет ұрып, Рим империясының құлайтындығын және Шам мен Сананың мұсылмандар қолына өтетіндігі жайында сүйінші хабар айтады. Бірақ сахабалар сол кезде айтылған жерлерді алу былай тұрсын, ол жерге бару ойларына да кіріп шықпаған еді. Уақыт өте келе Хазіреті Әбу Бәкір мен Хазіреті Омар тұсында аталған жерлер Ислам билігіне өтеді.
  6. Хазіреті Пайғамбарымыз 628 жылы Меккеге қажылыққа бармақ болып, 1400 сахабасымен жолға шығып, Меккеге жақын Худайбия деген жерге келіп қонақтайды. Мүшріктер мұсылмандарды Меккеге кіргізбеуге бел буғаннан кейін мұсылмандармен он жылдық бейбіт бітім жасауға бел буады. Осы келісім Сухәйл ибн Әмір мен Хазіреті Пайғамбарымыз арасында жасалды. Келісімшартқа: «Бұл Аллатың елшісі Мұхаммедпен жасасқан...», - деп жаза бастағанда Сухәйл: «Біз сені Аллатың елшісі деп қабыл етсек, бұлай бітім жасаспас едік. Сені елші ретінде мойындағанымыз жоқ. Сондықтан Мұхаммед ибн Абдулла деп жаз», - дейді. Келісімшартты жазушы Хазіреті Әли еді. Оған Сухәйлдің сөзі жүрекке қанжар сұққандай ауыр әсер етеді де, «Расулулла» (Алланың елшісі) деп жазған сөзін өшірмей тұрып алады. Сол кезде Хазіреті Пайғамбарымыз өз қолымен «Расулулла» сөзін өшіріп, Мұхаммед ибн Абдулла деп жаздыртады да, Әлиге: «Бір уақыт келеді, сенің де басыңнан осындай жағдай өткенде мәселені түсінесің», - дейді. Шынында да 657 жылы Хазіреті Әли өзінің халифалығын мойындамай қойған Шам әкімі Муғауиямен Сыффин деген жерде шайқасып, арты екі жақтың бітімге келуімен аяқталды. Сол кезде Хазіреті Әлидің: «Әмирул муминин (мүминдердің әміршісі) Әлиден Муауия ибн Әбу Суфиянға», - деп жазған бітіміндегі «Әмирул муминин» сөзін өшіріп, орнына Әли ибн Әбу Тәліб деп жазуды Шам төрешісі талап етеді. Ол: «Біз сенің «әмирул муминин» екеніңді мойындасақ, бұлай келісім жасамас едік. Сенің халифалығыңды мойындамаған соң келісім жасап жатырмыз», - деп ақыры «Әмирул муминин» сөзін өшіргізеді. Хазіреті Әли сол кезде барып Худайбияда Хазіреті Пайғамбардың өзіне айтқан сөзі есіне түсіп, оның шындыққа айналғанына көзі жетеді.

Иә, айта берсек Хазіреті Пайғамбарымыздың осыған ұқсас айтқан хабари мұғжизалары өте көп. Мысалы ақырзаманның кіші белгілері жайында айтқан хадистеріне назар аударсақ, аталмыш белгілердің рет‑ретімен жүзеге асып жатқандығына куә боламыз. Және олардың көпшілігі әлі сол уақыт сағаты келгенде айна-қатесіз болатындығына күмән жоқ. Пайғамбарымыздың мұғжизасына сенбеу имансыздыққа жетелейді. Өйткені мұғжиза - Оның елшілігінің белгісі.

(Материал «Иман негіздері» кітабынан алынды)

Ummet.kz

Бөлісу: