26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Мұғжиза дегеніміз не?

Ақида
Жарнама

«Мұғжиза» - сөзінің мағынасы шарасыз, әлсіз, дәрменсіз қалдыру дегенге саяды. Алла Тағала адамдарды хақ дініне шақыру үшін пайғамбарлар жіберді.

Енді осы пайғамбарлардың пайғамбар екендігінің дәлелі нендей болмақ? Әлде, кім көрінген мен пайғамбармын деп шыға бере ме? Ондайлардың жалғаншы немесе шынайы пайғамбар екендігін қалайша ажыратамыз? «Мен ‑ Алланың елшісімін» деп келген кісінің қолында ешқандай дәлелі, айғағы болмаса, оған не деп сенеміз?

Мысалы, әрбіріміздің қолымызда қай елдің азаматы екендігімізді айғақтайтын төлқұжат, жоғарғы оқуды бітіргенімізді растайтын диплом, жұмысқа орналасқанымызды куәландыратын бұйрық бар. Міне, сол секілді пайғамбардың пайғамбарлығын растайтын дәлелі - мұғжиза. Мұғжиза Алла тарапынан жүзеге асырылып, пайғамбардың қалаған сәтінде көрсету және айтуы мүмкін болған табиғат заңдылығына қайшы келетін тосын құбылыс. Яғни, мұғжиза деп табиғат заңдылығына қайшы, ғылыми тұрғыдан анықтамасы жоқ, екінші рет қайталанбайтын, қарапайым жандар оны жасауға дәрменсіз таңғажайып оқиғаларды айтамыз. Мұғжиза пайғамбардың пайғамбарлығын жалғанға шығарған сәтте, оның елшілігінің хақтығына көз жеткізу мақсатында Алла Тағаланың қалауымен жүзеге асады. Пайғамбарлар өмірінен қайсыбір пайғамбарды мысал ретінде алсақ та, Ол өз қауымына Жаратушының елшісі екендігін айтқанда, көпшілік оның нақ елші екендігін білу үшін «ананы істе», «мынаны істе», «оны айт», «бұны айт» секілді көптеген талаптар қойғандығына көз жеткіземіз. Алла Тағала жіберген елшісін ешқашан адамдар алдында ұятқа қалдырмайды. Керісінше, адамдарды сан мәрте ұятқа қалдырып, масқаралағандығы Құранда айтылады.

 Пайғамбарлардың ең үлкен мұғжизасы өз заманында етек жайған, адамдар үшін одан асып түсетін күшті бір кереметтің болуы мүмкін емес деп сенген құбылыстармен байланысты болған. Мысалы, Хазіреті Мұса дәуірінде сиқыршылық шегіне жеткенде, Хазіреті Мұса аса таяғын айдаһарға айналдырып, адамдарды аң-таң етті.

Хазіреті Иса дәуірінде емшілік кеңінен тарап, ем-дом жасаудың түрлі әдістері дамыған. Бірақ Иса (а.с.) олардың ешқашанда қол жеткізе алмайтын: өлген адамды тірілту, тума соқырдың көзін ашу секілді кереметтерді көрсетіп, қауымын хақ дінге шақырды.

Ал, Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) арабтардың әдебиеті мен бәләғаты дүркіреп тұрған кезде, Құран аятымен ақын, шешен, жыраулардың аузына құм құйғандай үнін өшірді. Кез‑келген оқиғаны мұғжиза ретінде тануымыз үшін, оның мынадай өзіндік ерекшеліктері болуы тиіс:

  1. Мұғжиза негізінен Алланың ісі, пайғамбар тек оған дәнекер ғана болады: «Ешбір елші Алланың рұқсаты болмайынша бір мұғжиза келтіре алмайды» (40.Ғафыр-78).
  2. Мұғжиза қалыпты табиғат заңдылықтарына қайшы оқиға. Мәселен, тастың Пайғамбарымызға сәлем беріп, құрма дінгегінің боздап жылауы және Пайғамбарымыздың саусақтарынан су ағу, т.б. осы секілді жайттар шын мәніндегі мұғжизалықтың классикалық мысалдары болып табылады.
  3. Мұғжизаны елшілік қызметпен келген кісі ғана жасайды.
  4. Мұғжиза пайғамбарлық ұлы мақсатты жаю кезінде жүзеге асады.
  5. Мұғжиза пайғамбардың қалауына сай жүзеге асады. Мысалы, тасты сөйлетемін деп, ағашты сөйлетсе, ол мұғжиза болып саналмайды.
  6. Мұғжиза қарапайым пенде жасай алмайтын оқиға.

Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбар дүние салғаннан кейін біздің ғасырымызға дейін қаншама кісі өзін пайғамбармын, көпшілігі өзін Иса Мәсихпін деп жариялады. Бірақ, олардың сөздерінің бірде‑бірі де көпшіліктің назарын аудара алмады. Себебі, біріншіден, Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) ең соңғы пайғамбар, одан кейін ешқандай пайғамбар келмейді. Екіншіден, нақ Иса Мәсих болса, неліктен өзінің хақ пайғамбар екендігін дәлелдейтін мұғжиза көрсетпейді? Демек, олардың ешбірі пайғамбар емес, керісінше адасушы күнәһарлар әрі кәпірлер.

Мұғжиза демекші, Құрандағы «аят» деп аталатын мұғжизаларға қысқаша тоқталып өтсек:

а) Хазіреті Ибраһим Вавилон патшасы Намрудты Аллаға иман етуге шақырғанда Хазіреті Ибраһимді таудай боп жанып жатқан отқа лақтыртады. Сонда Алланың әмірімен от Хазіреті Ибраһимге әсер етпестен, керісінше, жалындаған от пен шоқтың оған салқын болғандығы белгілі: «Әй, от! Ибраһимге салқын, зиянсыз бол дедік» (24. Әнбия-69).

ә) Хазіреті Салих Самуд қауымының талабы бойынша, ұрғашы түйені жартастың ішінен шығаруы нағыз мұғжизаның өзі болатын. Самуд қауымы сол мұғжизамен шығарылған қасиетті малды сойғандықтан, Алла Тағаланың азабына ұшырады (қараңыз: 26.Шуғара, 141- 158 аят).

б) Хазіреті Яқуб пайғамбардың ұлы Юсуфтың көйлегін көзіне сүртіп, екі жанарымен қайта қауышуы (қараңыз: 12.Юсуф, 92-96).

в) Хазіреті Мұса пайғамбардың қолындағы аса таяғын айдаһарға айналдыруы (қараңыз: 20.Таһа, 17-21), қолын қойнына салып шығарғанда қолының аппақ болуы (қараңыз: 20.Таһа – 22), Ферғауынның зәбірінен құтылу үшін Қызыл теңізден өтпек болып аса таяғымен түртіп қалып, теңізді екіге жаруы, одан өтуі және Ферғауын мен жендеттерінің су түбіне кетуі (қараңыз: 26.Шуғара, 61-66).

г) Хазіреті Иса пайғамбардың балшықтан құс жасап, үрлегенде оның жанды құсқа айналуы, өлген кісіні тірілтуі, анадан тума соқырлардың көзін ашуы, алапес ауруына шалдыққанды емдеуі (қараңыз: 5.Майда – 110), хауарилердің сұранысына орай көктен дастарқан түсіруі (қараңыз: 5.Майда, 112-115) толықтай мұғжизалық оқиғалар болып саналады.

(Материал «Иман негіздері» кітабынан алынды)

Ummet.kz

Бөлісу: