26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Пайғамбарлардың сипаттары

Ақида
Жарнама

Жер бетіне жіберілген пайғамбарлардың өзге адамдардан айырықшаланатын кейбір ерекшеліктері бар. Олар да адам болғанымен елшілік қызметіне орай мынадай сипаттарға ие екендігін ғалымдарымыз Құран аяттарына сүйене отырып, бірауыздан қабыл еткен:

 

  1. Сидқ – шыншылдық, туралық. Әрбір пайғамбар – шыншылдық пен туралықтан айнымайтын ұлы тұлғалар. Олар өмірлерінде ешқандай да өтірік айтпайды. Яғни, пайғамбарлығынан бұрын да, пайғамбар болғаннан кейін де тек туралықты, адалдықты, шыншылдықты ту етіп ұстанған. Пайғамбарлардың өткен-кеткен оқиғаларды баяндауы болсын, келешекпен байланысты оқиғаларды айтқан сөзінде болсын ешбір жалғандық болмайды. Пайғамбарлардың сөзінде өтірік бар деп айту әбестік болады. Құранда Алла Тағала пайғамбарлардың бұл қасиетін былай деп келтіреді: «Кітаптағы Ибраһимді есіңе ал. Негізінде ол турашыл (сидқ) пайғамбар еді», «Кітаптағы Идристі есіңе ал. Өйткені ол шыншыл бір пайғамбар еді» (19.Мариям, 41, 56 аят).

Адамзаттың асыл тәжі болған Хазіреті Мұхаммедтің (с.а.у.) өмір тарихына бір сәт көз жүгіртіп қарар болсақ, әуелі «Мухаммадул Әмин» деген атпен Меккелік мүшріктер арасында танымал болған Пайғамбарымыздың кіршіксіз келбетін көреміз. Мүшріктер Хазіреті Мұхаммедтің (с.а.у.) 40 жасқа дейінгі өмірінде ешбір жалған сөйлемегеніне куә болады. Ол кезеңде өтірік айтпау, алдап-арбамау мүмкін емес-тін. Міне, сондай азғындық белең алған уақытта Пайғамбарымыздың бір ауыз жалған сөйлемеуінің өзі, Оның болашақ пайғамбар екендігінің айқын белгісіндей әсер етті. Пайғамбарымыз хақ дінді алғаш рет Меккеліктерге ашық түрде жариялау үшін Сафа тауына шығып:

- Ей, Құрайыш жұрты! Сіздерге мына төбенің артында дұшпан әскерінің келе жатқанын айтсам, сенетін бе едіңіздер?-деген сөзіне жиналған қауым бірауыздан:

- Әрине, сенеміз. Өйткені сенің жалған сөйлегеніңді естіген емеспіз, - деген болатын.

  1. Аманат. Аманат – сенімді деген ұғымды білдіреді. Демек пайғамбарлардың екінші бір сипаты, ерекшелігі өте сенімді тұлға болуы. Пайғамбарлар өздеріне пайғамбарлық міндет келгенге дейін және пайғамбар болғаннан кейін де ешқандай қиянатшылдық жасамаған, жасағандықтары жайлы деректер де жоқ және ондай деректерді кездестіру де мүмкін емес. Себебі, Құранда пайғамбарлардың бұл ерекшеліктерін: «Бір пайғамбар үшін олжаға (аманатқа) қиянат ету мүмкін емес» (3.Али Имран-161) – деп келтіреді.

Ия, пайғамбарлар Алладан келген уахиге қиянат етуі былай тұрсын, елдің титімдей затына да қиянат етуден аулақ болатын. Мәселе солай бола тұра, кейбір шығыстанушылар не яһудилер Хазіреті Мұхаммедті (с.а.у.) Құранды өз ойынан шығарған, яки кейбір жерлерін өзі қосқан деседі. Бірақ, мұндай көпе‑көрнеу жаланың да ешбір негізі жоқ. Себебі, аятта: «Егер елші Бізге қарсы Құранға кейбір сөздер қосқан болса, біз оны оң жағынан күштеп ұстайтын едік те, сосын оның күре тамырын кесер едік» (69.Хаққа, 44-46) – дейді.

Құранда пайғамбарлар өз қауымына Алланың әмірі мен тыйымдарын уағыздау мәселесінде өздерінің шынайы сенім иелері екендіктерін білдіреді. Мысалы, «Шуғара» сүресінде Нұх (а.с.) пайғамбар, Һуд пайғамбар, Салих пайғамбар, Лұт пайғамбар қауымдарына: «Рас, мен сендер үшін сенімді бір Елшімін» (26.Шуғара, 107, 125, 143, 178 аяттар) ‑ дейді.

Екі дүниенің нұры болған Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбар Мекке халқы үшін аманаттың нышаны, айнымас бірегей тұлғасы еді. Меккелік мүшріктер Хазіреті Пайғамбарымызға дұшпан бола тұра, аманат мәселесіне келгенде заттарын Пайғамбарымыздың үйіне тапсыратын. Ойлап қарасаңыз, мұның өзі адамды таң қалдыратын жайт? Пайғамбарымызға өлердей дұшпан бола тұрып, бірақ бір затын аманат етіп тастап кету мәселесінде одан абзал жан таппайды? Алланың көшу әмірі келгенде Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзіне аманатқа тапсырылған бүкіл затты Хазіреті Әлиге тапсырып, Өзі көшкеннен кейін заттарды егелеріне тапсыруды бұйырды. Яғни, өзіне қарсы шыққан дұшпанның затына титтей де болсын арамдық ойламай, өз затындай сақтау тек пайғамбарға ғана тән іс.

  1. Исмәт (күнәсіз). Исмәт – күнә істемеу әрі күнә атаулыдан пәк деген ұғымды білдіреді. Олай болса пайғамбарлар әсіресе пайғамбар болғаннан кейін ешқандай күнә істемеген. Жоғарыдағы айтып өткеніміздей, пайғамбарлар Алланың бақылауында болғандықтан, олар үлкенді-кішілі күнәлардан және жалпы күнә жасау ұғымынан пәк. Ал ол жандардың пайғамбарлығынан бұрын кейбір шалыс басқан істері болуы мүмкін. Мұндай іс-әрекеттерді дінімізде «зәллә» деп атайды.

Егер де қайсы бір пайғамбар елшілігі барысында мысқалдай болсын қателікке бой алдырса, Алла Тағаладан дереу ескерту берілген. Мысалы, Хазіреті Пайғамбарымыздың да бірнеше мәселе жөнінде ескерту алғандығы мәлім. Әуелгісі Хазіреті Пайғамбарымыз көкесі Әбу Тәлібке қатысты ескертуі. Пайғамбарымыз көкесіне: «Лә иләһә илллАлла де, ақиретте шапағат етейін», - деп өтінеді. Бірақ Әбу Тәліб тілін кәлимәға келтірмеген күйі өмірден озады. Сонда Алла Тағаладан мынадай ескерту бабындағы аят түседі: «(Мұхаммед) Расында сен жақсы көргеніңді тура жолға сала алмайсың. Бірақ Алла кімді қаласа, оны тура жолға салады...» (28. Қасас-56). Пайғамбарымыз әлі де болса бір мүмкіндік болар деген ниетпен Әбу Тәліб үшін және кешірім тілегенде: «Пайғамбарға және мүминдерге тозақтық екендігі өздеріне білінгеннен кейін егер жақындары болса да, мүшріктер үшін жарылқау тілеулеріне болмайды» ‑ деген «Тәубе» сүресінің 113-аяты түседі.

Бірде Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) Құрайыш көсемдерін бір жерде жиналып тұрған сәтін кездестіріп қалады да, дереу сол сәтті пайдаланып, бәріне бірдей Ислам дінін түсіндіре бастайды. Сол кезде көзі соқыр, бірақ жүрегі иманға сусындаған Абдулла ибн Умму Мәктум (р.а) Пайғамбарымыздан Алла және Ислам діні жайында өзіне уағыз айтуын сұранады. Пайғамбарымыздың кімдермен сөйлесіп тұрғанын бейхабар Умму Мәктум өтінішін және екі‑үш рет қайталайды. Пайғамбарымыз Құрайыш көсемдерін екінші рет бұлай топтасқан күйде кездестіру мүмкіншілігі бола бермейтіндігін ойлап, Абдулланың өтінішіне іштей наразы болып, жақтырмаған сыңай танытады да, қабағын шытады. Пайғамбарымыздың дәл осы әрекетіне қатысты «Абаса» сүресі нәзіл етіледі: «Қасыңа соқыр келіп еді, тыжырынып қабағы түсіп кетті. Мұның қалай? Бәлкім, ол (күнәдан) арылар. Немесе сенен алған ақыл-кеңес оның пайдасына асар. Ал, енді Құрайыш көсемдері келсе оған көңіл бөлесің, тіпті олардың күнәдан тазару, тазармауы өзіңе міндет болмаса да. Ал, енді өзіңнен үміт күтіп, Алладан қорқып, ықыласпен келген адамға теріс қарайсың...».

  1. Фәтәнат (зерек, алғыр, ақылды). Фәтәнат – пайғамбарларға тән ерекше ақылдылық һәм зеректік қабілет. Ал бұл ұғымға қарама‑қарсы мағынадағы (ілімсіз, парасатсыз, ұмытшақ т.б.) бүкіл қасиеттер пайғамбарлар үшін мүлдем жат нәрсе. Пайғамбарлардың мұндай ерекше парасат‑пайымға ие болулары – олардың Жаратушыдан жеткізген діни заңдылықтарды үмметтеріне таратып, түсіндірудегі аса қажет қабілет екендігімен тікелей бай- ланысты.
  2. Тәблиғ (жеткізу). Әрбір пайғамбардың Алладан алған діни үкім мен тыйымдарын өз қауымына кемшіліксіз жеткізу ісін «тәблиғ» деп атаймыз. Тәблиғ - пайғамбарлардың дінді жаю жолындағы ең басты әрекеті болып есептеледі. Егер олар Жаратушыдан жеткен бүкіл әмір мен тыйымдарды адамдарға айна – қатесіз жеткізбесе, өз ісіне қиянат жасаған болып табылады: «Әй, Пайғамбар! Раббың тарапынан түсірілгенді жеткіз (тәблиғ ет). Егер оны істемесең елшілік міндетін жалғастырмаған боласың...» (5.Майда-67).

 Пайғамбарлық ұлық мақсат тәблиғ арқылы жасалады. Олар барынша шыншыл, аманатшыл болғандықтан, Алладан қандай мағынада болсын уахи түссе, оны сол күйінде жұртшылыққа жеткізу пайғамбарлардың ең басты асыл парыздарының бірі һәм бірегейі. Мәселен, Хазіреті Пайғамбарымыз асырап алған ұлы Зәйд ибн Харисаны туысы Зейнеп бинти Жахш есімді қызға қосады. Зәйд пен Зейнептің жұбайлық өмірлері ұзаққа бармай, соңы ажырасумен аяқталды. Сол сәтте, Алла Тағала Пайғамбарымызға туысы әрі келіні болып саналатын Зейнепті алуды бұйырды. Әрине, сол кезеңдегі араб әдеті бойынша келінімен үйлену өліммен тең арсыздық еді. Бірақ, аяттың мазмұны анық: «(Мұхаммед (с.а.у.)) Сол уақытта өзіне Алла да бақ берген, сен де бақ берген Зәйдке: Жұбайыңды ажыратпа, Алладан қорық! – деуде едің. Аллнтың жариялайтын нәрсесін көңіліңде жасыруда едің. Адамдардан қорқасың. Негізінде қорқуға Алла ең лайық. Сонда одан Зәйдтің жұмысы біткен кезде оны саған некелендірдік. Мүминдерге асырандыларынан босаған әйелдерді алуда бір күнә болмауы үшін Алланың әмірі орындалады» (33.Ахзаб – 37).

Міне, осы аят түскен кезде Хазіреті Пайғамбарымыз сахабаларына, қандастарына мәселені бірден айтуға тілі бармай, біршама мазасызданады. Бірақ, көп ұзамай, Алладан келген аталмыш әмірді жұртшылыққа жеткізеді. Сөйтіп, Пайғамбарымыз Зейнеп бинти Жахшпен отау құрады. Ал осы мәселенің Пайғамбарымызға қаншалықты ауыр болғанын Хазіреті Айша анамыздың мына сөздерінен‑ақ аңғаруға болар: «Егер Пайғамбарымыз Құраннан қандай да бір сөзді жеткізбестен жасырып қалатын болса, осы аятты жасырып қалар еді».

Демек, тәблиғ мәселесінде пайғамбарлар аяттарды мүлтіксіз жеткізген және оған біздің мысқалдай да күмәніміз жоқ. Ал Құранда бұл тақырып жөнінде және бір аят бар, онда: «Ешбір пайғамбар Алланың рұқсатынсыз бір аят келтіре алмайды. Әр нәрсенің мезгілі жазулы» (13.Рағыд-38) деп тайға таңба басқандай кесіп айтылған.

         (Материал «Иман негіздері» кітабынан алынды)

Ummet.kz

Бөлісу: