26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Алла тарапынан түскен парақтар (сухуфтар)

Ақида
Жарнама

Алла Тағала адамзатқа хақ жолды нұсқап, әркез халал мен харамды айыра білу үшін соған қатысты үкімдерін кітап арқылы жеткізіп отырды дедік. Міне, сол үкімдер жинағын қамтитын кітаптармен қатар парақтар да түсірілгені аян.

Бұл парақшалар белгілі бір қауымға, жамағатқа, тайпаларға түскен. Олардың мазмұны мен құрылымы сол кездегі қауымдардың қажеттіліктері мен мәселелеріне жауап беретіндей дәрежеде шағын, қысқаша үкімдерден құралған еді. Бірақ, бұл парақтарда не айтылғаны, қандай мәселе қамтылғаны, қай пайғамбарға қанша парақ түсірілгені жайында нақты дәлел жоқ. Себебі, сол кезеңдегі үмметтер бұл парақтарға сай қырағылық пен сақтап қалу жолында жанқиярлылық танытпағандықтан пайғамбарлары дүниеден өткеннен кейін уақыт өте келе жоғалып кеткен. Біздің міндетіміз - сол парақтардың Алла Тағала тарапынан түсірілгендігіне сену ғана. Себебі, аталмыш парақтардың мазмұны бізге белгісіз болғандықтан оның ішкі мәтіні тұрғысынан жауапқа тартылмаймыз.

Елмалы Хамди Язир есімді ғалымның «Хақ дини Куран дили» атты тәпсірі мен Әбул Ләйс әс-Самарқандидің «Тәнбихул ғафилин» атты еңбегінде бұл парақтардың жалпы саны 100 екендігін білдіреді. Соңғысы негіз ретінде Әбу Зәрр әл-Ғыффариден (р.а) риуаят етілген әлсіз (зайыф) хадисті алады. Бұл хадис бойынша Алла Тағаладан түскен 100 парақтың 50 парағы - Шитке (а.с.), 30 парағы - Идриске (а.с.), 10 парағы - Ибраһимге (а.с.), 10 парағы - (Таураттан алдын) Мұсаға (а.с.) түсірілген екен. Басқа бір хадисте Мұсаға (а.с.) емес, Адам (а.с.) атаға түсірілгендігі жөнінде айтылады.

Құран Кәрімде бұл парақтардың қай пайғамбарларға түсірілгендігі жайында кеңірек мағлұмат жоқ болғанымен, Хазіреті Ибраһим (а.с.) мен Хазіреті Мұсаға (а.с.) парақтардың жіберілгені жайлы деректер бар.

 Аятта бұл мәселе былай деп келтіріледі: «Оған Мұсаның (а.с.) нұсқаларындағы нәрселер білдірілмеді ме? Сондай-ақ әмірді орындаушы Ибраһимнің (а.с.) де?» (53.Нәжім, 36-37).

«Әлдекім тазарса, ол құтылды. Ол Раббының атын еске алып, намаз оқыды. Бірақ сендер дүние тіршілігін артық көресіңдер. Ақирет хайырлы да тұрақты. Негізінен бұл үкімдер бұрынғы нұсқаларда бар. Ибраһим мен Мұсалардың нұсқаларында» (87.Ағла, 14-19).

(Материал «Иман негіздері» кітабынан алынды)

Ummet.kz

Бөлісу: