26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Алла Тағала тарапынан түскен қасиетті кітаптарға иман

Ақида
Жарнама

         Алла Тағала жаратылыстардың ішіндегі ең ұлығы адамдарға тура жолды үйрету мен ақиқатқа жету, халал мен харамды айыра білу үшін пайғамбарларына парақтар мен кітаптарын түсірген.

Міне, осы түсірілген кітаптарға деген сенім бүкіл адамзатқа парыз әрі бұл иман негіздері болып есептелінеді. Құранда бұл мәселеге байланысты: «Адам баласы бір-ақ үммет еді. Сонда Алла қуандырушы, қорқытушы пайғамбарлар жіберді. Адамдардың араларындағы талас нәрселерге үкім ету үшін олармен бірге хақ Кітап жіберді» (2.Бақара – 213) ‑ дейді.

 Және бір жерінде: «(Мұхаммед (с.а.у.)) олар саған түсірілгенге әрі сенен бұрынғы түсірілгенге сенеді және ақыретке анық нанады» (2.Бақара- 4) деп келеді.

 Алла Тағаладан жеткен Қасиетті Құран мен өзге үш кітапқа сенбеген жан иман еткен болып саналмайды: «Әй, муминдер! Аллаға, пайғамбарына және оған түсірілген Құранға сондай-ақ одан бұрынғы түсірген кітапқа иман келтіріңдер. Ал, кім Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, елшілеріне және ақырет күніне иман етпесе, қарсы шықса, сонда тым ұзақ адасты» (4.Ниса-136).

Егер де қайсыбір адам адамзаттың соңғы пайғамбары Хазіреті Мұхаммедке (с.а.у.) және Алланың кітабы қасиетті Құран Кәрімге сенбесе, онда ол алдыңғы пайғамбарлар мен түсірілген өзге де қасиетті кітаптарға да сенбеген болып табылады. Құран бұл жайында былай дейді: «(Мұхаммед (с.а.у.)) Егер олар сені мойындамаса, сенен алдыңғы ашық дәлелдер, нұсқалар және түрлі кітап келтірген пайғамбарларды да мойындамаған болады» (3.Али Имран-184).

Адамзат баласына Алла тарапынан қасиетті кітаптар мен қатар, жекелеген парақшалар түскендігі жайлы аят пен хадистерден білеміз. Алайда, Құраннан бұрын түскен қасиетті кітаптар заман өте келе түрлі өзгертулермен бұрмалауға ұшырап, түпкі нұсқасынан біршама алшақтап кеткені белгілі. Ал, парақшалар жайында нақты деректер жоқ. Сол себепті де, біз иман ету мәселесінде түпкі нұсқасы өзгеріске түскен қазіргі Таурат, Забур мен Інжілді басшылыққа ала алмаймыз. Тек қана, бізге жеткен қасиетті кітаптардың ішінен ілкі мазмұны өзгермеген асыл нұсқасына ғана иман етеміз.

(Материал «Иман негіздері» кітабынан алынды)

Ummet.kz

Бөлісу: