Құран мен хадисті түсінуде және оны өмірде қолдануда сәләфу-с салихиннің жолын үлгі ету Құран мен Пайғамбар (с.а.у.) сүннетін ұстанатын мұсылман болудан туындайтын міндет. Себебі, Алла Тағала өзінің елшісіне бой ұсынуды әмір етіп: «Пайғамбар сендерге не берсе соны алыңдар, сендерді неден тыйса содан тыйылыңдар» деді.
Ал Пайғамбарымыз (с.а.у.) болса, өзінің және тура жолдағы әділетті орынбасарларының, сондай-ақ сахабалар мен алғашқы үш буын өкілдерінің ішіндегі ізгілердің жолымен жүруді әмір етті. Бұл жайындағы хадис шәріптер: «Дінге жаңадан енгізілген істерден сақтаныңдар. Ол – адасушылық. Кімде-кімнің өмірі осыған (дінге енгізілген жаңа істер етек алған уақытқа) жетсе, ол менің және менің тура жолдағы әділ халифаларымның жолын ұстанып, мықтап жабыссын».
«Адамдардың ең абзалы менің заманымдағылар. Одан кейін оларға ергендер, одан кейін оларға ергендер». Олай болса олардың ең абзал қауым ретінде баяндалуында, оларға еру мен оларды үлгі тұтудан басқа бір мағына жоқ. Ал «сәләфия» деп аталатын, құрамындағы мүшелерін көбейтуге негізделіп құрылған жаңа ағымды мәзһаб ретінде ұстанудың жоғарыдағы «үлгі тұту» ұғымына қатысы жоқ бөлек нәрсе екені белгілі. Себебі көптеген мәселеде екеуі екі бөлек үғым екені айқын байқалады.
Енді осы сәләф деп аталған Исламның алғашқы дәуіріндегі үш буын өкіліне еріп, үлгі тұту мен бүгінгі «сәләфия» деген ағымды ұстанудың арасындағы айырмашылыққа тоқталайық. Бұл екеуінің арасындағы айырмашылықты «Мухаммадилер» мен «Мұсылмандар» деген сөздің арасындағы айырмашылыққа ұқсатуға болады. Мұсылмандарға «Мухаммадилер» сөзін қолдану мұсылман емес зерттеушілер мен ориенталистердің әдеттері екені баршаға мәлім. Тағы бір айқын нәрсе – бұлай атаудың ислами ережелер мен шынайы мұсылмандардың өмір шындығына сәйкеспейтін теріс іс екендігі. Себебі «мухаммадилер» сөзі мұсылмандарды Мұхаммедтің (с.а.у.) жеке басына тәуелді, оның жеке пікірлерінің тараптарлары етіп көрсетеді. Ал «мұсылмандар» сөзі болса, Алла Тағаланың әмірі мен үкімдерін дін етіп ұстануды және Мұхаммедтің (с.а.у.) елшілігі арқылы келген барлық нәрсені қабылдау дегенді білдіреді. Шын мәнінде пайғамбарға (с.а.у.) бой ұсыну оны сүю – Аллаға бой ұсыну мен оның елшісі екендігін қабылдаудың нәтижесі.
Міне осы «Мухаммадилер» мен «мұсылмандар» сөзінің арасындағы айырмашылық сәләф қауымына еру мен «сәләфия» жолын ұстанудағы айырмашылықтың нақ өзі. Сәләфилікті ұстану – сәләфус-салихиннің жеке тұлғалық қасиеттерін сомдайтын және олардың жеке жамағат болғандығын көрсететін арнайы мәзһабтары болды дегенді білдіреді. Бұл қате пікір. Ақиқатында, оларда Алла пен пайғамбарына кәміл түрде бойсұнудан басқа жеке бастарына тән ерекшеліктері болған жоқ.
Бұған қоса бүгінгі сәләфия мәзһабына кірушілер өзге мұсылмандардан ерекше, өздерін ғана шынайы Исламды алып жүрушілер, Исламды ең дұрыс үлгіде жандандырушылар етіп көрсетуде. Олардың осылай түсіндіруі мен суреттеулерінің нәтижесінде Ислам – осы ағымның және сол ағымдағылардың ізінен еру; олар қайда барса сонда бару; этика негіздерін олар неге негіздеп құрса соған негіздеп құру; олар неге қарсы күрессе, соның барлығымен күресу болып шыға келеді.
Ал сәләфтарға шын мәніндегі еру дегенге келетін болсақ, ол Пайғамбарымыз (с.а.у.) құрметтеуге әмір еткен, Алланың дінінде шынайы болған үш буын өкілдерін құрметтеуді білдіреді. Сондай-ақ Құран мен хадисті түсіну мен олардан шариғи үкімдерді, діннің басты қағидаларын анықтауда солардың ұстанған жолын үлгі тұту болып табылады. Ислам – өзінен бұрынғылардан үйрену арқылы болатын жол. Яғни Пайғамбарымыздан (с.а.у.) бері қарай үзіліссіз жеткен болуы керек. Ешкім өзінің жеке ақылына, тәжірибесіне сүйеніп, дінге өзгеріс енгізе алмайды. Сондықтан шариғаттың негізі мен діңгегі – дұрыс түсінік пен таным қалыптастыратын өзгермес әдістемелік ережелер жиынтығы болып табылады. Ал, Пайғамбарымыздан (с.а.у.) қалған осы әдістемелік ережелерге қол жеткізуде Алла Тағаланың дінінде шынайылықпен танылған сәләфус-салихин нағыз үлгі болады. Себебі сәләф дәуірінің өзінде осы діни нормалар мен ережелердің таразылауында қадірі артқанның қадірі артты, дәрежесі түскеннің дәрежесі түсті. Бұл нормаларды ұстанбағандар Исламның алғашқы дәуірінде өмір сүргеніне қарамастан салафуссалихин қатарынан шығып қалды.
Сәләфия деп аталатын ағымды ұстану мен Пайғамбарымыз өсиет еткен сәләфус-салихинге ерудің арасындағы айырмашылық осы. Яғни бірі – олардың жеке бастарының ерекшелігіне еліктеп, сол дәуірді аңсау. Бұл Алла Тағала рұқсат етпеген және тарихта ешбір көрініс таппаған іспен айналысу ғана. Бүгінгі сәләфилік осыны көрсетеді. Ал екіншісі – діннің негіздерін үйренуде олардың ұстанған жолын үлгі тұту. Бұл – нағыз діннің өзегі, асылы және Пайғамбарымыз (с.а.у.) шақырған өзінің және оның әділетті, һидаяттағы халифаларының жолының негізі. Жоғарыда айтып өткеніміздей төрт мәзһаб осы ережелерді басшылыққа алады.
Исламның әуеліндегі қасиетті үш ғасырда Ислам үмметінің ішінде өзге мұсылмандардан ерекшеленіп тұратын құндылықтары мен негіздері бар, оның құрамына кіргендерді «ұлық дәрежеге» ие қылатын «сәләф мәзһабы» немесе «сәләфия» деген мәзһабты көре алмаймыз. Ол ғасырларда өзге ешбір сипат оның орнын басып, теңесе алмайтын бір ғана ерекше сипат болды. Ол сипат – дінде шынайылық таныту және дінді арнайы ережелерге сәйкес түсініп, іс жүзіне асыру. Ол ережелер бүгінгі «усулу-л фиқһ» (фиқһ негіздері) пәнінде реттеліп жинақталған. Кімде-кім осы сипатқа ие болса ол дүниеде де, ақыретте де биік мәртебеге лайық болады. Сондықтан оның Ислам қауымының мүшесі, бір бөлігі болуына мезгіл мен мекен кедергі ете алмайды. Егер кімде-кім осы сипатқа ие болмай Исламды түсінудегі жолдың негізінен шықса немесе жат бір нәрсе енгізсе, онда оның бұл жат әрекеті оны Ислам қауымының қатарынан шығарып тастайды. Жат әрекеті үшін оның қай уақытта, қай мекенде өмір сүргені ешбір мәнге ие болмай қалады. (Автор сәләфус-салихиндердің дінді түсініп іске асыруда ұстанған жолына арнайы тарау бөліп кеңінен тоқталған. Бұл жолды қысқаша негізгі үш бөлікке бөлуге болады.
1. Жеткен хабардың дұрыс немесе бұрыстығын таразылауды үйрететін қағидалар мен деректер жиынтығы. Бұл хадис ғылымының риуаят саласы.
2. Араб тілінің құрылымына негізделген сөздің мағынасы мен мазмұнын түсіндіретін қағидалар жиынтығы. Бұл қағидалар мен деректердің нәтижесінде бүгінгі қолданыстағы араб сөздіктері, түсіндірме сөздіктер және мәтінтану негіздері қалыптасты. Кейіннен бұлардан мәтінді тәпсірлеудің және сөздің мағынасы мен мазмұнын анықтаудың ғылыми әдістемелігі құралды.
3. Күнделікті оқиғаларды қорытындылап баға берудегі логикаға негізделген мантық-қисын қағидаларының жиынтығы. Бұл қағидалар қорытынды үкім шығаруда басшылық жасайды.)
Сәләф кезеңінің өзінде де осы бекітілген жолдан ауытқыған әртүрлі топтар мен ағымдарды көреміз. Олардың сәләф дәуірінде өмір сүрулері оларға пайда бермеді. Сәләфқа еру мен бүгінгі өзін «сәләфи» атаудың арасындағы айырмашылықты көрсеткеннен кейін былай деймін: «Егер «сәләфия» мәзһабын құрып, өздерін соған тиесілі етіп, мұны өздерін өзге мұсылмандардан ерекшелейтін белгі етіп алғандардың бұл ісі дұрыс болса, онда былай дер едім:
– Егер Исламның тарихының сәләфус-салихин өткен жалпы кезеңінен бір мәзһаб шығару дұрыс болатын болса, онда өзге біреулердің «Хуләфә-и Рашидин (әділетті халифалар)» кезеңіне тиесілі мәзһаб шығарып «Рашидиин (әділеттілер)» деп атауы дұрысырақ болар еді. Себебі хадисте «сәләфиин» сөзі емес «Рашидиин» сөзі айтылады. «Сендер менің және әділетті (рашидин), тура жолдағы халифаларымның жолын ұстаныңдар» (хадис). Бәлкім үшінші біреу сахабалар кезеңінен бірмәзһаб шығарып, сөйтіп оған кірген әрбір кісіні «сахабиин» деп атауы дұрыс болар». Сәләфу-ссалихин өзі де фиқһи үкімдерде ижтихад жасап, ижтихади айырмашылықтарының нәтижесінде әр түрлі фиқһи мәзһабқа бөлінді. Ең азы бүгінгі төрт мәзһабты айтуға болады. Бұл мәзһабтар мәзһаб иелерінің ізденісі мен зерттеулерінің нәтижесінде жеткен ғылыми тұжырымдар жиынтығы ғана. Олардың ижтихад жасаған мәселелері шариғатта орындалуы және үкімі белгіленуі керек істер еді. Ал осы мәзһаб иелерінің бір-бірімен қарым-қатынасына келер болсақ, олар жақсы қарым-қатынаста болды. Барлығы әхли суннә уәл-жамаға шеңберінде жүрді. Шариғи үкімдерді анықтауда, Құран мен сүннетті тәпсірлеуде барлығы сенімді жолдың басшылығынан шықпады. Ижтихад жасауда бір-біріне жәрдемші болды. Өздерінің ижтихадтары неге алып барса сонымен амал етуге міндетті екендігін олардың әрбірі жақсы білуші еді. Ал, итиқади және фиқһи ізденісте өз көзқарастарынан өзінің жеке діни тұлғасын ерекшелеп тұратын белгі жасап алушы адамдарда осы бір өзара жәрдемдесу ісі қайда екен?
Сондықтан олар ұлық имамдардың жолын түсіне алмайды. Аллаһтың дінінде өзара жәрдемдесу былай тұрсын, олар өздерінің ұстанған пікірлерінен қарулы қорған соғып алуда. Сәләфус-салихин мен оларға ерген ғұламалардың мақұлдап кеткен ижтихад қағидаларын ұстанғандарына қарамастан, бұл қорғанға өздерінің пікірлеріне қайшы пікірмен кіргендерге соғыса кетпек.
Сонда сәләфус-салихинді үлгі тұту қайда қалды? Құран мен сүннетті ұстану барысында әр түрлі тұжырым жасауға алып баратын ижтихади мәселелер көп екендігінде талас жоқ. Бұл мәселелердің көпшілігінде сәләф қауымының өзі де әр түрлі тоқтамға барды. Енді, бұл мәселелерге бүгін өздерін «Сәләфия» деп атайтын топ араласып, дұрыс тарапын «бір тұжырым, бір сөзбен» ғана шектеуге тырысуда. «Дұрыс тұжырымды» өздерінің қабылдаған пікірлері етіп қана көрсетеді.
Одан кейін ол пікірлерін хақ діннің рәмізі етіп белгілеп, өздеріне қарсы болғандардың барлығының адасушылығы мен жөнсіздігіне осы рәмізді дәлел етіп береді. Олар осының барлығында әртүрлі пікір мен ижтихадтарды таразылайтын ешбір әдістемелік қағидаларды ескермейді. Сәләф қауымының өзі де бұл мәселелерде әр түрлі пікірді қабылдағанын есепке алмайды да.
Осылайша сәләфқа еру, оны үлгі тұту мен жаңадан шығып Ислам түсінігіне кейіннен енген, мұсылмандарды екі топқа бөлмесе тұра алмайтын сәләфия деген ағымды ұстанудың араларындағы айырмашылық айқындалады.
материал «Мәзһаб туралы таным» кітабынан алынды,
ummet.kz