26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

«Тəкфир» сөзінің мағынасы, оның қазіргі мұсылмандардың сеніміне қатысы

«Тəкфир» сөзінің мағынасы, оның қазіргі мұсылмандардың сеніміне қатысы

Ақида
Жарнама

Соңғы кездері көптеген мұсылмандар жүректеріне күмән салатын адамдармен жиірек ұшырасуда. Олар «тәкпіршілер» деп аталатын жамағат өкілдері. Бұлар өздерінің жалған сенімдерімен көптеген мұсылмандарды сенім мен күпірлік (таухид пен ширк), бірқұдайылық пен серік қосу (иман мен ширк) мәселесінде адастырып, өздерінен басқа мұсылмандарды адасқан деп айыптауда.

Бұл – жастар мен діни сауатсыз жандарды қызықтыратын әрі өзге де бүліктер секілді өткенді ұмыт қалдырып, жарқын болашақты уәде ететін әдеттегі бүлік. Ал егер адамзат тарихындағы беделді біреудің сөзіне жүгіне уағыздаса, жоғары нәтижеге қол жеткізері анық. Осының барлығының артында үлкен саяси және экономикалық күш- қуат жинап отырған жасырын тұлға тұр. Өкінішке орай, осыған ұқсас жағдайлар бұрынғы кеңес өкіметі құрамында болған аймақтардың барлығында дерлік ұшырасуда. Олардың ұстанымынша, мүшірік, яғни Аллаға серік қосушыны мойындамайтын адамның өзі мүшірік.

Қазіргі таңдағы жағдайға келер болсақ, жікшілдік саясаты мен соғыс жариялау, біреудің мүлкін тартып алу не болмаса қол сұғу – мұның барлығы саясат не болмаса надандық, алдыңғы шепте болуға талас, арам жолмен пайда табу. Тәкфир – дінге енген жаңалық. Әлдекімдердің: «Пайғамбардың (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) сүннетіне ерудеміз», «Таза Ислам» немесе «таза таухид» деп жүрген жалған сенімдері шектен шыққан қателік. Исламның он төрт ғасырлық тарихында көптеген ислами мектептер пайда болды, солардың біразы ғана ислами болса, көпшілігі саяси-ислами болды. Яғни, белгілі бір үкіметтің мүддесін қорғау немесе идеологиялық бағытты ұстанды. Алғашқы алтын және ардақты ғасырларда, ғылым дамып жатқан кезде ислам әлемінде он шақты ғалымдар ортаға шықты. Ал, олардың еңбегі нәтижесінде қасиетті Құран мен сүннетке негізделген күшті мектептер пайда болды. Солардың ішінде әрі қарай тәжірибе жүзінде дамыған тек төрт мәзһаб болды. Себебі олар пайғамбарлық мұраны өздеріне қамтып, мұсылман үмметіне жеткілікті болған еді. Заманауи діни ілімге келер болсақ, ол үлкен мәдени- тарихи мұраны, заманауи ілімді меңгеруші ғалымдардың еңбегі негізінде дамуда. Бұл мұра өзінің өміршеңдігін, шариғат заңдарына сәйкестігін және өзектілігін дәлелдеп, қасиетті жазбалардың тәжірибеде қолдану тәсілдерін ендірді. Адамды Исламнан шығаратынына (мәуәниъ) қарамастан, әрі шартын сақтамастан (шурут) адамды күпірлікте айыптау (тәкфир) ең үлкен күнәлардың қатарына жатады.

Алла Тағала қасиетті Құранда («Қалам» сүресі, 35-36 аяттар) былай деген: «Бойұсынушыларды, күнәһарлардай етеміз бе? Сендерге не болды, қалай үкім бересіңдер?» Алла Елшісі (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) былай деген: «Кімде кім мұсылман адамды күпірлікте айыптаған болса, ол адамды өлтіргенмен тең». Имам әл-Қуртуби былай деген: «Күпірлікте айыптау (тәкфир) – көптеген адамдар өтпекші болып, сүрінген қауіпті есік. Бұл есікке таңдаулылар кірмей қорғалып қалды. Қорғалуға жететін ешнәрсе жоқ шығар!». Жоғарыда айтылғандардың барлығы күпірлікте айыптау мәселесінің (тәкфир), сондай- ақ кәпірлік (тәфсиқ) және дінге жаңалық енгізу (табдиъ) мәселелерінің маңыздылығын көрсетеді. Сүннет ұстанушылар (әһлі сүннет) күпірлік еткен адамның жасаған әрекеті күпірлікке дәлел бола алмаса, ол адамды имансыз деп санамайды. Ал дәлелді келтіру құқы адамның білім дәрежесіне байланысты беріледі. Қасиетті Құран мен Пайғамбардың (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) сүннеті амал мен амал етушінің арасын ажыратады.

Асылында, күнә істеуші әр адам кәпір болмайды. Және де Исламның қандай да бір қырын жоққа шығарушылар мен сол мәселені қате түсіндіретіндер (тәуил) арасында да айырмашылық бар. Негізінде екіншіге қарағанда, біріншісі имансыз болып саналады. Хузайфа (Алла оған разы болсын) Пайғамбарымыздың (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) былай дегенін айтады: «Расында, мен сендердің араларыңдағы Құран оқитын, әрі Құранның әдемілігі жүзінен көрініп тұратын және ол Исламның әскері болатын адам үшін қорқамын. Кейін ол Құранды қалдырып, одан сырт айналып өз көршісіне қылышын көтеретін болады, әрі оны серік қосушылықта айыптайды». Сонда Хузайфа (Алла оған разы болсын) былай деп сұрады: «Ей, Алланың Елшісі (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын)! Екеуінің қайсысы серік қосушыға жақын, айыптаушы ма, әлде айыпталушы ма?!» Ол былай деп жауап берді: «Жоқ ,айыптаушы».

Қарап отырсақ, біздің заманымызда Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) қорыққан жағдай орын алып отыр. Осы күнге дейін дұрыс сенімде жүріп келгендер өздерінің сенімдері мен әдістерін (манхадж) өзгертті, әрі мұны дұрыс деп санайды! Шындықты ұстану – жақсы, ал ең бастысы – сол жолда жан тәсілім ету. Барша мұсылмандар Пайғамбар (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) неден қорыққан болса, ол нәрседен қорқу қажет. Алла Елшісі (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) үш мәрте былай деп қайталаған: «Шектен тыс кінәмшілдік пен қаталдық танытушылар жазым болады». Шектен тыс кінәмшілдік, жанкештілік жақсылыққа апармайды. Кінә таға беру мұсылмандар арасындағы өшпенділікке апарады. Бұған қазіргі таңда мысал жетерлік...

Исламда анық насихат бар: «Дінде зорлық жоқ». Сондықтан да Ислам имандылық мен күпірлік мәселесін – адамның өз еркіндегі және ішкі түйсігінің шаруасы деп қарайды. Ислам діні мұсылмандарға дінге шақыру және оны тарату жолын белгілеп берген. Бұл жол, исламға даналықпен және жұмсақ тілмен шақыруды әрі көпқұдайшылармен пікір таластыруда көркем әрі мәдениетті түрде айтысуға шақырады: «Адамдарды Раббыңның жолына даналық және көркем үгіт арқылы шақыр. Әрі олармен көркем түрде күрес. Күдіксіз, Раббың Ол, тура жол тапқандарды да жақсы біледі». Ал, «Бақара» сүресінде: «...адамдарға көркем сөз сөйлеңдер...», - делінген. Қасиетті Құранда жүз жиырмадан астам аяттар Исламды адамдар не қабыл алып, не болмаса қандай әрекетке барса да сабырлықпен, қарапайым етіп жеткізуге үндейді. Қасиетті Меккеге жасаған жорықтан соң «Пайғамбар (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) жергілікті тұрғындарды былай деп босатқан: «Барыңдар, сендер боссыңдар!»[8]*. Осылайша ол Мекке тұрғындарын Исламды қабылдауға мәжбүрлемеген. Баршамызға белгілі, мұсылман әскері Оңтүстік Азияға немесе Батыс Африкаға жорық жасамаған. Алайда Ислам діні бізге сауда керуендері арқылы және өздерінің көркем мінезімен және жақсы қарым-қатынасымен адамдардың жүрегін жаулап алған мұсылман тақуалары арқылы жеткен.

Осылайша бұл аймақты мекен етушілер Исламды қабылдады. Жоғарыда аталған мәселелерді баяндай келе ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімі тәкфиршілер жамағатының іс-әрекеттері жалпы Ислам дініне жат болуы себепті Қазақстан аумағында таралуына тыйым салады.

ҚМДБ, шариғат және пәтуа бөлімі 

ummet.kz 

Бөлісу: