26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Матурудидің ақида ғылымындағы деңгейі қандай?

Матурудидің ақида ғылымындағы деңгейі қандай?

Ақида
Жарнама

Имам Матуриди өмір сүрген кезең Аббаситтер мемлекетінің әлсіреп, соның нәтижесінде бірқатар Ислам мемлекетінің пайда болған уақытпен тұспа-тұс келді. Маураннаһрда Саманидтер мемлекетінің құрылғаны тәрізді, бастапқыда Иран, Хорасан, Систан және Кирманды құрамына алған Саффариттер мемлекеті пайда болған.

Имам Матуридидің ислам әлеміндегі сенімге байланысты арпалыстың ең өршіген уақытына тап келгенін айттық. Бұл кезде Ислам халифаты күн өткен сайын ұлғайып, көптеген халықтар Ислам дініне кіріп жатты. Бір жағынан халифа Мәмун (813-833) дәуірінен бастап, ежелгі грек және үнді пәлсафасы араб тіліне көптеп аударылды. Мұсылмандардың өзара мәзһабқа бөлінгендері аздай, сырттан келген яхуди, христиан пәлсафашылары мен дін басылары сенімге байланысты түрлі пікірлер айтып, халықтың санасына көптеген күмәнді мәселелерді ұялатып, дел-сал күйге түсіріп қойды. Осындай сәтте исламның иман негіздерін қорғау мақсатында ақыл мен қисындық қағидаларды пайдалану қажет болды. Нәтижесінде, иман негіздерін әрі нақылмен (аят-хадис), әрі ақылмен бекітетін «Калам» атты жаңа әдіс пайда болды. Мұның латынша ұғымы − «теология». Имам Матуриди осы дәуірде шыққан әйгілі мутакаллим, яғни теолог еді. Имам Матуридидің шыққан жері Мауараннаһр өлкесі болғандықтан, ғалым сол аймақтағы Ханафилардың ақида мектебінің имамы атанып, сенім негіздерін жүйеге келтіруші болып саналады. Имам Матуридидің пікірлері көбіне каррамийлер, шийіттер және мұғтазилаларға қарсы болған. Әсіресе, мұғтазила бағытымен келіспейтін пікірлері көп болды. Өзімен замандас мұғтазила бағытының басшысы жазған үш кітаптың мазмұнындағы қателіктерге үш кітап етіп жауап жазуы имам Матуридің өз ұстанымын солардың ыңғайына қарай дәлелдегенін көрсетеді. Имамның түрлі ағымдар мен мәзһабтардың өкілдерімен Самарқанд пен одан тысқары жатқан мемлекеттердегі айтыстары мен пікір додалары көбіне-көп сәттілікпен аяқталып отырды.

Имам Матуриди Ислам шариғатын дұрыс түсіндіру үшін ақыл-ойға сүйену керектігін алға тартты. Бұл жағынан алғанда, ол діни мәтіндерді тек тура мағынасында түсінуді құптайтын кейбір ислам құқықшылары мен хадисшілердің әдістемесінен басқаша жолды ұстанды. Мәселен, «Ақыл-ойдың жаңылуы мүмкін, сондықтан нақылды тек сөзбе-сөз түсіну керек» деген пікірдің иелеріне Матуриди «Китабу-т Таухид» атты кітабында: «...Бұл пікір (ақылмен ойлаудан қашу) – шайтанның қатерлі тұзақтарының бірі. Өйткені ақылды қолдануға қарсы келушілердің өздері ұстанымдарын ақтайтын ақылдан басқа ешқандай дәлел келтіре алмайды (олар осы қарсылықтарының өзінде ақылға жүгініп отыр). Мұның өзі оларға ақылмен ойлаудың аса зәрулігін мойындатуға жеткілікті. Олар қалайша ақылға салып ойлауды жоққа шығарады. Алла тағала құлдарын ойлауға шақырады, оларға ой топшылау мен ақыл ізденісін жасауды бұйырады, сол арқылы ғибрат пен үгіт-насихат алудың қажеттілігін көрсетеді. Асылында ой-пікір мен ақылға салу ғылымның қайнаркөздерінің бірі екендігін дәлелдейді» деп, нақты әрі қисынды тұжырымдарын алға тартады.  Алайда, мұның екінші де жағы бар. Егер кімде-кім аят пен хадистерге сүйенуді теріске шығарып, адамның ақылы жете алмайтын дүниелерді, Алла тағаланың бүкіл иләһи хикметтерін өзінің шектеулі ақылымен қамтуды қаласа, өз ақылына қиянат жасап, көтере алмас шоқпарды беліне байлағандық болады.

Демек, имам Матуридидің ұстанымы ақылға сүйенгенде де шариғат шеңберінен шығып кетпеу болған. Осылайша, Матуриди ақылдың жаңылысып, адасатынынан қорқып, «Шындықты нақылдың (аят пен хадис) тысынан іздемеу керек» деген фиқһ пен хадис ғалымдарына қарсы шықты. Ол Алла тағаланың құлдарын ойлануға, өмірге үңіліп одан ғибрат алуға шақыратынан алға тартып нақылмен қатар ақылды да дәлел ретінде қабылдады. Алайда, әһли сүннет пен мұғтазилиттердің ақылды қолдану әдісінің арасында үлкен айырмашылық бар. Мұғтазилиттер сенімге байланысты аяттар мен хадистерді қате түсініп, тәшбихке ұрынған және ақылды мүлдем жоққа шығарған ағымдарға қарсы шыққандықтан, ақылға шектен тыс сүйенетінді шығарды. Тіпті, негізгі төреші етіп ақылды алды деуге болады. Оларға классикалық әдіспен төтеп беру біршама қиындық тудырды. Осы себепті, «Әһли сүннет» сенімін қорғау мақсатында жаңа әдіс тауып, иман негіздерін түсіндіруде аят пен хадиске қоса, ақылға да орын беруге қажеттілік туды. Матуриди мен Әшғари мектептері осы негізде қалыптасты. Имам Матуриди ақида саласында аят пен хадиске қоса, дінді түсіндіруде ақылды да, қажетті қағида ретінде пайдаланғанмен, ақылды өз орнымен қолданып, оған шектен тыс басымдық бермеуге тырысты. Имам Мұхаммед аш-Шайбани мен Әбу Юсуфтың шәкірттерінен ілім алған Матуриди ғұмырының соңына дейін діни тақырыптарда зерттеулер жасап өтті. Тәпсір, кәләм, фиқһ және фиқһ әдістемесі салаларында маңызды еңбектер қалдырып, көптеген шәкірттер тәрбиелеген. Ханафи мәзһабын еңбектері мен шәкірттерінің дәнекерлігімен жайған. Осы тұрғыда, ол Ханафи мәзһабының имам Ағзамнан кейінгі екінші үлкен ғалымы деп танылған.

ummet.kz

Бөлісу: