26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Алланың зати сипаттары

Алланың зати сипаттары

Ақида
Жарнама

Алла Тағала бүкіл әлемнің жаратушысы. Жаратушы жаратылыстан өзгеше болуы тиіс. Себебі жаратылыс деген жоқтан кейін пайда болған. Ал жаратушы басталусыз бар болуы міндетті. Олай дегеніміз жаратушының өзі  жоқтан пайда болса онда ол да өзін жарататын жаратушыға мұқтаж болады. Ол мұқтаж болған жаратушысы өз кезегінде жоқтан пайда болған болса өзі де тағы бір келесі жаратушыға мұқтаж болады. Осылайша өткен шақтағы шексіздік шынжыры тоқтамайды. Ал өткен шақтағы шексіз шынжырдың болуы ғылым көзімен мүмкін емес. Дәл солай бұл әлемнің жаратушысы жаратылған болуы да мүмкін емес. Ал, жаратылыс керісінше, жаратушысыз пайда болуы мүмкін емес. Жаратылыс жаратушыға тәуелді әрі мұқтаж. Сондықтан да бойында міні бар, кемшін.

Демек жаратушы жаратылысқа ең негізгі нәрседе ұқсамайды. Ол дегеніміз жаратушы заты мен болмысы жағынан жаралған бүкіл әлемге және оның ішіндегі әрбір мүшесіне ұқсамауы. Жаратушы Алла Тағала жоқтан пайда болған әлемге ұқсамаса, онда Жаббар иеміздің сипаттары да әлемнің бойында бар күллі сипаттарға ұқсамайды. Алланың заты да, сипаты да кемел. Бұған жоғарыдағы ақыл санатынан келтірген дәлеліміз куә. Ал Ұлық Жаратушымыздың қасиетті сөзінен дәлел келтіретін болсақ:

أَفَمَن يَخْلُقُ كَمَن لاَّ يَخْلُقُ أَفَلا تَذَكَّرُونَ

«Жаратушы біреу, жарата алмайтын біреумен тең бе? Енді де түсінбейсіңдер ме [1]

Бұл аятта Алла жаратушының құдіреті мен жаратылыстың әлсіз іс-әрекеті тең емес, бәлкім бұл екеуі бір-біріне мүлдем ұқсамайтындығын баян етіп отыр.

يَا أَبَتِ لِمَ تَعْبُدُ مَا لَا يَسْمَعُ وَلَا يُبْصِرُ وَلَا يُغْنِي عَنكَ شَيْئًا

Сол уақытта әкесіне: «Әй әкетайым! Естімес, көрмес, сондай-ақ өзіңе бір пайдасы жоқ нәрсеге неге шоқынасың?», - деді.[2]

Ал бұл аят адамдардың тастан немесе тағы басқа қолдарындағы бұйымдардан өздері жасап алған, не өздеріне, не өзгеге пайда бере алмайтын, тіпті адамнан да қор әрі әлсіз, жасанды, ойдан туындаған құдайлары шынайы Жалғыз Аллаға тең келе алмайтындығын айтып жатыр.

Демек Алланың заты кемел. Алайда біз Алланы Өзінің заты арқылы тани алмаймыз. Өйткені Алланың заты жаралмаған әрі шексіз, ал біздің ақылымыз жаралған және шектеулі, қысқа. Алланың сипаттары да кемел. Кемел дегеніміз еш бір кемшілігі жоқ. Кіршіксіз толық әрі көркем. Сансыз, шексіз әрі абсалют.      

Алланың сипаттарының санына жету мүмкін емес. Сондықтан да біз Аллаға Өзінің құдайлық ұлылығына сай келетін жалпы тұрғыда барлық кемелділік атаулы сипаттар міндетті деп сенеміз. Ал жекелей атап айтқанда Аллаға 6 зати сипатты келтіреміз. Ал зати дегеніміз болса атау жағынан да, мағына жағынан да  тек Алланың затында ғана бар сипаттар.

Әл-Ужууд сипаты (бар болу). Яғни, Алла Тағала бар және бар болуы  өздігінен, ешкім Оны жоқтан бар қылмаған, бәлкім Алланың бар болуынан жоқтық озбаған. Жоқ болу деген ұғым Алла Тағала үшін мүмкін емес. Бұл сипат Алланың қалған бүкіл сипаттары үшін негіз болып табылады. Құранда Алла Тағала:

ٱللَّهُ لَآ إِلَٰهَ إِلَّا هُوَ ٱلۡحَيُّ ٱلۡقَيُّومُۚ لَا تَأۡخُذُهُۥ سِنَةٞ وَلَا نَوۡمٞۚ لَّهُۥ مَا فِي ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَمَا فِي ٱلۡأَرۡضِۗ 

«Ол Алладан басқа тәңір жоқ. Ол тірі, әр нәрсені толық басқарып тұр. Ол қалғымайды да ұйықтамайды. Көктер мен жерлердің барлығы Соныкі...». [3]

Әл-Қидәм сипаты (бастауы жоқ). Яғни, Жаратушы белгілі бір уақытта пайда болмаған, Ол басталусыз бар. Алланың бар болуынан жоқтық озбаған. Ал жоқтан пайда болған әрбір нәрсенің бір жаратушысы болады. Аятта бұл жайында былай дейді:

هُوَ ٱلۡأَوَّلُ وَٱلۡأٓخِرُ وَٱلظَّٰهِرُ وَٱلۡبَاطِنُۖ وَهُوَ بِكُلِّ شَيۡءٍ عَلِيمٌ

«Ол Алла Тағала әуелгі әрі соңғы (әр нәрседен бұрын ежелден бар әрі мәңгі қалады, соңы жоқ). Және Ол, (әр түрлі дәлелдермен бар екендігі анық) көрнеу әрі (ақыл жетпейтін) көмес. Сондай-ақ Ол, әр нәрсені толық білуші».[4]

Әл-Бәқа сипаты (аяқталусыз, соңы жоқ). Яғни мәңгілік деген ұғымды білдіреді. Алла Тағала ‑ мәңгілік иесі. Ақылдың дәлелі бойынша бастауы болмағанның әлбетте соңы да болмауы заңды. Өзге бүкіл мақлұқаттардың бәрі пәни, қай‑қайсысының болса да ақыры мен соңы бар. Тек Алла ғана өздігінен мәңгі қалады. Бұған да аяттан дәлел айтсақ:

هُوَ ٱلۡأَوَّلُ وَٱلۡأٓخِرُ وَٱلظَّٰهِرُ وَٱلۡبَاطِنُۖ وَهُوَ بِكُلِّ شَيۡءٍ عَلِيمٌ

«Ол Алла Тағала әуелгі әрі соңғы (әр нәрседен бұрын, ежелден бар әрі мәңгі қалады, соңы жоқ). Және Ол, (әр түрлі дәлелдермен бар екендігі анық) көрнеу әрі (ақыл жетпейтін) көмес. Сондай-ақ Ол, әр нәрсені толық білуші».[5]

كُلُّ مَنۡ عَلَيۡهَا فَانٖ وَيَبۡقَىٰ وَجۡهُ رَبِّكَ ذُو ٱلۡجَلَٰلِ وَٱلۡإِكۡرَامِ

«Бүкіл жер бетіндегілер бітеді. Ұлы дәрежеге ие әрі жомарт Раббың өзі ғана қалады»[6]

Әл-Уахданияһ сипаты (жалғыз, дара). Бұл сипаттың мағынасы - Алла Тағаланың затында, сипаттарында және істерінде жалғыз, серігі мен ұқсасы жоқ екендігін білдіреді. Бұл дүниенің қандай да бір нәрсесін алып қарайтын болсақ затында бірнеше элементтен тұрады, яки оны бөлуге, бөлшектеуге болады. Ал, Алла Тағала затында ешбір элементтерден, бөліктер мен бөлшектерден тұрмайды, құралмайды да бөлінбейді. Сондай-ақ сипаттарында жалғыз. Оған тән сипаттар басқа ешкімде жоқ. Және әрбір сипаты өз алдына жалғыз. Алланың екі құдіреті немесе үш ілімі болуы мүмкін емес. Істерінде де жалғыз. Аллаға ешкім көмекші бола алмайды әрі ешкім Алланың ісіндей іс жасай алмайды. Құран аяттарында бұған дәлел көп. Солардың бірегейін келтірер болсақ:

وَقَالَ ٱللَّهُ لَا تَتَّخِذُوٓاْ إِلَٰهَيۡنِ ٱثۡنَيۡنِۖ إِنَّمَا هُوَ إِلَٰهٞ وَٰحِدٞ فَإِيَّٰيَ فَٱرۡهَبُونِ

 «Алла бұйырады: Екі тәңір жасап алмаңдар. Шын мәнінде Ол жалғыз, бір-ақ Тәңір. Ендеше, Менен ғана қорқыңдар». [7]

لَوۡ كَانَ فِيهِمَآ ءَالِهَةٌ إِلَّا ٱللَّهُ لَفَسَدَتَاۚ فَسُبۡحَٰنَ ٱللَّهِ رَبِّ ٱلۡعَرۡشِ عَمَّا يَصِفُونَ

«Егер жер мен көкте Алладан басқа тәңірлер болса, онда жер мен көк сөзсіз бұзылып кететін еді. Демек, Аршының Раббысы Алла олар жарастырған сипаттардан пәк».[8]

Әл-Мухаләфәту лил-хауадис сипаты (жаратылысқа ұқсамау). Яғни, Алла Тағала басталусыз бар болғанда ешбір жаратылыс болмаған. Жаратушымыз әлемді жоқтан пайда қылғанда бірнеше қағидаттарға байлаған. Ол дегеніміз кез-келген жаратылыс мекен мен уақытқа, бөлік пен бөлшекке, дене мен жай-күйге тәуелді. Ал Алла Тағала болса бұл ұғымдардың ешбіріне тәуелді де мұқтаж да емес. Әлемнің әрбір заттары мен бөлшектері мекенсіз бола алмайды, ал Алланың мекені жоқ. Әлем уақыттан тыс өмір сүре алмайды, ал Аллаға уақыт жүрмейді. Бір сөзбен айтқанда әлем қандай болса Алла Тағала ондай емес. Бұған мына аяттарда анық дәлел айтылған:

 لَيۡسَ كَمِثۡلِهِۦ شَيۡءٞۖ 

«Еш нәрсе Ол сияқты емес»[9]

وَلَمۡ يَكُن لَّهُۥ كُفُوًا أَحَدُۢ

«Әрі Оның ешқандай теңдесі жоқ»[10]

Абай атамыз да Құрандағы осы мағыналарды өз сөзімен өлеңдерінде былай терген:

«Мекен берген, халық қылған Ол – Лә мәкан,

Түп иесін көксемей бола ма екен?

Және оған қайтпақсың Оны ойламай,

Басқа мақсат ақылға тола ма екен?!»

«Ол Лә мәкан» дегені араб тілінен аударғанда Ол мекенсіз деген ұғымды білдіреді.

Мәшһүр Жүсіп атамыз болса:

Ол – Алла жисм, жауһар, ғариз емес,

Бұларға басқа басқа бөлектенбес.

Алланы еш нәрсеге ұқсатуға,

Еш нәрсе Оған ұқсап жөні келмес.

Бар Құдай көкте де емес, жерде де емес

Мекенін бір Алланың ешкім білмес

Иаусыма аусы – төрт жақтан пәк дүр Алла,

Муминнің Алла деген көңілінде емес.

Сипаты сегіз болған бірі Кәләм

Сөйлейді, құдіретімен Алла Тағалам,

Сөйлеуі біздей тілмен, жақпен емес

Тіл-жаққа мұқтаж емес секілді адам.

Алды, арты, асты, үсті, оң-солы жоқ

Ауыз, мұрын, аяқ, бас, көз, қолы жоқ

Еш нәрсе ұқсамайды, Ол – еш нәрсеге

Кітаптың айтқанына ойлама көп…

Қазақтың маңдайына бақ болып біткен бұл екі ғалымның сөздерінде жоғарыдағы аяттардың егжей-тегжейлі ашып берген тәпсірі жатыр.

Әл-Қиям бинәфсихи сипаты (өздігінен бар болу, мұқтаж немесе тәуелді болмау). Бұл сипаттың мағынасы – бар болуы үшін өзге бір жаратушыға мұқтаж емес, әрі мәңгі болуы үшін Өзін бар қылып тұратын басқа біреуге мұқтаж емес. Ол Алла өздігінен бар. Жаратылыстың ешбір нәрсесіне мұқтаж емес, керісінше жаратылыс бар болуында да жоқ болуында да Аллаға Мұқтаж. Құранда:

ٱللَّهُ ٱلصَّمَدُ

Алла мұңсыз. (Ол ешнәрсеге мұқтаж емес, керісінше әр нәрсе оған мұқтаж)[11]

يَٰٓأَيُّهَا ٱلنَّاسُ أَنتُمُ ٱلۡفُقَرَآءُ إِلَى ٱللَّهِۖ وَٱللَّهُ هُوَ ٱلۡغَنِيُّ ٱلۡحَمِيدُ

«Әй, адам баласы! Сендер Аллаға мұқтажсыңдар. Алла еш нәрсеге мұқтаж емес, өте мақтаулы»[12]

Аталмыш 6 зати сипат ішіне көптеген өзіне ұқсас мағыналардағы сипаттарды қамтиды. Сондықтан да біз Алланың сипаттарын осы алты сипатпен шектемейміз. Алайда бұл алтауы өзіне тектес сипаттардың анасы болып табылады.

Алла Тағала білуші.

Нұрсұлтан Мамедалиев

«Нұр Астана» мешітінің наиб имамы


[1] Нахл сүресі, 17 аят.

[2] Мариям сүресі, 42 аят.

[3] Бақара сүресі, 255 аят.

[4] Хадид сүресі, 3 аят.

[5] Хадид сүресі, 3 аят.

[6] Рахман сүресі, 26-27 аяттар.

[7] Нахл сүресі. 51  аят.

[8] Әнбия сүресі, 22 аят.

[9] Шура сүресі, 11 аят.

[10] Ыхлас сүресі, 4 аят.

[11] Ыхлас сүресі, 2 аят.

[12] Фатыр сүресі, 15 аят.

Бөлісу: