01
Жұма,
Қараша

һижри

Мәзһабты ұстануға, оған еруге қарсы пайда болған қайшылықтар

Мәзһабты ұстануға, оған еруге қарсы пайда болған қайшылықтар

Мақалалар
Жарнама

Біріншісі – шариғаттың бізге міндеттегені имамдардың сөздеріне емес, Құран мен сүннетке еру керек деген қайшылық. Бұның жауабы: дəлелге тек Құран мен сүннет жатпайды. Дəлел ижмағ пен қиясты жəне сахабаның сөзін, бізден бұрынғы өткен шариғаттарды, ғұрыпты, истихсанды жəне тағы басқа үкім түрлерін қамтиды.

Дəлел тек Құран мен сүннеттен тұрады деу – үстірт жəне тар түсінік. Дəлелдің аясы Құран, сүннетпен ғана шектелмейді.
Құран мен сүннет мұжтаһидтің үкім шығаратын негізгі дерек көздері болып саналады. Мұжтаһид имамдардың ижтиһадтары – қасиетті Құран мен сүннеттен бөлек нəрсе емес. Ол Құран мен сүннетке жасалған түсініктеме іспетті. Десек те, бұл имамдардың сөзін ұстану аяттар мен хадистерді тəрк ету деген сөз емес.

Бұл – аят пен хадисті ұстанудың нақ өзі. Расында, аяттар мен хадистер бізге сол имамдардың дəнекерлігімен жетті. Олар хадистердің дұрыс-бұрысы мен дəйекті-дəйексізін, үкімін жойылған, жойылмағанын, айтылу себептерін, тілдік мағыналарын, хадиске қатысты ілімдердің барлығын кейінгі кезеңдерде келген адамдардың бәрінен жақсы білді. Діні берік, тақуалықта аса сақ, әрі қырағы, көкірек көзі ашық еді. Құран мен сүннетті ғылыми қағидаларға сай түсініп, оның масқат еткен сырларын ашты, соларға сүйене отырып үкімдер шығарды. Ақыл мен нақылға (шариғатқа) сай тылсым қырларын ашты. Сол арқылы дін істерін жеңілдетті. Негіздерден тармақтар шығару, тармақтарды негіздерге сүйеу арқылы ең түйткілді мəселелерді шешті. Сөйтіп, жалпыға ортақ игілік қалыптасты .

Екінші қайшылық – мəзһаб ұстанушы өзінің мəзһабына қайшы келген хадисті көрсе де мəзһабын тастамайды. Яғни, Алла мен пайғамбарымыздың (с.а.с) үкімінен өз мəзһабын жоғары санау қайшылығы туады.
Олар бұл қайшылыққа шейх əл-Кайранауидің (р.а) «Фауаид фи улум əл фиқһ» кітабында былайша жауап берген: «Имамның сөздерін Алла тағаланың аяты, Елшісінің (с.а.с) хадистерінен жоғары қояды деп есептеу сендердің қате тұжырымдарың мен жалған сенімдеріңнен туып отыр. Ақиқатында Алла мен Елшісінің (с.ғ.с) сөзі имамның сөзіне қарама-қайшы келгендігін екі түрлі жолмен білуге болады. Бірі – айтылған бұйрықтың Алла мен Елшісінің (с.ғ.с) сөзі екендігін анық білу. Екіншісі – имамның аталған сөздерге қарсы келетініне нық көзі жеткізу. Əрине, муқаллид бұл екеуін де білмейді. Өйткені бұл ілім истидлалды (дəлел көздерін анықтауды) қажет етеді. Муқаллид дəлел шығаруға толығымен қабілетті емес. Басы жараланған адамға тəйаммум соғу аятын дəлел ете отырып, ғұсылды міндеттеген адамның пəтуасы сияқты муқаллидтің келтірген дəлелі шариғат тұрғысынан қабылданбайды.

Мәзһабсыздықтың, мәзһаб ұстанбаудың зарарлары мына төмендегідей:

1. Кейбір ғалымдар мәзһабсыздықты — дінсіздікке апаратын көпірге балаған. Мәселен шейх Мұхаммед Заһид Кәусари осындай атаумен кітапша да жазған.
2. Мәзһабсыздық ғалымдар бекіткен ижмағқа қарсы шығу болып табылады. Себебі ғалымдар муқаллид адамға мәзһаб ұстану парыз деген.
3. Мәзһабсыздық мұсылманның амали үкімдерде әр түрлі көзқарасты ұстануына жетелейді. Әсіресе өзіне жеңіл болғанын іздеуге бастайды. Бұл да өз кезегінде адасушылыққа бастайды.
4. Мәзһабсыздық, ғылыми негіздері Пайғамбарымыздың кезеңінен бастау алған, сахабалар мектебінен нәр алған, табиғиндер мектебінің елегінен өткен мәзһабтарды қабыл етпеу дегенге саяды. Бұл да үлкен адасушылыққа жатады.
5. Мәзһабсыздық, өз бетімен сауатсыз пәтуа беруге жетелейді. Ал шариғатымызда білімсіз пәтуа беруге қатаң тиым салынған.
Қорыта айтқанда, мәзһабсыздық ислам әлемінде пайда болған ең үлкен бидғаттың бірі және адасушылықтың негізі деп айтуға толық негіз бар.

материал «Иман және дәстүр хикметтері» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: