«Отан отбасынан басталатынын» ескерсек үйленудің қоғам мен әлеуметтік орта үшін зілмауыр салмағы бар құндылық екенін сезінесің.
Одан бөлек, Құдай Тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Зәрият» сүресінің 49-аятында:
وَمِن كُلِّ شَيْءٍ خَلَقْنَا زَوْجَيْنِ لَعَلَّكُمْ تَذَكَّرُونَ
«Біз әр нәрсені жұп-жұбымен жараттық, бәлкім ойланарсыңдар», - деп айтқанын оқысаң тіпті де ауыр салмақты, иләһи жазымыш, жалғыздыққа шыдас бермес пенделік әлсіздік, жаратылыстағы пәрменді бұйрық, тағы бір сынақ, өзгеше нығмет жатқанын түйсінгендей боласың. Ал, тағы бір аятта;
فَانْكِحُوا مَا طَابَ لَكُمْ مِنَ النِّسَاءِ
«Өздеріңе ұнаған әйелге үйленіңдер» («Ниса» сүресі, 3-аят) деп қалауды адамның өзіне қалдырып тұр. Міне, осы жерден сынақ басталатындай. Кім нені ниеттеніп, нені қалайды сол нәсіп болалды, солай өмір сүреді.
Құдіреті күшті Алла Тағала Құранның «Нұр» сүресі 24-аятында адамдар арасында отау құрмағандардың үй болуға жарайтындарын үйлендіруге пәрменді түрде нықтап әмір етеді. Демек, үйлену -ижекенің отау құруы ғана емес, қоғамның бір бөлшегін қалыптастыруы, Отанның бір уығын қадау дегендік. Әрі осы іске қоғам мүшелерінің өзіндік жауапкершілігі бар екен.
Ал, Пайғамбарымыз мұсылман жастарына өте маңызды өсиетінде; «Ей жігіттер, сендердің қайсыларың үйленуге шамасы жетсе, үйленсін! Себебі үйлену көзді және әуретті сақтауға себеп болады. Енді кім үйленуге шамасы жетпесе, онда ораза ұстасын, ол оған қорған болады», - дейді (Екі сахихта да келтірілген). Пайғамбарымыз (ﷺ) тағы бір өсиетінде «Көбейіңдер, расында мен қияметте сендердің көптіктеріңмен мақтанамын» (Ахмад) деген
Алайда, бүгін осы бір адам ұғлының асыл борышын орындаудың «заманауи» форматтары шыққанын жиі естиміз. Жастар арасында үйленбей жатып, некесі қиылмастае, өзара бірге тұратын, тіпті жылдап бірге өмір сүретін жайттар жоқ емес. Нәтижесінде ата-ананың әлпештеген аяулы қызы босаға аттамай жатып аяғы ауыр болып жатады.
Бұл бүгінгі жастар арасындағы рухани індеттің бірі деуге болады.
Себебі, некесіз қарым-қатынас дінімізде зина болып саналады.
Зина – шынайы тәубе жасалмаса, адамды Алланың рахымы мен назарынан алыстатып, жеке басты ғана емес екі дүниелік нығметтерді құрдымға жіберетін ауыр күнә.
Зинаның үлкен бір зардабы жайлы Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбар (ﷺ) былай дейді:
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ، عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «إذَا زَنَى الرَّجُلُ أُخْرِجَ مِنْهُ الْإِيمَانُ وَكَانَ عَلَيْهِ كَالظُّلَّةِ فَإِذَا أَقْلَعَ رَجَعَ إلَيْهِ الْإِيمَانُ». رَوَاهُ أَبُو دَاوُد.
Яғни, «Пенде зина жасағанда одан иман шығып кетеді де (оның үстінде) шатыр сияқты болып тұрады. Ал одан (зинадан) ажырағанда, (яғни, мүлде тыйылғанда) оған иман қайтып келеді» (Термези, Әбу Дәуіт риуаят еткен).
Сол үшін де қасиетті Құран аяты былай дейді:
وَلاَ تَقْرَبُواْ الزِّنَى إِنَّهُ كَانَ فَاحِشَةً وَسَاء سَبِيلاً
«Және зинаға жақындамаңдар! Расында ол бір азғындық және жаман жол» («Исра» сүресі, 32-аят).
Міне, жастардың неке оқытпастан бұрын ерлі-зайыптылық қатынаста болуы Алла Тарапынан азғындық, жаман жол деп танылған зина болып саналады. Бұл біздің қоғамның ақаусыздығына, нәсіл тазалығы мен тектілікке, жеке тұлғаның руханияты мен иманына өзінің кері әсерін тигізетін күнәлі іс.
Бүгінгі таңда кейбір ата-аналар жастарға дүркіретіп той жасап, үйлендіруге аса қатты маңыз беріп, ұлттың саулығы мен жастардың дегдарлығына кері әсерін тигізетін істеріне көз жұма қарайтынын байқауға болады.
Сондықтан ата-аналар да, жастар да үйленуден де маңызды іс болып табылатын неке оқытуға аса қатты көңіл бөліп, мән беріп қараса екен дейміз.
Нұрлан Рамазанов
«Нұр Астана» мешітінің Бас имамы