Адам баласы байлық деген сөзді әдетте ақша, мал-мүлік, бағалы металдар, құнды заттар мен құнды қағаздар, т.с.с. құндылық деп елестеді. Алайда, Ислам дінінде байлық сөзінің тереңірек бір ұғымы бар.
Алла Елшісі (с.ғ.с.) сол ұғымды мұсылмандарға жеткізу мақсатында, мына бір хадисте: «Расында байлық дегеніміз заттың көптігі емес, байлық дегеніміз жанның байлығы»[1], -деген. Шынында да, бұл өмір тіршілігінде қаншама адамдарды байқайсың, сырт көзбен қарасаң кәдімгідей бай көрінеді. Бірақ сол бай адамның өзі кедейліктен қорыққандығы сонша, қаншалық бай болса да, көзі мен нәпсісі тоймай дүниені жинай береді, жинай береді.
Басқа бір хадисте байлыққа тоймайтын адамның сипатын тура келтіретін мына мағынадағы сөздер келтіріледі: «Егер адам баласы бір алқапқа мал-мүлікке (байлық) ие болса, ол тағы да сондай алқапқа көз тігеді, екі алқап мал-мүлкі болса, ол тағы даүшінішісін тілейді, және оның қарыны топырақтан басқа ештенеге толмайды, ал Алла Тағала (болса) ақиқатында тәубе етушілердің тәубесін қабыл етуші»[2]. Сондай-ақ, Құран Кәрімде келесі аятында: «Біз олардың кейбіреуіне сынау үшін берген дүние тіршілігінің ғана сәні түріндегі нәрселерге көзіңді сүзбе. Раббыңның несібесі қайырлы да тұрақты»[3], - деп, шынайы дүние тіршілігі (байлық, мал-мүлкік, ақша, дүние) Алла Тағаланың несібесі екендігін білдіруде.
Байлықтың үстіне байлықты қалап тұру ол – ашкөздік пен қанағатсыздық, Алланың несібесіне разы болмау. Осы фәни[4] дүниеде адам баласының өзін шынайы бай санайтын жолдарының бірі Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінен табуымызға болады: «...Алла Тағаланың бергеніне разы бол, адамдардың ең байы сен боласың...». Демек, адам баласы қолындағы иелік еткеніне, аз болсын, көп болсын, соған шүкіршілік етіп, қанағат етіп, Аллаға разы болса, сонда ғана адам өзін бай сезінеді деген ұғымды білдіреді.
Бай адамның өз-өзін бай деп санамауындағы немесе байлыққа тоймайтының себебі неде екендігін білесіз бе?
Алланың 99 көркем есім-сипаттары бар. Сол 99 есімдерінің ішінде الغَنِىُّ (Әл-Ғани) және المُغْنِى (Әл-Муғни) деген есімдер бар. Енді осы екі есім-сипаттарды жеке-жеке алып, мағынасына терең үніле қарастыратын болсақ, келесідей қорытындыға келуге болады; Алла Тағала – «Әл-Ғани». Яғни Есепсіз байлық Иесі. Оған ештеңе керек емес. Барша жаратылыс Алла Тағаладан қажеттерін сұрайды және Оған (әрдайым) тәуелді. Енді бір жағынан «Әл-Муғни». Яғни, Өзі жаратқанын байытушы. Өзінің қай құлын (пендені) байытқысы келсе, шексіз ризық беріп байытады. Осы арқылы оларды сынайды. Байлықтың барлығы Оған (Алла Тағалаға) қайтарылады. Осыдан түсінетініміз шын бай – Алла Тағала.
Қазақ мәтелінде: «Басты байлық – көңіл байлығы», - дейді. Көңіл тоқ болса – жанның байлығы. Ал, жан байлығы – рухани байлық. Адам қай кезде болмасын, руханияты мол, адамгершілігі бар, Құдайдың бергеніне разы, мәдениет пен өркениетке шыңдалған, тәубешіл, шүкіршіл болғандығы жөн. Сонда ғана ол жанның байлығын табады.
Аталмыш сөздерімізді қуаттай түсетін келесі хадиске назар аударатын болсақ: «Кімде-кім таңертең жүрегі тыныш, дені сау болып оянса және оның күндізге жетерлік тамағы болса, демек, оған бүкіл дүние бұйырды деп айтуға болады»[5], - деп келеді.
Сөз соңында, «Өздеріңнен (байлық, атақ-мансап жағынан) төмен болғандарына (өздеріңді салыстырып) қараңдар, өздеріңен жоғары болғандарға қарамаңдар, және бұл Алланың берген нығметтерін азсынбауға көмектеседі»[6] деген хадиспен аяқтағымыз келеді.
Берікбол ЖАНАҚ
[1]Бұхари.
[2]Бұхари.
[3]«Таһа» сүресі, 131-аят.
[4]Жалған, уақытша, өтіп кететін, жоқ болатын.
[5]Тирмизи.
[6]Бұхари, Мүслим.