26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көкесі Әбу Талибтің қолында

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Пайғамбарымыз атасының көзі тірісінде өзі қалаған көкесі Әбу Тәліптің отбасында. Мейірімді, бірақ жоқ-жұтаң тіршілігі бар Әбу Тәліптің бала-шағасы да оны жатырқамай қабылдады.

Ішіп-жемге пайдаланатын бірнеше түйесінен басқа ештеңесі болмаса да, әділдігі, азаматтығымен көпшілік арасында сыйлы еді.

Хазіреті Әлидің әкесі Әбу Тәліп туралы былай дегені бар:

”Әкемді құрайыштықтар қадір тұтатын. Кедей бола тұрып, соншалық құрметке оған дейін ешкім ие болмаған.”

Тұрмыс-тіршілігі, отбасы тәрбиесі жөнінен Әбу Тәліп жәһилияның жамандықтарынан аулақ болатын. Арабтар арасында әдетке айналған ішкілік атаулыны да татып алмайтын. Қай жағынан да Мұхаммедке қамқор боларлық жан. Бала Мұхаммедті үнемі қасына ертіп, онымен үлкен кісіше әңгімелесіп, пікір алысатын. Әбу Тәліптің отбасы Мұхаммедсіз дастарқан басына отырмайтын. Мұхаммед (с.а.у.) отырса, дастарқанның берекесі артып, тамақ артылып қалатын да, ол болмай қалса тез таусылып, бала-шағаның қарны тоймай қалған кездер де аз болмаған.

Бала да болса Мұхаммед (с.а.у.) дастарқан басындағы әдептілікті сақтайтын, үлкендерден бұрын табаққа қол созу оның әдетінде болған емес. Аз жейтін, ғұмыры бойы қарнының ашқанын, шөлдегенін бір рет те болса айтпаған.

Пайғамбарымыз көкесімен бірге тасаттықта

Меккені қуаңшылық жайлағалы қашан. Құрғақшылықтан жер шыт-шыт жарылып, жан-жануардың мазасы қашқан. Күнде ертеңіне үміт артумен тағаты таусылған халық өзара кеңесіп Әбу Тәліпке келеді:

“Ей, Әбу Тәліп бір тамшы суға зар болдық. Балаларымыз шетінен ауру, малымыз қырыла бастады. Бізге бас боп тасаттыққа шықсаң қалай болар екен?”

Әбу Тәліп көптің тілегін қайтармады. Қасына нұр Мұхаммедті алып, Қағбаға барды. Нұр жүзді бауыры оған берекенің бастауы сияқты көрінетін де тұратын. Қағбаға келген соң Әбу Тәліп арқасын қабырғаға сүйей отырды да, қолын жайып дұға ете бастады. Бұл кезде Мұхаммед (с.а.у.) Қағбаның жабуына жабысып, сұқ саусағын көкке шошайтып тұрды.

Арадан көп уақыт өтпей-ақ Алланың құдіретіне бүкіл Мекке тағы да куә болды. Алдымен ақ жауын басталды да, соңы нөсерге айналды. Халық үлкен қуанышқа бөленді.

Адамзатқа рақымдылықтың үлгісі, құт-берекенің бастауы ретінде жіберілген Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) кішкентай кезінен-ақ осынау ауыр міндеттің өзіне жүктелгенін дәлелдей бастаған.

Ана орнына ана болған

Әбу Тәліптің әйелі Фатиманың да Мұхаммедке (с.а.у.) деген аналық сүйіспеншілігі шексіз. Жетімдігін сездірмеуге тырысып бағатын. Өз балаларынан бұрын соның жағдайын жасап, барынша аянып қалмайтын.

Ана орнына анасындай болған Фатиманы пайғамбарымыз да аса құрметтеген. Оның жасаған жақсылығын, аналық мейірімін ешқашан естен шығармаған. Мейірімді Фатима о дүниелік болғанда Мұхаммед (с.а.у.) “Бүгін анам өмірден өтті” деп қайғырған, үстіндегі көйлегін шешіп кебін қылып, мазарын қазысып, көріне кіріп мәйітті орналастырған соң қасына бір сәт жатқан. Мұның себебін асхабы таңырқай сұрағанда ол:

Әбу Тәліптен кейінгі жанашырым еді. Ақыретте жәннаттың жібегін жамылсын деген ниетпен өз жейдемді жыртып кебін қылдым, суық қабірге тез үйренісіп кетсін деп жанына жаттым” – деп жауап береді.

Өзіне жасалған зәредей жақсылықты екі дүниеде ұмытпайтын, жақсылыққа жақсылықпен жауап беретін мінезі арқылы көп адамның жүрегіне жол тауып, ақиқатқа тартқан ұлы тұлғаның бір қыры еді бұл.

Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) қой да баққан

Хазіреті Мұхаммед он жаста…

Ойланып-толғанып көкесі Әбу Тәліпке:

Сенің қой-ешкіңді мұнан былай мен бағайын, бөлек бақташы жалдап қажеті жоқ, – дейді. Әрине, Әбу Тәліп бұған алғашында қарсы болды. Үйтіп-бүйтіп оны әрең көндірдім-ау дегенде Фатима наразылығын білдіреді:

– Ботам-ау, сенің табаныңа қадалар шөңге менің маңдайыма кірсін деп күндіз-түні тілеуіңді тілеп отырғанда, бұл не дегенің? Қалайша сені дәтім шыдап шыжыған шөлге қоя берем? Жоқ, балам, болмайды бұлай. Алтыным-ау, саған қой бақтырып үнемдегенше, қайыр тілеп кеткенім көп артық”- деп шала бүлінді.

Бірақ, Хазіреті Мұхаммед те айтқанынан қайтпады, тәтті тілімен түсіндіріп жүріп, анасының да бұл іске ризашылығын алды. Сол күннен бастап Ол таңертең ертемен азын-аулақ қой-ешкіні айдап өріске шығып жүрді. Сөйтіп, онсыз да тұрмысы нашар көкесіне бақташы жалдатпай, көмек қолын созды. Әрі оңашада жер мен көктің сырын сыналай сүзіп, ойлануға мүмкіндік тапты. Табиғаттың тамашаларын, оны Жаратушының ұлылығын жай көріп қана қоймай, астарына үңілетін, ләззат алатын. У-шуға толы, өтірік-өсек, алдап-арбау, бір сөзбен айтқанда, нәпсіқұмарлық жайлаған жамағаттан ұзақ жүргеніне қуанған.

 Мүбәрак өмірінің бір жылын қой бағуға арнаған пайғамбарымыз, Алла тарапынан елшілік міндеті жүктелгеннен кейін асхабымен бірге табиғат аясына демалуға шыққанда жабайы жеміс жинамақ болады. Сонда Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) сахабаларына:

Әбден қарайғанын алыңыздар, сонысы тәтті болады, – дейді. Асхабы:

– Бұл жемістің тәттісін-ащысын шопандар жақсы біледі. Сіз де қой баққансыз ба?, – деп әзілдейді. Сахабаларының қалжыңына пайғамбарымыз:

Бұл дүниеге жіберілген пайғамбарлар ішінде шопандықпен айналыспағаны жоқ, –деп күлімсіреп жауап береді.

Тағы бірде осы мәселеге оралғанда Хазіреті Мұхаммед былай деген: “Мұса пайғамбар (а.с.) боп келді, қой бақты. Дәуіт те (а.с.) солай. Мен де пайғамбар ретінде жіберілдім, қойшы да болдым”. Құранда ең жоғары адамгершіліктің үлгісі деп сипатталатын Алла Елшісі небары он жастағы бала болса да, пайдалы іс істеуге, өзгеге жүк болмауға тырысқан. Ғибрат аларлық жайт. Өмірдегі қарапайым жағдайлардан әрдайым сабақ болардай нәтиже шығару ардақты Пайғамбарымыздың өнегелі ісі. Төмендегі сөзі де соның куәсі.

Бәріңіз – шопансыздар, яғни қарамағыңыздағыларға жауаптысыз. Мемлекет басшысы еліне жауапты. Әр адам бала-шағасын асырап-бағуға, қамқор болуға міндетті. Әйел (күйеуінің) отбасына жауапты. Қызметшілер қожайынының мал-мүлкінің қорғаушысы. Бәріңіз шопансыздар, қарамағыңыздағыларға жауаптысыздар”.

Той-думанға баруға тиым салынғаны хақында

Алла Тағаланың тікелей тәрбиесіне бағынышты болған пайғамбарымыз көкесі Әбу Тәліптің қойын бағып жүрген тұста басынан өткен жайтты былай баяндаған:

«Мен жәһилия кезінде басқа жерлестерім сияқты той думанға барып қызықтайын деп екі рет ойладым. Бірақ екеуінде де ойым жүзеге аспады. Алла тыйым салды. Сонан соң пайғамбарлық құрметіне бөленгенше той- думанға аттап басқан емеспін».

Оқиғаны тыңдайық.

«Бір құрайыш жігітімен бірге Меккенің шет жағында қой (түйе) бағатынбыз. Түнде де кезектесіп малға қарауды әдетке айналдырған едік. Бір күні кешке жанымдағы жолдасыма:

– Мен бүгін қалаға барып жастардың түнгі ертегі мәжілістеріне қатысқым кеп тұрғаны, – дедім. Жолдасым:

– Бара бер, қойға мен-ақ иелік етейін,” – деп жауап берді.

Сөйтіп мен Меккеге келдім. Қалаға кіре берісте-ақ бір жерде ән айтып, музыка ойналып жатқанын естідім. Сол күні қалада үйлену тойы өтуде екен. Ыңғайлы жерге отырып алып, тойды қызықтамақ болдым. Сол-ақ екен екі құлағым тарс бітеліп, ұйықтап кетіппін. Таңертең күн шақшиып түскенде ғана оянып, есімді жидым.

Қойшы жолдасым қайтып келгенімде менен не көргенімді сұрады. Мен басымнан өткен жайды баяндап бердім. Ол да аң-таң.

Тағы бірде дәл осылай той қызықтамақ болғанымда қайтадан алғашқыдағыдай түк сезбей ұйықтап қалыппын. Осыдан кейін жәһилияның думандарына қатыспақ түгілі, жолауға зауқым соқпады».

(Материал «Адамзаттың асыл тәжі» кітабынан алынды)

Ummet.kz

Бөлісу: