27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Адамның фантазиясы жетпейтін рахат

Адамның фантазиясы жетпейтін рахат

Иман келтіру

Алланың разылығын көздеу – ең таза кіршіксіз сезім.  Өйткені, онда Жаратушыны тану, іштей жақсы көру, терең шүкіршілік сезімдері басым тұрады. Адамзат таңдаулылары пайғамбарлардың бәрі де өмірде Алланы разы етуді мақсат еткен. Оны ардақты Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дұғаларынан да байқаймыз.

Соңғы елшінің бірнеше дұғаларында «Уа, Алла Тағалам, кешіріміңді және разылығыңды сұраймын», «Раббым, өзіңе ұнамды істерді бізге ұнатқыза гөр» деген мағынадағы тілектер кездеседі. 

Адамның фантазиясы жетпейтін рахат – Алланың разылығына жету. Ол – мұсылмандар үшін өмірдегі ең биік мақсат, сондықтан да пайғамбарлар сол жолда отқа да, суға да түскен. Халықтың келеке-мазағына ұшырап, қанша құқай көрсе де осы діттеген мақсатынан таймаған.

Алла күллі ғаламның, бұл дүние мен ақыреттің де егесі болғандықтан, оның жанында басқа мақсаттар, тіпті жұмақты мақсат етудің өзі де тым қарабайыр. Тақуа кісілерден Жүнәйд Бағдади тозақтан қорқып құлшылық жасағандарды «абдун-нар» (оттың құлы), ал жұмақты аңсап құлшылық жасайтындарды «абдул-жәннат» (жұмақтың құлы), құлшылықтың ләззатына ынтықтарды «абдул-ләззат» (ләззаттың құлы) деп атайтын. Ондағы ойы адамдарға бір Алладан қорқып, Жаратушының разылығы үшін ғана құлшылық жасау керектігін ұқтыру болатын.

Алланың разылығын табуды өмірлік мақсат тұтқандар басқалардан ерекшеленіп тұрады. Өйткені олардың көңілі үнемі Жаратушыда болады.  Не істесе де бар махаббатын салып, таза ниетпен істейді, көз  қылудан, риядан барынша сақтанады, жасаған жақсылығы үшін ешкімнен ештеңе (ақша, атақ, мансап т.б.) дәметпейді, өзі секілді басқа бір пендеге жағынып, жарамсақтанбайды. Адамдықты берік ұстанып, ықыластылықтан таймайды. Құдси хадисте бұндай кісілер жайлы былай делінеді: «Мен ізгі құлдарыма ақыретте бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген, ешкімнің қиялына келмеген тосын сый-сияпаттар әзірледім».

Шынайы мұсылман не істесе де ықылас, ниетіне берік болады. Оның ең басты мұраты - жаратылған адамдардың емес, Жаратушысының разылығына бөлену.  Алла Елшісі: «Кімде-кім адамдардың ойына мән бермей, Алланың разылығын алуды ойласа, Алла оны өзгелердің зұлымдығынан, зиянға ұшыратуынан қорғап қалады», - деген (Тирмизи).

ummet.kz

Бөлісу: