01
Жұма,
Қараша

һижри

Жаңа жыл сыйлығын алуға бола ма?

Сұрақ-Жауап

Сұрақ: Еліміздің батыс өңірінен бір жігіт хабарласып, жұмыс орнының жаңа жылға беретін сыйлығын алу мәселесін сұрап, Ибн Тәймия кітаптарында ондай сыйлықты алуға болмайтындығын айтқан дейді.

Жауап: Ибн Таймияның қай кітабынан алғанын қайдам, оның «Иктида әс-сирати әл-мустақим» кітабында былай деп келген:

«Ибн Әбу Шәйба «әл-Мусаннаф» кітабында: «Бірде, бір әйел Айша анамыздан: «Біздің мәжуси (пұтқа табынушы) сүт туыстарымыз бар, олар бізге мерекелеріне орай сыйлық береді»,– деп айтқанда, Айша анамыз оған: «Олардың сол мереке күндеріне арнап сойғандарын жемей, жеміс жидектерін жесеңдер болады»,– деген. Сол секілді Әбу Баразаның (р.а.) мәжуси көршілері оған меркелерінде сыйлық сыйлайтын. Ол отбасына: «Жеміс жидектері болса жеңдер, басқа нәрселерін қайтарыңдар»,– деген». Осы және өзге де деректерді келтірген Ибн Тәймия:

«فهذا كله يدل على أنه لا تأثير للعيد في المنع من قبول هديتهم؛ بل حكمها في العيد وغيره سواء لأنه ليس في ذلك إعانة لهم على شعائر كفرهم». (الاقتضاء 2/554-555)

«Бұл деректердің барлығы мерекенің олардың (өзге дін өкілдерінің) сыйлығын алуға кедергі болмайтындығын білдіреді. Мереке күні мен басқа күндердің айырмашылығы жоқ. Өйткені қай күні болса да олардың сыйлықтарын алу, олардың дінсіздіктерін қолдау болып табылмайды»,– деген» (Ибн Таймияның сөзі аяқталды).

Ал, басқа уақытта, Ислам дінінде кітап иелерінің (христиандар мен яһудилер), тіпті басқа да дін өкілдерінің сыйлығын қабылдап, оларға сыйлық жасауға тыйым салынбайды.

Оған: «Бір-біріңе сыйлық жасаңдар, бір-біріңді жақсы көресіңдер [Әл-Бұхари, Жеке тұлға әдептері, 594]» деген секілді, жалпыға айтылған хадистер дәлел болғаны сияқты, имам әл-Бұхари хадис жинағында «мүшіріктердің сыйлығын алуға» арнайы тарау арнап, осы тақырыпқа қатысты бірқатар хадистерді келтірген. Осы және басқа да хадистерге тоқтала кетер болсақ, Әбу Һурайра (р.а.): «Хайбар алынған кезде пайғамбарға (с.а.с.) у қосылған қой (етін) сыйға тартылған болатын»,– деген (әл-Бұхари, 4249). Имам әл-Бұхари Әнәс ибн Мәликтен, әл-Бәйһақи Әбу Һурайрадан жеткізген хадисте: «Бір яһуди әйелдің Алла елшісіне (с.а.с.) у қосылған қой (етін) сыйға тартып, пайғамбар (с.а.с.) одан ауыз тиді..» (әл-Бұхари 2617),– деп, яһуди әйелдің сыйлық беріп, оны Алла елшісінің (с.а.с.) қабылдағандығын білдірген. Әл-Бұхариде келген басқа хадистердің бірінде: «Әйлә (Мысырдан Меккеге барар жолдағы Қызыл теңіз жағалауындағы елді мекен) патшасы пайғамбарға ақ қашыр сыйлап, шапан жапты және өз өлкесінің (келісімшартын) жазды»,– деп те келсе (әл-Бұхари, 1481), Әл-Бұхариде, Муслимде «Дауманың (Шам мен Хижаз арасындағы елді мекен) патшасы Укайдардың пайғамбарға жібек киім сыйға тартқандығы, Алла елшісі (с.а.с.) оны Алиге (р.а.) бергендігі» айтылған (Әл-Бұхари 2616).

Пайғамбар (с.а.с.) оны әйел адамдарға бөліп беруді бұйырған еді.
Сол секілді Абдуррахман ибн Әбу Бәкірден (р.а.): «Ол: «Бірде жүз отыз кісі пайғамбармен (с.а.с.) бірге болғанымызда, пайғамбар (с.а.с.): «Сендердің біреуіңде тағам бар ма?» – деп сұрады. Сөйтсек, бір кісіде бір сағ немесе соған шамалас тағамдық (ұн) бар екен, содан қамыр иленді. Сосын шашы ұйпа-тұйпа, ұзын бойлы бір мүшірік кісі қойлар айдап келді. Пайғамбар (с.а.с.) «Сатасың ба әлде тарту етесің бе (немесе сыйға тартасың ба)?» – деп сұрады. Мүшірік: «Жоқ, сатамын»,– деді. Пайғамбар одан бір қой сатып алды да одан тамақ әзірленді…»,– деп келген (Әл-Бұхари, 2618).

Әбу Дәуіт, әт-Термези секілді кейбір хадис кітаптарында пайғамбардың мүшіріктердің сыйлығын қабылдамағандығын білдірген хадистер де келген. Кейбір ғалымдар бұл хадистердің әлсіздігін айтса, кейбірі олардың жоғарыда айтылған сенімді дереккөздерде келген хадистермен мансұқталғандығын алға тартқан немесе пайғамбардың бұл тыйымы белгілі бір жағдайға, жекелеген адамдарға қатысты келген болуы да мүмкін. 

 

 

PhD Докторы

Теолог

Қайрат Құрманбаев

Бөлісу: