26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Алғашқы исламтанушы қыздар еңбек жолын бастайды (ФОТО)

Ел іші
Жарнама

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының  дін істер бөлімінің меңгерушісі Камалжан Тұрдыбаев, Оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі Бақтыбай Бейсенбаев және Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің проректоры доктор, профессор Шамшәдин Керім «Нұр-Мүбәрак» университетін бітіруші қыздар тобымен кездесу өткізді. Бұл туралы «Нұр-Мүбәрак» университетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Еліміздегі ислами іргелі білім шаңырағы саналатын университеттің «Исламтану» мамандығын тәмамдайтын 27 қыз-келіншектің 17-сі мемлекеттік грант негізінде білім алды. Бұл отандық дін білімі тарихында көлемді табыс саналады. Бүгінгі кездесуде университет басшылығы түлектерге алдағы қызметтің қадірі мен мән-маңызы түсіндірілді.

«Елімізде  теріс ағымның ығына ерген әйелдер, қыздар жамағатының көбейуі өте қауіпті.  Сондықтан біз өз ұстанымымыз бен  ата-бабаларымыздың жолына сай  өздеріңіздей мамандардың көбейіп, елге қызмет етуіне мүдделіміз.  Себебі қазір мешіттерге әйел ұстаздар ауадай қажет»,-деді Дін істер бөлімінің меңгерушісі Камалжан Бекбосынұлы.

«Мемлекеттік тарапынан бөлінген грант негізінен имамдарды даярлауға бағытталған. Соған қарамастан біз қыздар тобы қажет деп өздеріңізді қабылдадық. Әуелгі кездегі барлықтарыңыздың уәделеріңіз есімізде.  Енді жауапты сәт келгенде халыққа қызмет етуден қашпаңыздар. Сіздердің қазіргі қадамдарыңыз кейінгі исламтанушы қыздар тобын қалдырамыз ба, жоқ па деген мәселенің шешімін береді»деген  проректор Шамшәдин Керім мырзаның ескертпесі  алғашқы  исламтанушы-қыздардың қызметтегі жауапкершілігінің салмағын арттыра түсті

Ал ҚМДБ оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі Бақтыбай Қыдырбайұлы түлектерге сәттілік тілеп, бар жағдайды жасауды қарастыратынын айтты. «Еліміздің қай жеріне барып қызмет етемін десеңіздер де қарсылық жоқ. ҚМДБ өкіл имамдары сіздердің толыққанды қызмет етулеріңіз үшін барлық жағдай жасауға тырысады»деді ол.

Түлектер арасында білімін онан әрі шыңдау мақсатында магистратура бөлімін жалғастыруға ниет білдірушілері де болды. Дегенмен, бірінші кезекте ҚМДБ бұйрығымен мешіт-медреселерде қызмет ету талап етілетіндігін университет басшылығы алға тартты. Дін көкжиегін кеңейту үшін республика көлемінде, ауыл-аймаққа әйел қауымы арасында дәстүрлі дін білімін жеткізуде бүгінгі исламтанушы түлектерге жүктелер міндет аз емес. Бүгінгі кездесу түлектерге осыны ұқтырғандай.  


ummet.kz-ақпарат

 

 

Бөлісу: