26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Бірлікке бастаған берекелі басқосу

Ел іші
Жарнама

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Егемен еліміздің татулықты ту еткен Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлем дін қайраткерлерінің басын қосып, асқақ Астанамызды бейбітшілік пен бірліктің символына айналдырды. Жуырда өтетін дәстүрлі дін көшбасшыларының кезекті құрылтайы да ізгі мақсатқа жетелейді. Осынау әлемдік алқалы жиын Исламның бірлік пен татулықтың діні екенін жаһанға жар салуға, дін атын жамылған радикализм мен экстремизмнің көріністерін айыптап, бейбіт тұрғынның берекетін қашырған оқиғалардан сабақ алуға, елдің тұтастығын сақтап, халқымыздың имандылығы мен бірлігін бекемдей түсуге ықпал етпек. Еңселі елордамыздағы келелі кездесуде дін қайраткерлері тарапынан айтылар парасатты ойлар мен мазмұнды баяндамалар дінаралық татулық пен келісімді тағы да нығайта түседі деген сенімдемін. Елімізде әр үш жыл сайын өтетін дәстүрлі құрылтай 70 пайыз мұсылманның басын біріктірген, 2500 мешітті бір орталықтан басқаратын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жұмыстарына да серпін беріп, діни татулық пен тұрақтылығымыздың орныға түсуіне септігін тигізеді. Дініміздің жанашыры, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2006 жылы әлемдік дін көшбасшыларының құрылтайында көкейде жүрген мәселені көтеріп еді. Сонда Елбасы былай деді: «Бұқаралық ақпарат құралдары басқа діндегілердің қасиетті сезімдерін қорлауды ұшындыра түссе, онда бұл журналистердің ерте ме, кеш пе өз нанымдарының қорлануымен бетпе-бет келетіні айқын болады. Біреу үшін қасиетті нәрсе басқа біреу үшін әзіл немесе келемеж тақырыбы болмауы керек. Бұл қарапайым қағида, өкінішке қарай, оны журналистер мен саясатшылар жиі бұзады».

Рас, біз кейде дін, мешіт деген ұлы ұғымдарды сенсацияға айналдырып, өз дінімізді, өз наным-сенімімізді қалайша қорлап жатқанымызды білмей де, сезінбей де қаламыз. Осы тұрғыдан келгенде, Қазақстанда өтетін дін қайраткерлерінің құрылтайы әлем халықтарын діни алауыздық тудырмауға шақырып, бірлікке, игілікке үндеп келеді. Қазір заман өзгерді, уақыт талабы да жоғары. Ақпараттар ағыны мен технологияның дамыған дәуірі, адамзат санасының күн санап өзгеруі, бізге, Діни басқарма қызметкерлеріне де зор жауапкершілік жүктеп отыр. Қазіргі кезеңде әлемдік қауымдастық экономикалық дағдарысты, саяси, ұлтаралық, дінаралық шиеленістерді бастан кешуде. Әсіресе, адамзат жаңа ғасырда бұрын-соңды болмаған діни алауыздықтар, дау-жанжалдар, ұлтаралық қақтығыстармен бетпе-бет келді. Дінді саясиландыру арқылы жастар санасын теріс арнаға бұру үрдісінің куәгері болдық. Дінді өз саяси мақсаттарына икемдеп алған түрлі топтар әлемнің әрбір жерінен көріне бастады. Радикалды топтар тек дәстүрлі діни түсініктерді жоққа шығарумен қатар, ашық түрде лаңкестік әрекеттер жасауда. Жер бетінде Ислам халифатын орнатамыз деген ұранды таратушылар Ирак және Шам елдерінде адасқан арманның, құр қиялдың жетегінде жүріп, діни дүрдараздық пен бүлік тудыруда. Дінді біліммен емес, жалған сезіммен түсін­ген жастар олардың қатарына қосылды. Ислам атын жамылған бүлікшілердің бұл әрекеті, сөз жоқ, дәстүрлі дінімізге деген анық қарсы әрекет, мұсылмандық былай тұрсын, адамшылыққа да жат амал. Осы ретте, ең біріншіден, дін дегеніміз не және қоғам үшін рухани қажеттілігі неге тұғырланады деген сауалдар төңірегінде ой қозғап, жауап іздеген абзал. Дін туралы сөз еткенде кейбір адамдар білместіктен, түсінбестіктен пайымсыз пікірлер мен теріс тұжырымдарды алға тартады. «Дін» сөзінің аясы кең, ұғымы ұлы. Ол Құдайға құлдық ұрып, тек құлшылықтан бас көтермеу дегенді білдірмейді. Дін – өмір сүрудің үздік үлгісі, екі дүние бақытына жетелейтін жол. Дін – адамгершілікке, имандылыққа, ізгілікке ұйытатын құдіретті күш. «Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын», – дейді ақын Абай. Міне, дін дегеніміз – адамдық қасиетті қалыптастыратын, Жаратушыға жағымсыз амалдан арылтатын күш. Қазіргі күнде біздің мемлекетімізде дінге сенушілердің діни қажеттіліктерін орындау үшін барлық жағдайлар жасалды. Елбасы жыл сайынғы жолдауларында халқымыздың рухани өміріне, мәселен отбасы құндылығын арттыру, жат ағымнан алыс болу, бірлікті сақтау, қайырымдылық жасау, мейірімді болып, кешірім жолын ұстану секілді сауапты амалдарға да мән береді. Біздің негізгі бағытымыз – діни, рухани сала болғандықтан, еліміздің рухани дамуы жолында аянбай еңбек етіп келеміз. Өйткені, халықтың иманы мен руханиятын дамытпай, елдің экономикалық өркендеуі мүмкін емес деп есептеймін. Биыл еліміздің рухани саласында мемлекеттік деңгейде айтулы игі іс-шаралар өтуде. Қазақ хандығының құрылғанына – 550 жыл, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Конституциямыздың 20 жылдығы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы секілді мерекелер кеңінен атап өтілуде. Бұлар – ұлттар мен ұлыстарды бірлікке ұйыстыратын, татулыққа үндейтін елеулі шаралар. 2015 жыл біздің еліміздің діндар қауымы үшін де маңызды оқиғалар жылы. Өйткені, биыл Елбасының тарихи бастамасымен Сарыарқа төсінде бой көтерген, рухани келісім ордасы ретінде алыс-жақын елдерге кең танылған Астана қаласында әлемдік дін көшбасшыларының дәстүрлі кезекті құрылтайы өтеді. Бейбіт заманды басты байлығы санаған халқымыз қашан да татулықты тұғырына айналдырған. Тарихтан белгілі, халықтың болашағын ойлаған дін қайраткерлері де татулық пен бірлікті басты бағдар еткен. Халықтар бірлігі – бәрінен қымбат қазына деп санаған. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) мұсылмандықтың іргетасын бірлікпен бекіткен. Алла Елшісінің тайпалар мен руларды бір мақсатқа біріктіруі – кез келген басшыға басқару ісінде үлкен бағдар болары хақ десек, дін көшбасшыларының құрылтайы да осындай игі мақсатты көздейді. Халқымызда: «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық», – деген қанатты сөз бар. Алла тағала адамзат баласын: «Бөлінбеңдер», – деп бауырмал болуға бұйырған. Әрбір парасатты пенде әлемдегі қаржылық дағдарыс, адамдар арасындағы әділетсіздік, отбасылық күйреу тәрізді әлеуметтік келеңсіздіктерден көрініс табатын мәселелерден құтылудың бір ғана жолын түсінді. Ол – рухани құндылықтарды бірінші орынға шығару. Бүгінгі әлемдегі заманауи қоғам діннің адамгершілік құндылықтарына мұқтаж. Ал осындай рухани күйзеліс сәттерінде діндарлар мен зиялы қауым өкілдеріне үлкен үміт артылады. Қамыққанға қамқор болу – ол да мұсылманшылықтың асыл парызы. Халқымыздың біртуар перзенттерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлы: «Қазіргі заман – өткен заманның баласы, болашақ заманның атасы», – дейді. Ортақ Отанымыз – Қазақстан халқының бірлігі мен татулығы, діни келісімге негізделген жалпыға ортақ құндылықтары – болашақ заман үшін үлгі-өнеге, өсиет болып қала бермек. Дәстүрлі дін өкілдерінің ортақ келісімі мен ымыраға негізделген ынтымағы жарасқан осынау мамыражай сәттер тарих беттерінде алтын әріптермен жазылары хақ. Қорыта айтқанда, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары арасындағы сенім мен өзара түсіністік туралы келісімі, қабылданған қарарлар мен уағдаластықтар осы саладағы ортақ мәселелерді бірігіп шешуге, халықаралық ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашты. Құрылтай жұмысына қатысқан діннің беделді өкілдерінің өзара келісімге келіп, ортақ мақсатты, ортақ құндылықтарды басты орынға қоюы – үлкен жетістік. Құрылтайға қатысушылар өз әрекеттерімен әртүрлі орталарда әлі де орын алып отырған дінаралық және ұлтаралық араздықтарға, тілге, дінге, нәсілге бөлінушілікке және экстремистік әрекеттердің алдын алуда және басқа да келеңсіз жайттарға тойтарыс беріп келеді. Пікірлесулер мен ой бөлісулер тек сөз жүзінде қалып қоймай, нақты қадамдар жасалып, құжаттар мен тұжырымдамалар қабылданып, үндеулер жариялануда. Қазақстанның бұл қадамына әлемнің ірі саяси тұлғалары, саясаткерлер, алпауыт елдердің Президенттері қолдау білдіруде. Осының дәлелі ретінде съезге қатысушылардың және делегация мүшелерінің қатары жыл сайын көбеюде. Атап айтқанда, әлемнің 40 елінен 100-ге жуық өкілдің бір үстел басында пікір алмасуы – съезд жұмысының тиімділігін және оның халықаралық қауіпсіздікті сақтаудағы ықпалын айқындап берді. Біз бүгіннің биігінен көз тастап, 2003 жылдан бастау алған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі ғаламдық деңгейде діндераралық үнқатысуға үлкен үлес қосты деп сеніммен айта аламыз. Алла тағала халқымызға бақ-береке беріп, Тәуелсіздігімізді мәңгілік еткей! Тілегіміз қабыл, мұратымыз асыл болғай! Әумин!

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни 

басқармасының төрағасы, бас мүфти

Бөлісу: