26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Ақтау прокуроры емші-балгерлерден аулақ болуға үндеді

Ел іші
Жарнама

Көше кезген емшілер, балгер, құмалақшылардың көпшілігі алдап-арбап, ақша алу үшін жүрген дүмшелер. Осылай деген Ақтау прокуроры Талғат Әлібаев қала тұрғындарынан оларға сенбеуге шақырып, алданып, алдына бармау керектігін айтты.

«Бүгін теледидардан бастап, барлық жерлерде емшілердің түр-түрі өзін жарнамалауы жиілеп кетті. Олар қарғысты, көз тиюді жоямыз, мансапта өсуге септік болып, өмірге сәттілік шақырамыз деген түрлі ұсыныстар жасауда. Өздерін қалай атамайды десеңізші: дуагер, астролог, биокорректор, эниопсихолог тағысын тағы. Мұндай жарнамаларда грек, румын, сыған тәсілдерімен емдейміз деушілер адамдары осылайша өздеріне сендіруге тырысады. Ал жұртшылық оған сенуге әзір. Ақыры алданған көпшілік ақшасын да жоғалтады, денсаулығы да түзелмейді”, – дейді Ақтау прокуроры Талғат Әлібаев.

Талғат Әлібаев бұл алаяқтықты дәлелдеу оңайға соқпайтынын, десек те істі сотқа дейін жеткізуге болатынын айтады. Соның бір айғағы, өзін халық емшісімін деген азаматша ел-жұртты алдағаны үшін сот алдында жауапқа тартылған.

Іс материалдарына сәйкес, емшісымақ Ақтаудың сырқат тұрғыны туралы біліп алып, оған өзінің 2012 жылдан бері емдеп шығатын тылсым күші барына сендірткен.

Құрбанын сендірткеніне көз жеткізген ол, 1 миллион 21 мың теңгеге оны бар сырқатынан арылтып, жолын ашатынын айтқан. Алданғанын түсінген зардап шегуші полицияға жүгініпті.

Полиция айыптының кінәсін дәлелдей алды. Алаяқты қалалық сот 3 жыл шартты түрде бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Прокурор мұндай дүмшелерге, тіпті қылмыстық іс қозғалса да жұрт сенуін доғарар еместігін айтты.

“Адамдарға емшілердің барлық емді ақшаға тірейтіні күдік туғызбайды. Бетпақтық пен айтқанынан қайтпайтын мінез мұндай “мамандардың” табиғатына сай”, – дейді Әлібаев.

Прокурор алаяқтардың құрбанына көбіне сауаты төмен немесе мүлдем сауатсыз адамдар айналатынын айтты. Бір қызығы, олардан қомақты ақшаны алдап алғанына сенгісі келмейтін зардап шегушілер де жоқ емес.  

ummet.kz-ақпарат

Бөлісу: