26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Жауынгер қарияны Жеңіс күнімен құттықтады (ФОТО)

Мешіт тынысы
Жарнама

Бүгінгі қалың қазақ елі тойлап отырған Жеңістің жетпіс жылдық мерекесі – кешегі оқ бүркіген майданда от кешкен жауынгер, қайсар батырлардың ерлігі һәм ұрпаққа қалдырған өшпес өнегесі. Сол уақытта жастық жалыны сұрапыл соғыстың сапында өткен қазақтың өрен ерлері аз болмады. Осындай майдангердің бірі – Баймұхан Әбіловтің шаңырағына «Төлебай» мешітінің бас имамы Ибрагим Келдібайұлы ұлы мерекемен құттықтай барды.

1924 жылы туған Баймұхан ата жастайынан ата-анасынан жетім қалып, өмірдің сынақты соқпағын жетімдер үйінен өткереді. Ес білгеннен өзін қайрап, батыл да өжет өскен оның жастық өмірі де соғыспен тұспа-тұс келіп, майданға аттанып кете барады. Барлау отрядына түскен жауынгер 12-ші ауыр миномет бригадасы құрамында Ленинградты жау құрсауынан босату операцияларына қатысады.  Ленинград түбіндегі қанды шайқастан кейін Эстония, Латвия мен Литва жерін неміс басқыншыларынан азат етіп, еліне оралады.

Өмір мен өлім ортасынан от кешіп қайтқан қария бүгінгі бейбіт те тыныш заманның Қазақтың бағына, көгілдір көгіне орнағанына мың тәуба дейді. Отты күндердің оралмауын сұрап, Жаратқаннан жайлы тұрмыс, баянды бақыт тіледі. Бас имам Ибрагим Келдібайұлы жауынгер қарияны Жеңіс мерекесімен құттықтап, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының ыстық сәлемін жеткізді. Асыл дініміз үшін атқарылып отырған игі істер жайынан хабар берді. Сондай-ақ мешіт тарапынан қазақы салтқа сай қой сойып, арнайы сый-сияпат жасап, иығына шапан жапты.

Өз ретінде майдангер ата имамға ақ батасын беріп, өзі де бас мүфти Ержан қажы Малғажұлына сәлемін жеткізуін тапсырды.

«Нұр Астана» орталық 

мешітінің баспасөз қызметі 

Бөлісу: