26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

РАНТ баспасөз мәслихатын өткізді

Мешіт тынысы
Жарнама

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы дәстүрлі діни танымды, төл мәзһабымызды кеңінен насихаттау мақсатында Діни басқарма жанынан Республикалық ақпараттық-насихат топтарын құру туралы бастама көтерген еді. Бас мүфти тапсырмасына орай ел аумағында Республикалық және жергілікті ақпараттық насихат топтары құрылып, бүгінде білікті теолог, дінтанушылардан құралған топтар жемісті қызмет етуде.

Астанаға арнайы ат басын бұрған РАНТ-ның белгілі исламтанушы теологтары Арман Қуанышбаев пен Нұрмұхаммед Иминовтің аптаға созылған іссапары қасиетті жұма күні аяқталды.

Шариғат саласының білікті мамандары осы уақыт аралығында Елордамыздағы әртүрлі қоғамдық орталарда дін насихатын жүргізді. Атап айтар болсақ, РАНТ мүшелерінің қатысуымен №0112 және №3660 әскери бөлімінде, «Астана вокзалы» мекемесінде, Теміржол колледжінде, Қазақ технология және бизнес университетінде, Қуанышбаев ІІМ Мамандандырылған күзет қызметі басқармасында,«Абу Даби-Плаза» құрылыс мекемесінде, Астана қаласы Қаржы академиясында, Астана медициналық университетінде, «Теміржолшылар» кентіндегі Экстремизммен күрес басқармасында, сондай-ақ қонақ үй, сауда орталықтары басшыларымен ауқымды кездесулер өтті. Бұған қоса қала мешіттерінде кешкі ақшам намазынан соң Елорда жамағатына Ислам дініндегі маңызды тақырыптар бойынша кестелу уағыз-насихат жұмыстары өткізілді. Айта кетейік, мешіттегі жүздесулерге 4 350 жамағат жиылды. Ал бүгінгі өткен жұма намазындағы РАНТ мүшелерінің уағызына 7 800 адам қатысты. Жалпы, бес күндік сапар барысында 16 мыңнан аса адам насихат жұмыстарына қатысты.

РАНТ жұмысы «Әзірет Сұлтан» мешітінде арнайы БАҚ өкілдеріне өткізілген баспасөз мәслихатымен қорытындыланды. Теологтар жұмыс сапары турасында ҚМДБ-ның Астанадағы өкілі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы журналистерге түсіндіріп өтті. «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан қолға алынған РАНТ іссапары барысында Бас қаламызда ауқымды кездесулер өткізді. Астана қалалық әкімдігі Дін істері басқармасымен бірлесе отырып түрлі әлеуметтік ортада, мемлекеттік және жеке ұйым-мекемелерде болдық. Жалпы саны 16 308 адамды қамтыған кездесулер өтті» деді өкіл имам.

Арман Қуанышбаев бес күндік сапарда байқаған жайларға назар аударып, халықтың діни ахуалы жайлы пікір білдірді. «Жаңа аталған мекемелерде көптеген кездесулер болды. Мұнан бөлек мешіт жамағаттарына да уағыз-насихат жұмыстары жүрді. Дін өте нәзік және күрделі тақырып болғандықтан, халықтың дін турасында сұрары, білгісі келген мәселесі де көп. Жалпы, жұртшылықтың Ислам дініне деген құлшынысы артқанын, дәстүрлі таным-түсінікке талпынысы ұлғайғанын байқадық» деді Арман Қуанышбаев.

РАНТ жұмысының орыс тілінде насихатталуына айрықша үлес қосқан Нұрмұхаммед Иминов жеке тұлғалармен өткен кездесулерге назар аударды. «Ақпен қатар қараның да ілесіп жүретіні өмір заңдылығы. Саф дініміз Исламның атын жамылған ағымдар халықтың санасын сарсаңға салып, абдыратып та тастағаны жасырын емес. Біздің РАНТ жұмысының басты мақсаты да осы дәстүрлі дініміз туралы кеңінен насихат жүргізіп, жат ағымдардың алдын алу, әсіресе жастарымызды өз діни танымымызға бұру, Ханафи мәзһабы жайында молынан мағлұмат беру болды. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз жеміссіз болған жоқ. Жеке адамдармен кездесу кезінде көпшілігінің әу баста дұрыс насихаттың жетпегендігінен қиыс кеткенін аңғардық. Жеке сұхбаттасу арқылы дін жөніндегі пікірлерінің  өзгеріп, дәстүрлі сенімге бет бұрғанына көз жеткіздік» деді ол.

«Нұр Астана» орталық 

мешітінің баспасөз қызмет

Бөлісу: