Бүгін Астанада қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай баспасөз мәслихаты өтті.
«Әлжан ана» мешітінде ұйымдастырылған брифингке ҚМДБ өкілдігі, «Нұр Астана» орталық мешіті бас имамының орынбасары Нұрлан Рамазан, «Әлжан ана» мешітінің бас имамы Қуаныш Сәбитов және Астана қаласы әкімдігі Дін істері жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Арман Пірзадаев қатысты.
Брифинг барысында Нұрлан Рамазан 12-қыркүйекте сағат 7:30-да айт намазын оқумен бастау алатын қасиетті Құрбан айт мерекесінің мән-маңызы турасында журналистерге мол мағлұмат берді. Сонымен қатар, ұлттық нақышта сипат алған мерекеге қала мешіттерінде үлкен дайындық жасалып, бірқатар игі шаралар мен акциялар қолға алынғанын айтты.
«Құрбан айт – қазақ халқы үшін айрықша мереке. Төл дәстүрімізге айналған мүбәрак мейрамды бұқара болып атап өту біздің игі салтымыз. 11 қыркүйек күні – Арапа, 12-14 қыркүйек аралығында үш күн Құрбан айты аталып өтіледі. Құрбан айттың құрметіне республика бойынша, соның ішінде бас қаламыз Астанада ауқымды шаралар ұйымдастыру жоспарда бар» деген Н.Рамазан қаладағы «Нұр Астана», «Әзірет Сұлтан» және «Ғылмани» мешіттері ауласында киіз үйлер тігіліп, ұлттық спорттық ойындары, мәдени іс-шаралар өткізілетінін жеткізді.
Бұл күндері қала көшелерінде қасиетті айды сүйіншілеп арнайы құттықтау билборд, баннерлері ілінсе, мешіт аулаларында қайырымдылық жәрмеңкелері халықты ізгілікке шақырады. Айт намазын әрі мерекені мешітте өткізуге жиылған жұртшылыққа құрбандық шалу рәсіміне қатысты арнайы түсіндірме буклеттері 10 мың данамен тегін таратылады. Мүбарак мейрамнан бүлдіршіндер де шет қалмайды, «Қуанса, бала қуансын» шарасында балаларға базарлық үлестірілмек.
Мерекенің басты мақсаты құрбан шалып, ізгілік жасау болғандықтан, мүмкіндігі жеткен адам Алла жолында мал сойып, мұсылмандық міндетін өтейді. Осыған орай биыл да қала әкімдігі санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен талаптарды сақтау мақсатында, құрбандыққа шалынатын малдарды сату, сою және таратуға рұқсат етілген арнайы орындарды бекітіп берді. Тарқатып айтар болсақ, құрбандық малдары мына мекенжайларда сойылуы тиіс:
1. «Алтын Таға», мал базары, (Есіл ауданы, Астана-Қосшы тас жолы);
2. «Нұрбереке 555» ЖШС, (Алматы ауданы, Алаш тасжолы № 30);
3. «Саянур» базары, (Сарыарқа ауданы,Тілендиев даңғылы,№ 36);
4. «Темеш» ШҚ, (Сарыарқа ауданы, «Астана – Софиевка тасжолы», 7 км);
5. «Метро», (Алматы ауданы, Астана – Қарағанды тасжолы);
6. «Жайлау», (Сарыарқа ауданы, Алаш тасжолы, 33);
7. «Мақсат 2007», (Алматы ауданы, Железнодорожный кенті, Акжар к-сі, 20);
8. «Шаушен» ЖШС, (Алматы ауданы, Астана Павлодар тасжолы, 9 км).
Дін істері жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Арман Пірзадаев аталмыш нысандар Құрбан айттың құрметіне, ел игілігі үшін берілгендіктен, мал сою барысында санитарлық талаптарды сақтауға шақырды. Айта кетсек, осы мақсатта жуырда ғана «Нұр Астана» орталық мешітінде қасапшыларға арнайы семинар-тренинг өткізіліп, құрбандық малын шалудың шариғи, медициналық талап-шарттары жан-жақты түсіндірілді.
Ал айтулы мереке күндері Астана мешіттерінде «Раббың үшін құрбан шал» қайырымдылық шарасы ауқымды түрде өткізілмек. Шара аясында дін қызметкерлері қала әкімдігімен бірлесе отырып, жиналған құрбандық еттерін тұрмыс-ахуалы төмен, мұқтаж отбасыларға таратуды жоспарлайды.
Баспасөз мәслихаты айт мерекесіне байланысты БАҚ өкілдерінің сұрақ-жауабымен қорытындыланды.
«Нұр Астана» орталық
мешітінің баспасөз қызметі