Бүгінде халықтың Айт мерекесіне деген ықылас-ниеті артып келеді. Айт намазынан соң «Нұр Астана» орталық мешітіне келген қала тұрғындары мен қонақтары жәрмеңке дастарқанынан дәм татып, мерекелік көңіл күйде ораза айтын бұқара болып тойлатты.
Отыз күн тағат-құлшылық пен сабырлылықпен өткен айдың қуанышына айналған мереке бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының қатысуымен өткен мәдени іс-шаралармен жалғасын тапты. Ата дініміз бен баба дәстүрін сан ғасырлар сабақтастыра өмір сүрген баба ұрпағы бүгін ұлттық спорттық ойындарға қатысып, жарыстарда топ жарды. Балалар арасында да қызықты аламан өтіп, ер жігіттер кір тасын көтеру бойынша сынға түсті. Бұған қоса арқан тартыс, қол күресуден де тартысты сайыстар болды.
Бүгінгі мерекелік шараның өтуіне ұйытқы болған ҚМДБ-ның Астана қаласындағы өкілдігі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы айт мерекесінің ұлттық сипатта өтуінің маңыздылығына тоқталды. «Біздің ата дәстүріміз асыл дінімізбен өзіндік үйлесім табуымен өміршең. Тарихтың өзі осыған айғақ болады. Осынау ұлық мерекеде көрісіп, бір-бірімен қауышып, дастарқанда бас қосу – ниеттестіктің нышаны. Ниеті, тілегі бір халықтың болашағы қашанда баянды. Тәуелсіз елдің ақ таңында жұртшылық бүгін мәз-мейрам, есі кірген баладан еңкейген қарияларға дейін осы мүбәрак мерекенің ортасында жүр. Осының барлығы Алланың қазақ халқына берген шексіз нығметі» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Айтулы мерекелік шарада өткен әр сайыстың жүлдегерлерін ҚМДБ наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы бағалы сыйлықтар беріп, алғыс хаттарымен марапаттады.
«Нұр Астана» орталық
мешітінің баспасөз қызметі