«Имани жаз» сауат ашу курсы бүгінде Астана мешіттерінде жыл сайын өткізілетін игілікті шара. Мектеп оқушыларының жаз маусымын пайдалы өткізіп әрі жас буынның таным көкжиегін ата дін, баба салтымен кеңейту үшін ҚМДБ наиб мүфтиі, Астана қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы осы бір игі бастамаға жан-жақты қолдау білдіріп, мешіт ұстаздары оны лайықты өткізуге күш салды.
Биылғы «Имани жаз» курсы да өз мәресіне жетіп, «Біз сені тағы да күтеміз, қымбатты жас дос» атты шара өтті. Айта кетсек, бұл жолғы курста қаладағы сегіз мешіт бойынша 929 бала білім алды. Имандылықты бойларына дарытып, саналы да тәрбиелі ұрпақты қалыптастыруды мақсат еткен курстың аяқталуына орай өткен шарада ҚМДБ наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы бүлдіршіндерге ізгі лебізін айтты. «Қазақ халқы өзіндік өркениетімен, төл мәдениетімен ислам дінін тамаша үйлестіріп, үндестіре білген. Кез келген салт-дәстүріміздің, мақал-мәтелдеріміздің түп мағынасынан асыл шариғатымызды аңғаруға болады. Курс осы ата-баба дәстүрін жаңғыртып, ислам құндылықтарын насихаттау үшін ұйымдастырылды. Өткенімізді ұмытпай, болашаққа білімді жас болып қадам басуларыңыз міндетті. Оқу-білім сіздердің ең негізгі ұстанымдарыңыз болуы керек» деді бас имам.
Салтанатты шарада «Тағылым тамшылары» балалар рухани театры өнерпаздары белгілі ақын Алмас Темірбайдың «Уақыттың қадірі», «Рамазан» атты туындыларын паш етті. Сонымен қатар, «Имани жаз-2016» жазғы сауат ашу курсының шәкірттері де жыр шумақтарын ұсынды. Курсты қорытындылау үшін ұйымдастырылған «Кел, балалар, оқылық» сайысында 1 орын алған Аружан Мұхаммеджан есімді қыз «Алланың көркем есімдерін» жатқа айтып берді. Ал жеті жастағы Раяна гимнастикалық спорттық этюд орындап, көпшілікті тәнті етті. Бұл кеште шәкірттердің ата-аналары да сауапты іске ұйытқы болып, иманды ұрпақ тәрбиелеуге үн қосып отырған имамдарға өз алғыс-тілектерін білдірді.
Қорытынды кеште ҚМДБ наиб мүфтиі Н.Тағанұлы биылғы курста білім алған балғындарды арнайы сертификаттармен марапаттады. Осы курс шеңберінде «Менің сүйікті мешітім» атты сурет байқауында көпшіліктің қолдауына, әлеуметтік желілерде жиған дауыс көлеміне қарай ең жоғары 173 балға ие болған Құндызай Сәдуақас, Мұрат Ерасыл (96) Ибрахим Маматшаевалар (70) арнайы сыйлықтарға ие болды. Сонымен бірге, «Имани жаз» аясында ұйымдастырылған «Кел, балалар, оқылық» білім сайысында жүлделі орындар алған шәкірттер де сый-сияпаттан қалыс қалмады. Курс бойына 66 сағат дәріс тыңдаған 320 шәкірт сертификаттармен және сыйлақтармен марапатталды. Ал осы жазғы курста тәлім-тәрбие берген 9 медресе ұстазы бас имамның алғыс хатын алды. Салтанатты кеш шәкірттерге арналған дастархан басындағы ақжарма тілектерге ұласты.
«Нұр Астана» орталық
мешітінің баспасөз қызметі