Бүгін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің спорт кешенінде ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының жүлдесіне арналған қазақша күрестен ІІІ Республикалық турниріне Астана қаласы бойынша іріктеу сайысы өтті.
Әуесқой палуандар арасындағы дүбірлі додаға Астана қаласындағы сегіз мешіттен 16 балуан, Қазақ күрес федерациясы атынан төрт балуан қатысты.
Іріктеу турнирінің ашылу салтанатында ҚМДБ наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы сайыстың мән-маңызына тоқталды. «Салауатты өмір салтын ұстану иісі мұсылман жамағаты үшін өте маңызды міндет. Шариғатымызда айтылғандай, қуатты мұсылман қайырлырақ әрі Аллаға жақынырақ. Қазақ ұғымында да ер түздің адамы болғандықтан, ақыл-санамен қатар, күш-қуатына сенім артқан. Салауатты қоғам құру мемлекетіміздің де басты жоспарының бірі. Бұл жайында Елбасымыз әрдайым өз Жолдауларында айтып келеді. Бас мүфти жүлдесі де осындай игіліктерді іске асыру, насихаттау мақсатында өткізіліп отыр. Бүгінгі додаға қатысушы білекті балуандарға сәттілік тілейміз» деді наиб мүфти.
Республикалық турнирге іріктеу сайысында 18 жастан асқан, 74 келіден жоғары күш-қайратына сенген үміткерлер білек түріп, күш сынасты. Айта кетсек, балуандар күресіне Азия және әлем чемпионы, спорт шеберлерінің қатысуына шектеу қойылды. дүбірлі жарысқа Қазақ күресі Федерациясының кәсіби төрешілері қазылық етті.
Әуесқой мешіт жамағаттарының арасында өткен аламан жарыста әділ қазылар ұйғарымымен «Төлебай» мешітінің балуаны Алмас Мақажанов үшінші орынға, «әс-Сәлам» мешітінің балуаны Теңелбай Абдуллаев 2 орынға, «Ғылмани» мешітінің балуаны Мадияр Данияр 1-ші орынға ие болды. Жеңімпаздарға 20 мың, 30 мың және 50 мың ақшалай сыйақылар беріліп, үздік ойын көрсеткен басқа да қатысушыларға арнайы марапат қағаздары табысталды. Бүгінгі балуандар сайысының жүлдегерлері Алматыда бас мүфти жүлдесі үшін өтетін ІІІ Республикалық турнирге жолдама алды.
«Нұр Астана» орталық
мешітінің баспасөз қызметі