25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Бас мүфти әз пайғамбар ғұмырынан сыр шертті (ФОТО)

Мешіт тынысы
Жарнама

Қасиетті Жұма күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажұлы «Нұр Астана» орталық мешітінде Елорда жұртшылығына ардақты пайғамбарымыз турасында уағыз айтты.

 

Бас мүфти «Пайғамбарымызға (с.а.с) тән қасиеттер» атты уағызында екі дүние сардары, ардақты елші Мұхаммед(с.а.с) пайғамбарымыздың болмысы, мінезі, қадір-қасиеті жайлы Алланың кәләмі мен хадисте келген хабарларды баян етті.

«Алла тағала жер шарын жаратты,  сол жер шарынан Байтул Харамды басқа жерлерден ерекше етті. Алла тағала жәннатарды жаратты, бірақ,солардың ішінде Фирдаус жәннатын басқа жәннаттардан ерекше етті.  Алла тағала періштелерді жаратты. Бірақ, сол періштелердің ішінде Жәбірейіл, Исрафил, Миакил секілді періштелерді қалған періштелерден ерекше қылып жаратты. Жәбірейіл уахи жеткізуші болса, Микаил жерге жаңбыр беруші, Исрафил қиямет күні сырнайдың иесі, сол сырнай арқылы барлық адам баласы махшарға жиналады.  Алла тағала барлық адам баласын жаратты. Бірақ сол адамдардың ішінде пайғамбарларды ерекше етті. Сол пайғамбарлардың ішінен Мұхаммед (с.а.с) пайғамбарымызды басқа пайғамбарлардан ерекшеледі. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) барша пайғамбарлардың имамы, тақуалықтың имамы. Пайғамбарлардың мырзасы Мұхаммед (с.а.с) қиямет күні әрбір адам «тек қана өзім» деген уақытта мұсылман қауымына  шапағатшы болады. Пайғамбарымызды (с.а.с)  Алла тағала ақылдылықта ерекше етті. Ардақты елшіні (с.а.с) шын сөйлеуде ерекше етті. Қасиетті Құранда осы жөнінде: «Ол өз ойынан сөйлемеді» дейді.  Пайғамбарымызды (с.а.с)  өте көркем мінезде жаратқан Хақ жаббар: «Иә, Мұхаммед, сен әлбетте ұлы мінезге иесің» деді. Таңдаулы елші, әз пайғамбарды (с.а.с)  Алла тағаланың өзі тәрбиелегеніне Құранның өзі дәлел» деді Ержан қажы.

Иә, жер бетіне тек рахым-мейірім ретінде жіберілген Мұхаммед Мұстафа (с.а.с) ерекше жаратылыс иесі, таңдаулы тұлға. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) өзге пайғамбарлардан алты сипатта ерекше еді:

1. Алла тағала Оны(с.а.с)  шешендік сөзбен ерекшеледі;

2. Хақ Исламның жаулары Оның (с.а.сесімін естігенде жүректерінде қорқыныш пайда болды;

3. Мұхаммедке (с.а.с.) және ізінен ерген мұсылмандарға соғыстан түскен олжа халал етілді;

4. Оған (с.а.с) және барша мұсылмандарға бүкіл жер беті сәжде жасайтын орын болды (Бұрынғы өткен қауымдар үшін құлшылық етуге арнайы ғибадатханалар қажет етілетін. Ал мұсылман үмметі қай жерде болмасын, үйде де, түзде де, сапарда да құлшылық ете алады);

5. Ол (с.а.сбір қауым үшін ғана емес, барша адамзат баласына пайғамбар етіп жіберілді; 

6. Мұхаммед (с.а.с)  – соңғы пайғамбар.

Пайғамбарымыздың (с.а.с)  өнегелі өмірінен сыр шертетін уақиғаларды баяндаған бас мүфти күллі мұсылман үмметіне шапағатшы Хақ елшінің Алла алдындағы дәрежесі жайында хадистермен сабақтады.

«Имам Мүслим, имам Ахмад, имам Әбу Даудтен жеткен хадистерде ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с) «Мен Қиямет күні адам ұрпақтарының төресімін. Қияметте бірінші тірілетін де менмін және бірінші шапағатшы әрі шапағаты қабыл болушы да менмін» дейді. Қадірлі ағайын, Жаратқан баршамызға әз пайғамбарымыздың (с.а.с)  шапағатына лайықты момын мұсылмандар қатарынан болуды жазғай. Мұхаммедтің (с.а.с)  үмметіне лайықты амал-әрекеттерді жасап, ізгі іске ұйытқы болып, жақсылықта жарысайық. Алла тағаланың алдында ілгергі-кейінгі күнәлары кешіріліп қойған, күнә атаулыдан пәк пайғамбарымыз есеп сәтінде Хақ иесінің алдында сәжде қылып,  Алланың «Иә, Мұхаммед, не қалайсың?» дегенінде, Ұлы Ұстаз, әз елші Мұхаммед (с.а.с): «Иә, Раббым. Үмметім, үметім, үмметім» деп, жалғыз ғана үмметінің хәліне алаң болды. Ардақты ағайын, үмметі үшін уайым кешкен пайғамбарымыздың(с.а.с)  шапағатына лайықты болуға тырысайық. Алла баршамызды ізгі құлдардың қатарынан қылғай» деп сөзін түйді бас мүфти.

Ғибратты уағыздан соң бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Елорда жұртшылығымен жұма намазын оқыды. Жеті мыңға жуық жамағат қатысқан жұма намазынан соң қасиеттіҚұран аяттары оқылып, Ержан қажы ел мен жердің амандығын тілеп, Жаратқанға дұғажасады.

 

 

 

«Нұр Астана» орталық

мешітінің баспасөз қызметі

Бөлісу: