26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Жолдау – ел дамуының жоспары (ФОТО)

Мешіт тынысы
Жарнама

Бүгін елорда имамдарының жылдық қорытынды жиынында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы халыққа Жолдауы талқыланды. Кең ауқымда өткен басқосуға ҚМДБ наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы, Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Ершат Оңғаров, Оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі Бақтыбай Бейсенбаев және мешіт имамдары, бірқатар БАҚ өкілдері қатысты.

Президенттің «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауы дін өкілдері үшін де өзекті болып отыр. Елбасы Жолдауында елдің әркез өсіп-өркендеуінің сан-салалы жолдары қамтылып, жахандық ахуалдағы Қазақстанның рөлі айқындалып келеді. «Қазақстан халқына Президентіміздің жылсайынғы Жолдауы еліміздің ертеңі үшін салиқалы бағыт-бағдар құрып, болашаққа жоспарлы қадам жасайтын мемлекеттің қалыптасқанын көрсетеді. Осы Жолдаудан аларымыз да, түйеріміз де көп» деп  бастады наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы өз баяндамасын.

«Жолдау – қазіргі әлемдік экономикалық, саяси, рухани дағдарыс жағдайында ел тағдырын тығырықтан алып шығар, уақыт талабына сай бағытталған тарихи құжат. Елбасымыз елімізді ең дамыған 30 елдің қатарына қосу үшін ұзақ мерзімді бірқатар міндеттерді алға қойды. Бұл қатарда дағдарысқа қарсы және құрылымдық жаңартудың бес бірдей бағыты ұсынылды. Осы аталған бағыттар бойынша қаржы секторын тұрақтандыру, ел қазынасын оңтайландырып, Ұлттық қор қаржысын жаһандық жағдайға бейімдеу, экономикалық бәсекелестік жағдайында ішкі ресурстарды барынша босату міндеттері айтылды. Сонымен қатар, халықаралық қаржы орталығы аясында исламдық қаржы, қайта сақтандыру салаларын жүйелендіру мәселелері де Жолдауда айтылды. Ертеңіміз үшін бүгінгі күннен бастап әзірлік жасау Елбасы Жолдауында әркез жеткізіліп келеді. Асыл шариғатымызда да адамзаттың ізгісі қоғамға пайда әкелуші болғаны деп сипатталады. Биылғы Жолдау да еліміздің жарқын болағашы үшін жасалған нақты жоспар деп білеміз» деді Н.Тағанұлы.

Наиб мүфти тыныштық тұрағына айналған егемен елдің дәстүрлі Жолдауы дін саласындағы қызметке де күш беретінін атап өтті. «Дін саласы өз руханиятын өрге көтеруді көздейтін кез келген елдің асыл мұраты саналады. Біздегі бейбіт те мамыражай тұрмыс-тіршілік, дінаралық әрі халықтар, ұлттар арасында қалыптасқан сыйластық пен түсіністік Елбасымыздың салиқалы, салмақты саясатымен жүзеге асып келеді. Дінаралық түсініспеушілікке Қазақстан қоғамында жол берілмейтінін Мемлекет басшысы үнемі айтады. Сондай-ақ бүгінде халықаралық сипатқа ауған дінді бетперде еткен түрлі экстремистік ағыммен күресудің жүйелі де ұйымдасқан, бірлескен бағдарламасын құру бастамасын Президентіміз Н.Назарбаев үлкен мінберлерде баяндаған болатын. Дін қызметкерлері ретінде осы бастамаларға біз бірауыздан қолдау білдіреміз. Ел ішіндегі дәстүрлі танымымызға жат ағымдармен күрес жүргізу біз үшін де басты міндеттердің бірі болып табылады» деді Н.Тағанұлы.

Дін өкілдерінің жылдық есеп жиынында Мемлекет басшысының маңызды құжаты жөнінде «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаевтың да өз айтары болды. Б.Өткелбаев «Жігерді жонған Жолдау» тақырыбында тұщымды баяндама жасап, ел руханияты мен мәдениетін, мемлекеттің ішкі қауіпсіздігі мен тұрақтылығын сақтауда Елбасы Жолдауы әруақытта маңызды рөлге ие екенін жеткізді.

«Елбасымыздың Жолдауында бүгінгі ахуал жетістіктерімізді сынға алып, елдікті шыңдайтын уақыт екені, жауапты сәтте бірлігімізге мығым болып, ел игілігі үшін аянбай тер төгуіміз, бәріміздің біріміз, біріміздің бәріміз үшін жұмыла еңбек етуіміз керектігі баса айтылды. Дін адамы – ол халықтың адамы. Сол үшін де дін қызметкерлері елді ынтымаққа, бірлікке, татулыққа, төзімділікке, парасаттылыққа шақырулары қажет. Осы жолда, Жолдауда айтылғандай, халыққа қалтқысыз қызмет қыламыз» деді Б.Өткелбаев.

Елорда имамдары да өз кезегінде ел ертеңі үшін жасалған әрбір қадамның құнын жоғары бағалайтындықтарын айтып, қолдау білдірді.


ummet.kz-ақпарат 

Бөлісу: