26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Елорда имамдары жылды қорытындылады (ФОТО)

Мешіт тынысы
Жарнама

Бүгін «Тілеп-Қобыз» сарайында Астана имамдарының жылдық қорытынды жиналысы өтті. Отырыста осы жылдың жемісті жетістіктері мен жіберілген кемшіліктері сарапқа салынып, келер жылда атқарылуы тиіс ауқымды істер жобасы пысықталып, талқыланды. Қаладағы 8 мешіттің бас имамы еңсерілген игі істерді тізбектеп, ҚМДБ наиб мүфтиі, Астана қаласының өкіл имамы Наурызбай қажы Тағанұлына баяндап берді.

Жиында наиб мүфти ҚМДБ тарапынан бекітілген негізгі бағыттар бойынша астаналық имамдардың атқарған жұмыстарымен танысты. Еске сала кетейік, ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы ел руханиятын жаңа белеске көтеру мақсатында екі жыл қатарынан «Дін мен дәстүр жылы» деп жариялап, осыған орай дін қызметкерлеріне төрт бағыт бойынша жұмыс істеуді тапсырған болатын. Бас мүфти қойған басты талаптар үгіт-насихат жұмыстарын жандандыру, қайырымдылық шараларын ұдайы ұйымдастыру, теріс пиғылды ағымдармен күрес, сондай-ақ мешіт жанынандағы сауат ашу курстарының қызметін жүйелендіру сынды салмақты міндеттерді алға қояды.

Қаладағы 8 мешіттің бас имамы мен «Зекет қорының» Астанадағы өкілдігі жыл ішінде атқарылған шаралар ауқымы жайында баяндама жасады. Дін өкілдері есебінде жоғарыда аталған бағыттар бойынша уағыз-насихат жұмыстарының нақты көрсеткіштері, қайырымдылық шаралары мен осы мақсатта жұмсалған қаражат көлемі, діни әрі ұлттық, мемлекеттік мереке-мейрамдарда мешіт көлемінде атқарылған іс-шаралар мен бағдарламалары кеңінен көрініс тапты.

«Бас мүфтиіміз мешіттердің жай ғана құлшылық орны емес, үлкен мәдениет үйіне айналуы тиістігін айтып, дін қызметкерлерінің халықпен ете жақын араласып, түрлі мәдени-сауықтыру, спорттық сайыстар мен білім бәйгелерін ұйымдастыруды тапсырды. Биылғы жылды да жемісті аяқтап отырмыз. Осы қалпымыздан жаңылмай, алдағы уақытта да бүгінгі биігімізден кем түспеуіміз керек. Бүгінде елорда имамдары қоғамның сан саласымен тығыз байланыс орнатып, әртүрлі әлеуметтік ортада дәстүрлі дін насихатын жүргізіп келеді. Ақпарат айдынында елорда руханияты ілкімді істерімен көрініп отыр. Халықтың һәм Хақтың жолында талмай-тынбай, абыройлы еңбек ете берулеріңізге тілектеспін» деп наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бүгінгі қорытынды жиынның бағасын берді.

 

ummet.kz-ақпарат 

Бөлісу: