26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Кең пейілді кемімес...

Мешіт тынысы
Жарнама

Астана қаласындағы «Әс-Сәлам» мешіті құрбан айт күндері «Раббың үшін құрбан шал!» қайырымдылық акциясына үлестерін қосты.

Мешітте құрбан малдары шалынып, тұрмысы төмен 105 отбасының әрқайсысына 5 келіден жалпы саны 525 келі ет үлестірілді. Аталған қайырымдылық акцияда көмек алған кісілердің қатарында өзге ұлт өкілдері де болды. Мереке барысында өзбек, татар, башқұрт және орыс ұлттарына да құрбан еттері берілді.

 

 Сырқаттарға тосын сый

Игі шараның басы-қасында жүрген «Әс-Сәлам» мешітінің бас имамы Нұрбол Абсаттарұлы №1 қалалық ауруханаға арнайы барып, сырқат жандарды зиярат етті. Құр қол бармай, көңілі құлазыңқы жандарға сый-сияпат жасады. Мұндай тосын сыйды күтпеген сырқат жандар мешіттің ізгі шарасына риясыз ризашылықтарын білдірді.

Мұқтаждар бір қуанды

«Теміржолшылар» елді-мекеніндегі тұрмыс ахуалы төмен, көп балалы 5 отбасының әрқайсысына мешіт атынан 3000 мың теңге көлеміндегі жалпы сомасы 15 000 мың теңгені құрайтын азық-түлік таратылды. Мұндай қайырымдылық пакеттерге қол жеткізген мұқтаж отбасылар құрбан айттың шынында құт мереке екенін сезінді. Сондай-ақ, құрбан айт мерекесіне орай мешітке келген балаларға сыйлықтар тарту етілді.

Сіздерден де мұқтажы бар ма?

Айтпақшы, айт күні мұқтаж отбасыларды аралау барысында мына көрініс шүкіршілік пен тәубені тағы бір еске салды. Мешіттің бас имамы Н.Абсаттарұлы көмек керек еткен отбасыларды аралап жүріп:

- Сіздерден де мұқтажы бар ма? – деп сұрай жүрді. Сонда құрбан етінен тиесілісін алған бір кісі:

- Мына жақта үлкен бір кісілер бар, - деп жөн сілтеді.

Әлгі кісінің нұсқауымен жүріп, қарттың үйіне келдік. Бізді есік аузынан кейуана қарсы алды. Ұлық мерекемен құттықтап, құрбандық етімізден ол кісіге табыстадық. Қарсы бөлмеде төсек тартып жатқан кісіні көзіміз шалып, қарт ананы бір-екі ауыз сөзге тарттық.

-Төсекте жатқан менің қызым. Жасы 56-да. Осылай жатқанына бес-алты жыл болды. Өзім қараймын. Жүріп-тұра алмайды. Ауызбен тамақ іше алмағандықтан, мұрын арқылы арнайы түтікше арқылы сығылған жеміс суларымен тамақтандырып, бағып-қағып келемін. Оның тілі, менің көзім жоқ. Күнделікті жағдайымыз осы, - деді қарт ана мән-жайын баяндап.

Өмір жолының соқтықпалы, соқпақты болып келетіні белгілі. Бұралаңы мен бұлтарысы көп өмір жолында небір қиын сәттер болып жатады. Дегенмен, сынағы көп жалған өмірде біреу тойып, енді біреулер тоңып секіреді. Құрбан айт күніндегі мұқтаждармен жүздесуімізде «тоңып секіргендердің халі», мен «мал қайғысынан да, жан қайғысының» қасіреті қаншалықты ауыр екенін көрдік. «Тәуба» дегізер мұндай жәйттерді тілмен жеткізе алмаспыз... Дегенмен, жүрек сезінді...

 

 

 

 

Бөлісу: