26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

«Әлжан ана» мешіті госпиталь ұжымына ауызашар жасады (ФОТО)

Мешіт тынысы
Жарнама

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы биылғы Рамазан үндеуінде халықты ораза айында сауапты істерге жұмылып, қайырымдылық шараларын жиі өткізуге шақырған еді. Осы орайда ҚМДБ-ның Астанадағы өкілдігінің ұйытқы болуымен, наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен елорда ендігінде түрлі әлеуметтік ортада ауызашарлар беріліп, мұқтаж жандарға қайырымдылық көрсетіліп келеді.

Осындай сауапты істің кезегі «Әлжан ана» мешітінің ұйымдастыруымен елордадағы Ұлы отан соғысы ардагерлеріне арналған орталық клиникалық госпитальда өткізіліп, ауызашар жасалды. Госпиталь ұжымымен "Әлжан ана" мешітінің бас имамы Ермек Мұқатай мен "Нұр Астана" орталық мешітінің наиб имамы Жандос Айтбай кездесіп, ғибратты отырыс өтті.  

Адамзатты ізгілікке шақыратын, адамгершілікке үндейтін қайырымды істің бірі – ауызашар беру. Бас имам Ермек Мұқатай ақ дастархан басында айлардың сұлтаны рамазанның қадір қасиеті мен ораза тұтудың құндылықтары жөнінде ақ халатты абзал жандарға кеңінен әңгімелеп  берді.

– Бүгінде технология дамыған сайын адамдардың бір-бірімен жақын әңгімелесуі, сұхбаттасуы, етене араласуы тым  сиреп кетті. Ауызашардың ең бір кереметтілігі – жұртшылықты бір дастархан басына жиып,  ғибратты әңгімелер тыңдауға,  имандылықты күшейтуге, ислам құндылықтарын насихаттауға, қоғамды тәрбиелеуге  ықпал етеді.   Ардақты пайғамбарымыздың хадистерінде айтылғандай, ораза ұстаған жанның екі қуанышы болады. Біріншісі – ауызашарда, екіншісі – Алламен қауышатын күні. Алланың разылығы үшін  қауырт жұмыс пен қарбалас тіршіліктің ауыртпалығына қарамай ауыз бекіткен  баршаларыңыздың ниеттеріңіз қабыл болсын, құлшылықтарыңыз арта берсін,  - деді «Әлжан ана» мешітінің бас имамы Ермек Мұқатай. 

Ақ дастархан басына жиналған дәрігерлердің қатарында қажылық сапарға барып келген қызметкерлер де бар екен. Олар да өз ретінде асыл дініміздің игілікті істер жасауға үндейтінін, ұжым қызметкерлері арасында жыл сайын ораза  ұстаушылардың саны артып келе жатқанын жеткізді.  Тіпті, ауызашардың өзін мереке санайтындықтарын айтып,  домбырамен  ән шырқасты.

– Ауызашар берген жанға Алла сансыз  сауаптан жазатынын білеміз. Біздің ұжымға келіп, дін туралы түсінігімізді кеңейтіп, тағылымды әңгімелеріңізді тыңдауға мүмкіндік алғанымызға ризамыз. Мешіт ұжымына өз алғысымызды білдіреміз, - дей келе госпиталь директоры Әділхан Абдуллин бас имам Ермек Мұқатайға мекеме атынан сый-сияпат көрсетті. Бас дәрігер арнайы тапсырыспен салынған түркі жұртының мақтанышы һәм ғұламасы Ахмет Яссауи кесенесі бейнеленген суретті бас имамға тарту етті.

Отырыс соңында ұжым қызметкерлеріне мешіт тарапынан діни кітаптар таратылды.


 

 

 

 
Бөлісу: