Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Сыр өңіріне жасаған ресми сапарында Қызылорда қалалық «Айтбай» мешітінде жұмыс кеңсесінің ашылу рәсіміне қатысты.
Салтанатты іс-шарада Бас мүфти ғимараттың негізгі жұмысымен танысып, дін жолында қызмет етуші имамдарға құтты-берекелі ошаққа айналуын тіледі.
«Айтбай» мешітінің шаһар тұрғындарының рухани ордасына айналғанына ғасырдан асты. Тіпті қаншама жылдар бойы Қызылорда облысының орталық мешіті болды. Дегенмен мұндай көне әрі тарихи мешітте жұмыс істеудің орны бір бөлек. Жамағат бір жағынан көненің көзін іздеп келеді, екінші жағынан құлшылығын жасайды. Қазіргі жаңа мешіттерде арнайы кеңсе, бас имам бөлмесі қарастырылған. Ал мұндай ескі ғимаратта бұл жағы қарастырылмаған. Имамдардың жұмысына оңтайлы болуы үшін осындай бастама қолға алынды Сыр имамдарының жұмыс істеуіне қолайлы, оңынан болсын» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Сонымен қатар ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы, Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Дәлелханұлы, Қызылорда облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Әбішұлы мен облыстық дін істері басқармасының басшысы Қуаныш Қуантқанұлы да тарихи мешіттің имамдарына құтты болсын айтып, істеріне береке тіледі.
Айта кетейік, тарихи мешіт жанынан бой көтерген ғимарат құрылысы 2020 жылы басталып, биыл аяқталған болатын. Офисте бас имам мен наиб имамдарға арналған жұмыс бөлмелері мен кеңсе, шәкірттерге арналған дәрісхана, аударма және т.б. сынды 7 бөлме бар. Жаңа ғимаратта мешітке келуші жамағатқа діни дәрістер беріліп, араб тілін жетік меңгерген мамандар аударма жұмыстарымен айналысады.