26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Пайғамбар (с.ғ.с) Құрбан айтты қалай өткізген еді?

Пайғамбар (с.ғ.с) Құрбан айтты қалай өткізген еді?

Құрбан Айт
Жарнама

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдинаға көшкенде, жергілікті адамдардың жыл сайын тойлайтын екі күні болатын. Алла Тағала сол екі күнді ораза және құрбан айт мейрамдарымен алмастырған.Әнас ибн Мәлик (р.ғ.): «Жәһилият кезінде адамдардың әр жылы тойлайтын екі күні болған еді. Пайғамбар (с.ғ.с.) Мәдинаға келген кезде: «Сендердің тойлайтын екі күндерің бар еді, Алла ол екеуін ол екеуінен де жақсырағымен алмастырды: ауыз ашар күні, (яғни Рамазан оразасының аяқталатын Ораза айт күні) және құрбандық күні (яғни құрбандық шалынатын Құрбан айт күні)»,-деді»,-деген.

Сол уақыттан бері барлық мұсылмандар үшін осы атаулы мереке ең қуанышты күндердің біріне айналған.Ораза және Құрбан айт намаздары алғаш рет Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдина шаһарына қоныс аударған жылы оқылған. Сондықтан бұл мейрам айт намазын оқумен басталады. Айт намазы – жұма намазы парыз болған адамдардың барлығына уәжіп. Себебі Пайғамбар (с.ғ.с.) адамдардың айт намазына шығуына әмір берген.

Ибн Аббас (р.ғ.): «Алла Елшісі (с.ғ.с.) отбасын айт күні шығарғанды жақсы көретін. Біз (айт намазына) шықтық. Ол (с.ғ.с.) азансыз және қаматсыз намаз оқыды. Сосын адамдарға құтпа оқыды»,-деді.

Құрбан айт күні жақсылап ғұсыл құйынғаннан (денені толықтай жуу) кейін әдемі, таза киімдерін киіп, үстіне хош иіс сеуіп, мешітке айт намазына бару – мұстахаб (жақсы амалдарға жатады). Абдулла ибн Амр әл-Астың (р.ғ.) айтуынша, бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Құрбан (айт) күнін мереке ретінде атап өтуге маған бұйрық келді. Бұл күнді Алла тұтас үмбет үшін мереке қылды», – деді. Осы кезде бір кісі: «Ей, Алланың Елшісі (с.ғ.с.)! Менде елдің аманат ретінде табыстаған малынан басқа мал жоқ, сол малдан бауыздауыма бола ма?»,-деп сұрады. Оның құрбан шалуға жағдайы жоқтығын ұққан Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Жоқ, шаш-тырнағыңды қысқартып, мұртыңды алып, ұятты жердің түгін алғаның да жеткілікті. Бұл сен үшін Алланың алдында құрбандық шалғанмен тең», - деді.

Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) шалған құрбанының сауабын үмбетімен де бөлісетіндігі риуаят етіледі. Сахаба Жәбір ибн Абдулла былай дейді: «Пайғамбарымызбен бірге құрбан айт намазын оқыдым. Ол (с.ғ.с.) намаздан шығып, бір қошқар алып келді. Оны құрбандыққа шалып жатып: «Бисмилләһи Аллаһу әкбәр. Уа Раббым! Бұл (құрбандық) менің және үмбетімнің ішінен құрбандық шала алмағандар атынан», – дейтін еді.

ummet.kz

Бөлісу: