25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Құлшылық артық па әлде білім бе?

Сұхбат
Жарнама

Құлшылық артық па әлде білім бе? Бізге кейбір мұғалімдеріміз: «Алла тағаланың алдында білімді адам құлшылық жасаушыдан артық»,– деп намаз оқитындарды кемсіткендей сыңай танытады. Бұған не дер едіңіз?

Негізінде Ислам дінінде укеуінің де өмірде орны мен мәні ерекше зор. Бұлар – бірінсіз бірі жүрмейтін, бір ақиқаттың екі жүзі. Адамның бойында жан мен тәннің орны қандай болса ол екеуі де сондай қажеттілік. Бұл «адамның жүрегі артық па па әлде миы артық па?» деген сұрақ секілді. Ислам дінінде екеуінің де өзіндік орны бар. Ислам тек қана соқыр сенімге негізделген, ешқандай ой-санасыз, құлшылықты не үшін жасайтынын да білмейтін діндарлықты да қаламайды. Құлшылық жасау үшін алдымен Алланы танымақ керек. Ал, Алланы тану білімсіз жүзеге аспайды. Ал Оны танытпаған білімді «толық білім» деп айтуға келмейді. Себебі, қазіргі кездегі білім, түптеп келгенде тек материалды жалған дүниенің физикалық заңдылықтарымен ғана шектелген. Әрине, шектеулі ғылымның әлемнің алғашқы жаратылысы, дүниенің ақыры және одан кейінгі әлемнің қандай күйде болатындығына тұщымды жауап бере алмасы бесенеден белгілі. Әсілінде, ақыл-ой – Алланы табуға, тануға, Оған тағзым етуге жетелейтін маңызды құрал. Сондықтан Алла Тағала өзі жаратқан жанды-жансыздардың ішіндегі ең тектісі болып табылатын адамға өз бойындағы ой-санасын негізге ала отырып, терең пайымдауды насихат етеді. Құранда: «Ол сондай Алла Тағала, демалу үшін түнді, тіршілік қылып әрекет етулеріңіз үшін күндізді жарық етіп жаратты. Мұнда зер салып тыңдайтындарға (саналылар мен терең ойлайтындарға Алланы көрсететін) бұлтартпас дәлелдер бар,» – делінеді («Юнус» сүресі, 67).

Жаратылыстың сан алуан сырын саналы, ойлы пенделерінің ғана ұғатындығын көрсете отырып, Алла Тағала Құранда: «Даусыз, көктер мен жердің жаратылуында, түн мен күннің алма-кезек ауысуында ақыл-ой иелері үшін айқын дәлелдер бар»,- дейді («Әли-Имран» сүресі, 190). Расында да, көктегі ай мен күннің белгілі бір тәртіппен шығуы мен батуында, алып аспан денелерінің мүлтіксіз айналуында зерделі жандар үшін сансыз дәлелдердің бар екендігі айдан анық.

Жоғарыдағы аят мағынасының тереңдігі сондай, Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл аятты еске алған сайын шартарапты санамен шарлап, түпсіз терең ой ағынынан шыға алмайтын. Сөйткен Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бірде: «Бұл аятты оқып, ой жібермеген адамның жағдайы қандай өкінішті!» – деген екен.

Үммүсәләмә (р.а.) анамыздың айтқанына жүгінсек, аталмыш аят түскенде һәм кейіннен осы аятты оқыған сайын, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көзіне жас алатын болған. Екі жаһан сұлтаны (с.ғ.с.) бірде тәһәжжуд (түннің бір бөлігінде оқылатын нәпіл намаз) намазында осы аятты оқып көз жасын тыя алмайды.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бірде: «Бір үйдің тірегі – оның іргетасы, ал діннің тірегі – Хақ Тағала жайлы мағрифат (терең білу) жасап, жамандықтан тыятын ой-сана иесі болу»,- дегенде, Айша анамыз (р.а.): «Жамандықтан тыятын ой-сана деген не?» – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кісіні Жаратушысына қарсы қоймай, қайта оның Жаратушы иесіне құлшына мойынсынуына дәнекерлік ететін ой-сана» – деп жауап қайтарған екен (А. Қушайри, ар-Рисалатуль-Қушәйрия , Каир, 1987, 398 б.).

Жоғарыда айтылғандай білімсіз жанның Алла Тағаланы тани алмайтындығы, керісінше, ғылымға көзі ашық кісілердің Алланы тануы анағұрлым нәтижелі, пайымды болатындығын тілге тиек еткен Зуннун Мысри бұл жайлы: «Алла Тағала жайлы ең көп білетін кісі – Оған басқаларға қарағанда неғұрлым көбірек таңырқап, бас шайқайтын кісі», – деп ұтымды айтқан. Құран да осы бір ақиқатты айшықтап: «Шындығында, құлдарының ішінен Алладан шын қорқатындар – ғұламалар» («Фатыр» сүресі, 28) – деу арқылы ғалым, көкірек көзі ояу кісілердің Жаратушысын танудағы ерекшеліктерін арнайы атап өтеді. Расында да, бүтін ғаламның жаратылысынан бейхабар, тек бір күндігін ғана ойлап, көп нәрсеге өресі жете бермейтін адамға қарағанда, жаратылысқа ойлы жүзбен қарай білетін ойлы жанның деңгейі бір емес. Сондықтан да Хақ Тағала: «Оларға: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» – деп айт»,– деген («Зумәр» сүресі, 9)

Адам Алла Тағаланы қаншалықты жақсы біліп, Оны қаншалықты жақыннан таныған сайын, Оған деген ынтасы, махаббаты артып, әдепті құл болады. Жаратушыны тануға тақуа мүмін де, дінсіз пенде де зәру. Тану арқылы сенімсіздер иман нұрына бөленіп, адасқандар тура жол таппақ. Ал, құлшылық мәнін тереңірек түсіну тұрғысынан Ұлы Жаратушыны терең тани білу – мұсылман деген қасиетті атқа ие мүмін жандар үшін де өте маңызды. Сондықтан Жаратқан иеміз Пайғамбарымызға: «Уа, Раббым! Білімімді арттыра гөр!» – деп айт» («Таһа» сүресі: 20) деп уахи түсіру арқылы білім үшін дұға жасау керектігін аңғартқан. «Алла тағала сендердің араларыңнан иман келтіргендердің, сондай-ақ, өздеріне ілім нәсіп болғандардың дәрежесін көтеріп, мерейін өсіреді»,– («Мужәдәлә» сүресі, 11) деген аят та бізге ілімді болудың қаншалықты абыройлы мәртебе екендігін көрсетеді.

Осы Құран тәлімінен сусындаған ардақты Пайғамбарымыз да өз хадистерінде білім-ғылымның маңыздылығын былайша атап көрсеткен: «Алла тағала кімге жақсылық қаласа, соған дінді терең білуді нәсіп етеді» (Бұхари, ильм 10; Муслим, имара 175), «Ғылым іздеу – бүкіл мұсылманға парыз» (Хәйсәми, Мәжмәуз-зәуәид уә мәнбәул-фәуаид), «Кімде-кім ғылым жолына түссе, Алла тағала оған жаннаттың жолын жеңілдетеді» (Муслим, зикр 39). «Дінді терең білетін бір ғалым, сайтанға қарсы тұруда мыңдаған (білімсіз) құлышылық жасаушыдан күшті», «Ғылымның өшіп, надандықтың жайылуы қияметтің белгілерінен»,– деген (Муслим, Илм, 8);

Абдуллаһ ибн Масғуд (р.а.) «Ғылым жоқ болмай тұрып оқыңдар! Ғылымның жоғалуы ғалымдардың дүниеден өтуімен орын алады. Алланың атымен ант етемін Алла разылығы үшін өлген шынайы шейіттер ғалымдарға берілген жоғары дәрежелерді көргенде, ғалым болу үшін дүниеге қайта келуді тілейді» – дейді. Абдуллаһ ибн Аббас (р.а.): «Мен үшін түннің азда болса бөлігін ғылым үйренумен өткізу түні бойы ғибадат (Алла тағалаға құлшылық) етуден жоғары» – дейді.

Құранның ең алғаш «Оқы» деп түскен бұйрығы екі әлемді қатар оқуды білдіреді. Сондықтан да сыртқы әлем мен адамның ішкі дүниесін танытқан ғылымды ғана шынайы ғылым деуге болады. Адамды Алланы алшақтататын жалаң мәліметтерді ғылым деп атауға келмейді. Сондықтан Пайғамбарымыз: «Аллаһумма инни аузу бика мин илмин лә янфау уә мин уә мин қалбин лә яхша уә мин дәуатин лә юстәжәбу ләһу», «Алла Тағалам, Пайдасыз ілімнен, қорықпайтын жүректен, қабыл болмайтын дұғадан Өзіңе сыйынамын!»,– деп дұға тілеген.

Алланы тану тек иләһи ақылдың күшімен жүзеге асады. Әйтпесе, жұмыр басты пенденің шектеулі ой-санасы құдіреті шексіз Жаратушыны толық қамти алмайды. Сондықтан да адам баласы әрдайым иләһи ой-санаға мұқтаж.

Олай болса, адамның негізгі міндеті – иман келтіру. Ол бұл өмірге иман келтіріп, иманын іліммен толықтыру үшін келген. Шынайы ілімнің негізі мен рухы – Ұлы Жара-тушыны тану. Сонан кейін Алла Тағаланың бар екендігіне иман келтіру. Негізінде ғаламдағы сансыз құбылыстарды зерттеп, терең танып білген шынайы ғалымдар тым жіңішке жолмен жігі жатқызылған жүйеге таңғала отырып, Ұлы Жаратушының хас шеберлігіне бас иіп мойынсына білген.

Ғаламзаттағы тау, тас, жер, топырақ, күн, ай, жан-жануар, өсімдік, жәндік атаулының барлығының да тек адамзат игілігі үшін жаратылғандығы - оның аса бір ардақты жаратылыс екендігінің дәлелі. Ендеше, өзіндік ақыл-ес, сана-сезім, түйсігімен дараланатын адам баласының бұл өмірге келуіндегі ең әуелгі міндеті – әлем жаратылысындағы осынау терең сырды түсініп, өзін қадірлі етіп жаратқан Жаратушысын тану. Оның құдіреттілігі мен ұлылығының алдында бас иіп, өзінің әлжуаздығы мен дәрменсіздігін сезініп, құлшылық ету. Абайша айтар болсақ: «Ақылды адамға – иман парыз, иманды адамға ғибадат парыз». Осылайша Абай атамыз біздің айтқандарымыздың бәрін бір ауыз сөзге сыйдырып берген. Сондықтан мен де жауабымды осы сөзбен түйіндегенді жөн көрдім.

 

 

 

Алау Әділбаев

Исламтанушы, Ph.D докторы

Бөлісу: