26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Халқымыздың Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) сүйіспеншілігінің өлең-жырлардағы көрінісі

Халқымыздың Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) сүйіспеншілігінің өлең-жырлардағы көрінісі

Дәстүр даналығы
Жарнама

Адамзаттың ардақтысы Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) баға жетпес ахлақы, жібектей жұмсақ, сүттей ақ, судай мөлдір мінез-құлқы, таудай заңғар данышпандығы мен теңіздей терең ақылдылығы он төрт ғасыр бойы үмбетін өзіне тәнті етіп келеді. Оның сәт сайын саны артқан үмбеті Оның өнегелі өмір жолын, мінез-құлқын «қасиетті сүннет» деп ұстануда. Оның жақсылыққа бастайтын темірқазық іспеттес әрбір сүннетін ұстану арқылы Оған деген сүйіспеншіліктерін іс жүзінде дәлелдеуде.

Осы көштің жолында, «Хаққа құл, расулға үмбет әзелден біз», – деп мұсылман екенін мақтан ете отырып, жырға қосқан қазақ халқының да Хақ пайғамбарға деген сүйіспеншіліктері шын жүректен әрі уыздай пәк еді. Мұны Нұржан ақын:

Хақ жолдан орнымыз жоқ тоқтап қалған,

Кәмілміз ықтиқаты нықтап қалған.

Расулға иман келтіріп, Алла бір деп,

Үмбетіміз деп сәлемін сақтап қалған,[1] − деп жырлайды. Халқымыздың ғасырлар бойғы жүрек үнін паш еткен өлең-жырларына үңілсек олардың Алла Тағаладан хазірет Пайғамбарға (с.ғ.с.) «Егер Алланы жақсы көрсеңдер мені үлгі етіп алып, соңымнан еріңдер, сонда Алла да сендерді жақсы көріп күнәларыңды кешіреді. Алла Тағала тым кешірімді, әрі аса Рақымды» (де),[2] – деу арқылы мұсылмандарға айтқан бұйрығын орындауға тырысқандығын көреміз.

Демек, Алланы сүю – Пайғамбарды сүйіп, оның салған тура жолымен жүру деген сөз. Оның ізі – Алла Тағаланың разылығына алып баратын ең тура бағыт. Оның ізі – бақыттың жолы.

– Бақыт қайда барасың?

– Үйінде тұрған Құраны, Расул Алла ұраны,

Тәртіпті үйге барамын, – деп жырға қосқан ақындарымыз халқымызды осы жолға үндеген.

Алла Тағала Құранда Пайғамбарымызға (с.ғ.с.): «Шындығында сен тұп-тура жолды, Алланың жолын көрсетудесің!»,[3] − дейді. Осы шұғылалы жолмен халқымыз да жүріп, жөн сілтеуші Пайғамбарын шын жүректен шыққан жырларына қосқан.

Расул Алла – ғаламға гауһар шырақ,

Осы сөз өзге сөзден артығырақ,[4] – десе, енді бірде:

Расул Алла – ғаламға бір бәйтерек,

Ұзыны көкке жетер сондай биік,[5]– деп оны (с.ғ.с.) теңдессіз бір бәйтерекке теңеп, адамдарға жол көрсетуші гауһар шырақ деп мақтан етеді.

Құран Кәрімде Алла Тағала: «Сен үшін түгесілмейтін қазына бар. (Өйткені) Сен керемет көркем мінез-құлыққа иесісің»[6]; «Алла Расулының бойында сендерге үлгі боларлық керемет қасиеттер бар»[7]; «Ей, адамдар! Сендерге өз араларыңнан бір пайғамбар келді. Сендер бір қиындыққа ұшырасаңдар – оған ауыр тиеді. Сендерді өте жақсы көреді. Мұсылмандардың бәріне тегіс мейірімді, әрі рақымды»[8], − деп Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) керемет көркем мінез-құлық иесі екенін айтады.

Міне, осындай асыл қасиеттер тумысынан бойында бар ардақты Пайғамбарға Алла Тағала : «Біз сені ғаламға рақым етіп жібердік»[9], – дейді. Құран Кәрімдегі Алла Тағаланың айтқан осы мадағын ақындарымыз рақым Пайғамбарға (с.ғ.с.) деген сүйіспеншіліктерінен туындаған жыр жолдарына негіз еткен:

Жаратты Хабибісін Егем Рахман,

Екі ғалам үстіне Сәруар қылған.

«Уа ма арсәлнака илла рахматән лилғаламин»[10] – деп,

Рахметін өзіменен бірдей қылған.[11]

Осыған ұқсас тағы бір өлең жолдарында:

Әуелі Пайғамбардың нұрын етті,

Он сегіз мың ғаламнан бұрын етті.

Алла Тағала өзіне досты қылып,

Онан соң оған берді көп үмбетті.

Баршадан артық қылып достым деген,

Дос болған соң Құдайға, көп үмбеттің қамын жеген.

Сипаты Рахмату лилғаламин-дүр,

Ләулік ләмма халақатил-әфлак[12] тәжін киген.[13]

Жалпы, Ислам әдебиетінде үмбеттің хазірет Пайғамбарға (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілігінен, құрметінен туындаған жанрлар көп. Мысалы, сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) есімдері жайлы «Әсмаун-Нәби», өмірбаянын қамтыған «Сира» кітаптары, туылған күніне арнап шығарылған «Мәулидтер», сондай-ақ өмірінде басынан кешірген әрбір оқиғаның өзі бір-бір жанрды құраған, мәселен: «Мираж-наме» (Пайғамбарымыздың миражға шығуы), «Мужизат Нәби» (Пайғамбарымыздың мұғжизалары), «Ғазауат Нәби» (Пайғамбарымыздың қатысқан жорықтары), «Хижрәтун-Нәби» (Пайғамбарымыздың хижреті), «Ахлақун-Нәби» (Пайғамбарымыздың мінез-құлқы) және т.б.

Сондай көркем жанрлардың бірі – нағыт (на‘т). Нағыттардың тақырыбы – ардақты Елшіге (с.ғ.с.) мадақ айту. Бұл жанр арабтармен бірге түркі әдебиетінде де кең тараған.[14] Біздің қазақ әдебиетінде арнайы жанр ретінде өз алдына дамымағанымен, ақын-жырауларымыздың өлең-жырларында Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) айтылған мадақтар көптеп кездеседі. Мысалы, діни қиссаларда міндетті түрде Пайғамбарымызға арналған мадақтар орын алған. Сондай қиссалардың бірі «Қисса-и Салсалда»:

Пайғамбардың әуел асыл түбі – араб,

«Хабибім» деп ат қойған Тәңірім қалап,

Тасбих тартып, намазын тамам қылып,

Фатихасын оқиды қарсы қарап,

Патшалық құрды тақсыр салтанатын,

Тура жолға бастайды тамам халқын.

Дүр-жауһар аузынан сөз шығарып,

Сахабаға айтады насихатын,[15]– десе, «Мұхаммед пайғамбар» атты қиссада:

Мұхаммед үшін жаратты Он сегіз мың ғаламды,

Әр ісінен көрсін деп, Лаух менен Қаламды.

Адам ата, Хауа ана,

Досты үшін бұл һәм жаралды,[16] – деп жырлайды.

«Қисса-и ан хазіреті Пайғамбардың миғражға қонақ болғаны жайлы» деген қиссада:

Жаһанда Мұстафаның артық сәні,

Екі дүние шырағы, ол сұлтаны.

Бейіште Пырақ ғашық Мұхаммедке

Қалайша шыдар бұған үмбет жаны.[17]    Немесе:

Бар Құдай Хабибінің сүйер өзін,

Сүйікті қылған жұртқа айтқан сөзін,[18] – дейді.

Міне, осылайша бір-бірінен асыра отырып, Алла Елшісіне мадақтарын жеткізуге тырысқан қиссашылардан ақындарымыз да қалыспаған. Мысалы, Сыр сүлейі Қаңлы Жүсіп:

Ісімен ағлам деп Ислам дінін,

Танытты Расул өзі білгірлігін.

Жар салды дүниеге әуелден-ақ,

Баршаның қозғағанда көңіл нұрын.

Білген соң шариғаттың шарапатын,

Түсті жол ақ жолына кетпей қырын,

Күншілдің діні елден аластанды,

Тапты жұрт мұсылмандық адал жолын,[19] – десе, Таутан ақын мен Қабан жырау (Қаблиса) арасында өткен айтыста Таутан ақын:

Құдайдың жаратқаны бір бәйтерек,

Төрт бұтақ ол теректе болса керек.

Төрт бұтақта және бір екі бұтақ,

Қабеке, ақын болсаң тапсаң керек, – деп жұмбақ жасырғанда, Қабан жырау:

Бір бәйтерек дегенің Мұхаммедім,

Үш жасында анадан қалған жетім.

Төрт бұтағы сүйікті төрт жары дүр,

Пайғамбарым қорғайды кеп үмбетін..,[20] − деп жауап қатады. Осындай мадақтар халқымыздың Алла Елшісіне (с.ғ.с.) деген ыстық лебізінен туындағаны даусыз.

«Алла мінсіз, әуелден пайғамбар хақ,

Мүмин болсаң үйреніп, сен де ұқсап бақ», – деп дархан даланың дана ойшылы Абай атамыз айтқандай, халқымыз өмірінің әрбір сәтінде оған еліктеуге тырысқан. Тіпті, бастарына қиын-қыстау күндер туғанда әрдайым Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) өздеріне үлгі тұтып, бір-біріне басу айтқан. Мысалы, біреу қаза болғанда көңіл айтушылар:

Ойлап тұрсам жалғаннан,

Бұрынғылар не көрген!?

Мұхаммед өткен Мұстафа

Кім болмаған биқапа,[21] − деп хазірет Мұхаммедті (с.ғ.с.) өлең-жырларына қосқан. Осылайша үйінде біреуі қайтыс болғандарға Алланың ең сүйікті құлының да бұл дүниені тәрк етіп, о дүниеге аттанғанын, Алланың қойған заңына мойынсұну керектігін ескертіп көңіл айтқан.

Кімдер өлмей тұрады

Бұл дүниенің жүзінде,

Мұхаммед те көніпті

Жетімдікке жасында,[22] – деп Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) әрдайым үлгі тұтқан халқымыз, біреудің ата-анасы қайтыс болғанда Оның (с.ғ.с.) өмір жолын еске түсіріп, маңдайына жетімдік жазылғандарға басу айтып, көңілін аулаған.

Ақыретте көз салсын

Баратұғын орынға.

 Білсін Алла жарлығын,

Алдында өлім барлығын,

Құдай досты Мұхаммед

Оның да алған жалғызын,[23] – деп, халқымыз адамның басына келетін ең ауыр қазалардың бірі – бауыр еті баласынан айрылғанда болаттай берік болуға, Пайғамбарымызды еске алып, бір-бірін сабырлыққа шақыра білген. Тіпті басқа түскен әрбір қиыншылықтың өзіндік хикмет-сырлары барын Пайғамарымыздың хадистерінен біліп-үйренген халқымыз былай деген:

Қайғылы пендесіне құдай жақын,

Жылатар пендесінің асыл затын.

Әркімді артық сүйсе – артық қинар,

Достының естиін деп мінәжатын.[24]

Себебі Алла Елшісі (с.ғ.с.) бұл жайында: «Қиыншылықтарға ең көп душар болатындар: пайғамбарлар, сосын одан кейінгі дәрежедегілер.»[25]

 «Алла Тағала бір қауымды жақсы көрсе, оларды қиыншылықтарға душар етеді,»[26] – деп ескерткен болатын. Жаман әдеттерден аулақ жүру жайлы үгіт-насихаттарында да халқымыздың Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) жарқын үлгі етіп алғанын көруге болады. Мысалы, өтірік, ұрлық сияқты жаман қылықтардан тыңдаушыларын жеріту мақсатымен:

Өтірік, ұрлық, зорлық, мекер, қайла,

Бұл үлгі пайғамбардан қалған емес,[27] − деген. Мал-мүлікке құнығу, сол үшін біреудің малына қол созу – бұл да мұсылманға жат қылық. Осыдан жастарымызды тыю үшін:

Бұл дүние имандыға арман емес,

Дүниенің қызығы үшін мал жимаймыз,

Мал, шіркін, ешкімге еріп барған емес.

Бұрынғы пайғамбар мен сахабалар,

Пайда ғып ешкім малын алған емес,[28] – дейді халқымыз.

«Жарлы деп сөкпе, Пайғамбарға тілің тиеді.» Адам баласы мекерленіп, еш уақытта менсінбеушілікке салынып бір-бірін кемсітпеуі керек. Кедей болу – ол адамның міні емес, тағдыр ісі.

Міне, осындай ғибраты мол ескертулерінде халқымыздың Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) еске түсіріп, оны үлгі тұтуы – өмірдің әр белесінде оның жолымен жүріп, бағыт-бағдарын ұстанғандарының бір айғағы.

Материал «Хадис – ғұрпымыз, сүннет – салтымыз» деген кітаптан алынды.

Ummet.kz


[1] Нұржан Наушабайұлы, Алаш, 79-б, (құр: А. Шаяхмет), Қостанай, 1997.

[2] Әл-и Имран сүресі, 31 266 Шура сүресі, 52-53

[3] Шура сүресі, 52-53

[4] Бабалар сөзі, I, 77-б, Астана, 2002.

[5] Бабалар сөзі, I, 99-б.

[6] Қалам сүресі, 4

[7] Ахзаб сүресі, 4

[8] Тәубе сүресі, 128

[9] Әнбия сүресі, 107

[10] Жоғарыда айтылған Әнбия сүресі, 107-аяттың арабша баламасы.

[11] Бабалар сөзі, I, 63-б.

[12] Аудармасы: «Сен болмасаң әлемдерді жаратпас едім». Халық арасында хадис ретінде білінетін осы сөзді кейбір ғалымдар әлсіз хадис деп, кейбіреулер хадис емес деп айтқан. Қрз: Ажлу- ни, Кәшфул-хафа, II, 164-б.

[13] Бабалар сөзі, I, 99-б.

[14] А. Әділбаев, Қазақ халқында Пайғамбар сүйіспеншілігі, Дала мен қала, 7 мамыр, 2004.

[15] Бабалар сөзі, I, 175-б.

[16] Бабалар сөзі, I, 31-32-б.

[17] Бабалар сөзі, I, 80-б.

[18] Бабалар сөзі, I, 80-б.

[19] Қаңлы Жүсіп Қадірбергенұлы, Сайраған бақта бұлбұлдай, 13-б., (құр: Д. Тынышбек, Ғ. Тұяқбаев).

[20] Бабалар сөзі–даналық көзі, 109-б., (құр: О. Исмаилов), Алматы, 1996.

[21] Шортанбай: Толғаулар, айтыстар, дастан, 43-б., (құр: Қ. Мәдібаева, К. Жүністегі), А., 1993.

[22] Шортанбай, 43-б.

[23] Шортанбай, 37-б.

[24] Бес ғасыр жырлайды, I т., 341-б.

[25] Тирмизи, Зухд, 57.

[26] Тирмизи, Зухд, 57.

[27] Бабалар сөзі – даналық көзі, 83-б.

[28] Бұл да сонда, 83-б.

Бөлісу: